Жамбыл облысында қолға алынған жергілікті халықтың табысын арттыруға бағытталған қанатқақты жоба енді «Ауыл аманаты» жобасы аясында жүзеге асырылады. Осылайша, өңір тұрғындары 2,5 пайызбен несие алу арқылы кәсібінің табысын еселеуге күш салады.
2019 жылдан бастап өңірде қолға алынған қанатқақты жобаның жемісті болғанын Үкімет оң бағалап, енді бұл тәжірибені Қазақстанның әр қиырында іске асыруға басымдық беріп отыр. Тиісінше, шаруалар жұмыстарын «Ауыл аманаты» жобасында жүзеге асырмақ. Бұл, әрине, қуанышты жаңалық.
Биыл шаруаларды жеңілдетілген несиемен қамту жұмыстары Жамбыл облысында белсенді жүргізілмек. Шаруалардың тиісті деңгейде қаражатпен қамтылуына «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы айрықша назар аударып отыр. Жұмысын жүргізуге ниетті азаматтарды несиемен қамту үшін 52,4 млрд қаржы қарастырылған.
«2022 жылдың желтоқсанынан бастап республикалық бюджеттен «Ауыл халқының табысын арттыру» жөніндегі жобаны масштабтау үшін микрокредиттер беру» бағдарламасы шеңберінде 6 047 516 000 теңге бөлінген. Мәселен, Жамбыл облысының 10 ауданына қарасты 10 ауылдық округтен жеңілдетілген несиеден үміттілер іріктелді. Олар – Жалғызтөбе, Қаракемер, Жетітөбе, Кенен, Ақермен, Биназар, Бірлікүстем, Абай, Жайылма, Ойық ауылдарының тұрғындары. Бүгінде азаматтардың өтініштері қарастырылып жатыр. Қазіргі уақытта 200-ден аса адам қарыз алу туралы шартқа қол қойды», дейді «Тараз» ӘКК» АҚ басқарма төрағасы Дәулет Әбілқайыров.
Жалпы, ауыл халқының тұрмыстық әлеуетін арттыру мақсатында іске асып жатқан жоба аясында атқарылып жатқан жұмыстарға «Тараз» ӘКК» үлкен үлес қосып келеді. Нақтырақ айтар болсақ, «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» 2021-2022 жылдары 3 аудандағы 253 өтінімді 1,096 млрд теңгеге қайта қаржыландырды. Бұл қайтарылған ақша есебінен мүмкін болды.
Корпорацияның тиімді шарттарын ұтымды пайдалану арқылы жылқы өсіру үшін Байзақ ауданына қарасты Жалғызтөбе ауылдық округінің тұрғыны Қайрат Асанбаев та тиісті қаражатты рәсімдеп, мал шаруашылығын өркендетуге ниет білдіріп отыр. «Қазіргі таңда тиісті несиені рәсімдеп жатырмын. Мен төрт түліктің төресі саналатын жылқы малын өсіру үшін 7,5 млн теңге алуға ниеттімін. Пайыздық мөлшерлеме төмен. Жеңілдетілген несиелеу шарттары тиімді деп санаймын. Сондықтан тәуекелге бел буып отырмын», дейді ол ойымен бөлісіп.
Корпорация басшыларының айтуынша, тұрғындарға ауыл шаруашылығы бағытындағы жеңілдетілген несие беру жұмыстары 2023 жылдың наурыз айына дейін жалғасын табады. Шаруаға бейім тұрғындар межелі мерзімге дейін несиесін рәсімдеп, жұмысын бастап кетуі керек.
Д.Әбілқайыровтың айтуынша, жоба аясында несие алушыларға қойылатын талаптар қиындық тудырмайды. Бизнес жоспар жеке бизнесін ашуға ниетті әлеуетті қарыз алушыдан ғана талап етілсе, мал шаруашылығын дамытқысы келетін қарыз алушы үшін бизнес жоспар әзірлеудің қажеті жоқ.
«Жеңілдетілген несиені алуға ниет білдірушілердің қарасы қалың екені рас. Әйткенмен біз бірінші кезекте жұмысы жоқ азаматтарға басымдық береміз», дейді Д.Әбілқайыров жағдайды түсіндіріп.
Үш жылдың бедерінде айтарлықтай нәтиже берген жобаның Жамбылда одан әрі қарай жалғасатыны тұрғындарды қуантып отыр. Ауылдағы ағайын осылайша мал шаруашылығын өркендетіп, тірліктің өзін, кәсіптің көзін табуға ниетті. Қысқасы, тұрғындардың табысын арттыруға бағытталған жобаның шарапатын көрген ауыл халқының қуанышында шек жоқ.