Былтыр «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде Қазақстанның еңбек тапшылығы бар өңірлерінен 7 923 адам өз еркімен қоныс аударса, оның ішінде 1 320 қандас және 6 603 қоныс аударушы бар. Осы ел ішінде қоныс аударушыларға мемлекет тарапынан қолдау шаралары толығымен көрсетілді.
Ұлттық жоба шеңберінде қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдаудың бірқатар шаралары ұсынылады. Айталық, бір мезгілде отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде көшуге арналған субсидия беріледі. Одан бөлек, отбасы мүшелерінің санына және елді мекенге байланысты 12 ай ішінде 15-тен 30 АЕК-ке дейінгі мөлшерде тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге ай сайынғы субсидиялау бар. Сондай қысқамерзімді кәсіптік оқытуға жіберу және жұмысқа орналасуға немесе кәсіпкерлік бастаманы дамытуға жәрдемдесу де көзделеді.
Былтыр қоныс аударғандардың ішінде 3 652 адам еңбекке жарамды болған. Олардың 2 811-і тұрақты жұмысқа орналастырылса, біржолғы субсидиялар 7 622 қатысушыға төленген. Ал 5633 азаматқа тұрғын үй шығыстары субсидияланады. Бұдан басқа, өңіраралық қоныс аударуға жәрдем көрсететін жұмыс берушілерге тұрғын үймен қамтамасыз етілген және кемінде 2 жыл мерзімге тұрақты жұмысқа қабылданған әрбір жұмыскер үшін 400 АЕК мөлшерінде жұмысқа орналасуға біржолғы субсидия беріледі екен.
Еңбек тапшылығы бар өңірлерге қоныс аудару мүмкіндігін пайдаланғандардың бірі – Нұрболат Мәдиев. Қызылордан Қостанай облысына көшкен ол өзінің осы шешіміне еш өкінген емес. «2019 жылы мен болашақ әйеліммен бірге Әулиекөл ауданына көшіп келдім. Қазір аудандық ауруханада массажист болып жұмыс істеймін. Жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа орналастым. Мен барлық қолдау шараларын алдым, барлығына ризамын. Мұндай бағдарламалар көп болса жақсы болар еді», – дейді қоныс аударушы Нұрболат Мәдиев. Айтуынша, жұбайымен осында көшіп келгеннен кейін шаңырақ көтереді. Қазір жұбайы аудандық ауруханаға гинеколог болып жұмысқа орналасыпты. Жас отбасы бүгінде екінші сәбиді күтіп жүр.
ЕХӘҚМ Көші-қон комитеті төрағасының міндетін атқарушы Ілияс Испановтың айтуынша, қандастар мен қоныс аударушыларды қабылдаудың 2023 жылға арналған өңірлік квотасы 8 652 адамды құрайды. Оның 1,9 мыңы қандастар үшін, ал 6,7 мыңы – қоныс аударушылар үшін көзделген екен. Қазір министрлік 2023-2027 жылдарға арналған Көші-қон саясатының тұжырымдамасын қабылдаған. Құжат іске асыру үшін жұмыс орындары құрылатын және қолданыстағы бизнес-жобалар кеңейтілетін солтүстік және орталық өңірлерге ішкі қоныс аудару тетігін қайта қарауға мүмкіндік береді.
«Бұдан бөлек, тұрақты жұмысқа орналасқан азаматтарға жаңа тұрғылықты жері бойынша 4 млн теңгеге дейінгі мөлшерде тұрғын үй сатып алуға қаржылай көмек алуға мүмкіндік беретін ұтқырлық сертификаттарын енгізу мүмкіндігі қарастырылуда», – деп атап өткен ведомство өкілі іске асырылып жатқан шаралар халықты қоныстандырудың өңірішілік диспропорциясы проблемаларын шешудің маңызды жолы екенін айтады.