Коммунистік партия – Қытайдың билік басындағы бірден-бір саяси партия. Осы елдің ішкі және сыртқы саясаты тек партия съездерінде қабылданады. Ал белгілі бір мемлекеттің сыртқы саясаты сол елдің ішкі әлеуметтік даму стратегиясының басым бағыттарына және халықаралық жағдаяттарға негізделіп белгіленеді. Алайда ол қоғамдық жағдайдың, халықаралық ортаның өзгеруіне байланысты үздіксіз өзгеретіні ақиқат. Сондықтан сыртқы саясаттың дәуірлік сипаты басымдау келеді.
ҚХР-дың ішкі және сыртқы саясаттарының негізгі бағыттары мен принциптері партия съездерінде анықталып отырады. 2022 жылы қазан айында өткен партияның ХХ съезі қытайдың соңғы қырық жылдан бергі ерекше құрылтайы болды. Бұлай дейтініміз, Си Цзиньпин елден ерекше ҚКП ОК-ның бас хатшысы болып үшінші рет сайланды және Саяси бюро, Саяси бюроның тұрақты мүшелері кілең Си Цзиньпиннің жақтастарынан жасақталды. Сонымен бірге елдің ішкі және сыртқы саясаттары Си Цзиньпин идеясы бойынша түзілді. ХХ съезд Си Цзиньпин идеясын – қазіргі заманғы «қытайлық марксизм», тіпті «ХХІ ғасырдағы марксизм» деп бағалап, партияның жетекші идеясы етіп бекітті.
ХХ съезд құжатының «Жаңа дәуір жаңа жорықтағы Қытай Коммунистік партиясының борышы мен міндеттері» деп аталатын үшінші бөлімінде: «Қазірден бастап партияның басты міндеті – бүкіл елдегі әр ұлт өкілдерін ынтымақтастырып, жетекшілік етіп, толыққанды социалистік заманауи құзыретті мемлекет құру. Екінші жүз жылдық мақсатты орындап, қытайша модернизация арқылы қытай халқының ұлы көркеюін жан-жақты іске асыру» деп атап көрсетті. Сондай-ақ осы басты міндеттерді орындау үшін алда қолданатын сыртқы саясатын да анықтады.
ҚХР өкіметі аталған саясатты қалай жүзеге асырып келеді? Халықаралық геосаяси жағдайда қандай өзгерістер болды? Осының барлығы елімізге қалай әсер етеді? Енді осы мәселелерге ой жүгіртіп көрейік.
Қытай билігі ХХ съезден кейін Қытай дипломатиясында «түмен ел түгел сәлемге келетін» жаңа жағдай жарыққа шығады деп үміттенді. Батыстың ұлы державаларын алдын ала ресми сапарға шақырып та қойған болатын. Алайда съезден кейін бірінші болып Бейжіңге барған Вьетнам компартиясының бас хатшысы Нгуен Фу Чонг болды. Оның ізін суытпай Пәкістанның премьер-министрі Шариф Шахбаз, Танзанияның президенті Самия Сулуху Хасан және Германияның канцлері Олаф Шольц келді. Қытай күткендей сапырылысқан елшілер қарасы көрінбеді.
Алайда Қытайдың халықаралық аренада өзін жаңа қырынан танытуға орай туды. 2022 жылы қарашаның 15-19 аралығына Индонезияда G20 және Тайландта АPEC саммиттері өтетін болды. Бұл саммиттерге Си Цзиньпин өзі делегацияны бастап барып қатысып, «Ұлы мемлекет дипломатиясын» барынша жүргізіп бақты. Ол екі басқосу барысында 30-дан астам маңызды кездесу өткізді.
Си Цзиньпин АҚШ президенті Джо Байденмен алғаш рет жүздесіп, үш сағаттан астам сөйлесті. Сондай-ақ Франция президенті Эмманюэль Макрон, Италия премьер-министрі Джорджа Мелони, Испания премьер-министрі Педро Санчес, Голландия премьер-министрі Марк Рютте, Аустралия премьер-министрі Энтони Албаниз, Жапония премьер-министрі Фумио Кисида, Оңтүстік Корея президенті Юн Сок Ёль және Жаңа Зеландия премьер-министрі Джасинда Ардернмен жеке-жеке кездесіп, өзара пікір алмасты.
Қытайлық сарапшылар бұл дипломатиялық іс-қимылдарды «ХХ съезден кейінгі Қытайдың іс жүзінде белсенді түрде Ұлы мемлекет дипломатиясын өрістетуі еді, дамушы мемлекеттермен және төңіректегі елдермен жүргізген ұлы дипломатиясының шағын көрінісі» деп сипаттады. Сондай-ақ «Мемлекет басшысы дипломатиясында», ең маңыздысы Қытай-АҚШ басшыларының кездесуі болды. Бұл кездесуден екі тарап күткеннен де зор нәтиже шықты. АҚШ Қытайды бәсекелес деп қарайтын көзқарасынан, қысым жасауынан бас тартпаса да, Қытаймен қатынасын жан-жақты жақсарту ниеті болмаса да, арадағы наразылықтың насырға шабуын бақылауда ұстау ниетінің бар екенін аңғартты. Іс жүзінде бұл Қытайдың АҚШ-пен қатынасын жақсарту үшін және өзара байланысты үзбеу үшін жасаған «дипломатиялық шабуылы» еді. Өйткені бұл жолы Бейжіңнің көздегені – маңызды мемлекеттерді өзіне баурап әкетіп, АҚШ-тың мақсатын селге кетіру. Бұл үшін олар алдымен Еуропаның қолдауына ие болуды көздеді. АҚШ-тың Еуропа құрлығымен бірлесіп, Қытайды қыспаққа алып отырған жағдайда, олармен экономикалық қатынастағы ашықтықты сақтап, қалыптасқан «байланыстың үзіліп» кетпеуін қамтамасыз етудің өзі өте маңызды болып саналады. Сондықтан аталған екі саммит барысында Си Цзиньпин: «толерантты, жалпыға бірдей тиімді, бұрынғыдан да түзімді ғаламдық дамуды» баса дәріптеді. Сондай-ақ Қытайдың «озбырлық дипломатиядан» «жағымды дипломатияға» ауысқанын көрсетіп бақты. Алайда Қытай Компартиясының сырын біліп қалған елдер олардың сөзінен гөрі ісіне қарап тұжырым жасайтын болған.
ХХ съезден кейін қытай дипломатиясында жаңа тенденциялар байқалады. Біріншісі, «партияаралық дипломатияны» дамытуға ден қою. ҚКП Вьетнам және Куба компартиялары арасындағы байланыстарын қайта жаңғыртуға пейілді. Екінші, «Бір белдеу – бір жол» мен «Адамзат тағдыры қауымдастығын құруға» басымдылық беру. Қытай мен Вьетнам үкіметтері «Бір белдеу – бір жол» шеңберінде серіктестікті қарқынды дамытуға уағдаласты. Қытай мен Пәкістан Пуэрто-Гвардар портын және 1-магистралды темір жолдың деңгейін көтеріп қайта жасау жобаларын тездетуге келісті. Қытай мен Танзания «Бір белдеу – бір жол» ынтымақтастық сапасын жоғары деңгейге көтеріп, Танзания темір жолының дәрежесін көтеріп қайта жасауды бірлесіп атқаруға келісті. Екі мемлекет басшылары Қытай-Танзания қатынастарының стратегиялық әріптестік қатынасқа көтерілгенін жариялады.
2022 жылы 9 желтоқсанда Сауд Арабиясының астанасы Эр-Риядта өткен Қытай-Араб мемлекеттері саммитіне Си Цзиньпиннің өзі барып қатысты. Сондай-ақ ол «Қытай-Араб достық рухын өсіріп, жаңа дәуірге бет алған қытай-араб тағдыры ортақ қауымдастықты қол ұстасып құрайық» деген тақырыпта баяндама жасады. Міне, бұлар ХХ съезде қабылданған «Бір белдеу – бір жол» мен «Адамзат тағдыры қауымдастығын құру» сыртқы саясатының атқарылуын аңғартатын нақты мысалдары.
Қытай «Бір белдеу – бір жол» жобасы іске асырылғаннан бері осы елдің кредиті мен инвестициясын көп қабылдаған Азия және Африка елдерінің әлеуметтік экономикасы жақсарудан гөрі керісінше құлдырағаны байқалды. Олардың қарыздарын қайтару үшін тау-кендерін, стратегиялық маңызды порттарын ұзақ мерзімге Қытайдың пайдалануына беруге мәжбүр болып отырғаны белгілі. Азия және Африка елдерінің тағдыры Қытайға байланғанын өмір көрсетіп отыр. Алайда бір қызығы сол, дамушы елдердің бұдан сабақ алып жатқаны шамалы, әлі де «Бір белдеу – бір жол» аясында Қытай капиталымен инфрақұрылымдарын жасауға пейілді.
Ал Батыс елдері «Бір белдеу – бір жол» жобасынан аяқтарын тарта бастады. Мұның мысалын Германиядан көруге болады. Сондықтан Си Цзиньпин Олаф Шольцпен кездескенде: «Қазіргі таңда, халықаралық жағдай күрделі өзгерістерді бастан кешіп жатқанда, Қытай мен Германия ықпалды ұлы мемлекеттер ретінде, аумалы-төкпелі заманда тіпті де қол ұстасып ынтымақтасып, дүниежүзінің бейбітшілігі мен дамуына тіпті зор үлес қосулары керек» деді. Сондай-ақ ол «екі тарап жалғасты түрде ортақ мүдде «тортын» үлкейте түсуі қажет, дәстүрлі саладағы ынтымақтастықтың көмескі күштерін ашумен қатар, жаңа энергетика, жасанды интеллект, цифрландыру сияқты жаңа салалардағы серіктестікті дамытуымыз керек». «Қытай өзінің жаңа дамуы арқылы дүниежүзіне тың даму орайын жаратқысы келеді, бонусты әлеммен бөліскісі келеді, әлем елдерімен бірге дамудың жолын қарастырып, өзара тиімді ортақ жеңіске жету ынтымақтастығына жаңа қозғаушы күш қосуды шын ниетпен қалайды» деді. Бұл – тек Германияға айтылған сөз емес, сонымен бірге жалпы Еуропа елдеріне бағыттаған сыртқы саясатын түсіндіруі еді.
Қазіргі таңда Қытай сыртқы саясатының маңызды бір бағыты – юаньды халықаралық валюта ретінде қолданысқа енгізіп, АҚШ долларының халықаралық саудадағы қысымынан құтылу. Бұл мәселе бойынша Ресей және Иранмен өзара келісімдер жасады. Ендігі жерде мұнай экспорттаушы үлкен мемлекет Сауд Арабиясымен де сондай келісім жасауды көздеп отыр. Алайда өткен жылдың желтоқсан айындағы Си Цзиньпин сапарында бұл мақсат орындалмады. Өйткені Сауд Арабиясы Қытаймен ондай келісім жасауға батылы бармады, себебі түсінікті. Ал екі тарап жариялаған «Қытай-Араб саммиті Эр-Рияд Декларциясы» Иран-Сауд Араб арасындағы талас арал мәселесін қамтығандықтан, Иран Қытайға ренжіп, қатты кетті. Іле-шала ҚХР премьер-министрінің орынбасары Ху Чуньхуа Иранға сапар шегіп, Иран президентіне Си Цзиньпиннің ыстық ықыласты сәлемін жеткізіп, «Қытай тарапы стратегиялық тұрғыдан Қытай-Иран қатынастарын бағалайды, Иранмен жан-жақты стратегиялық әріптестік қатынасын дамыту ұстамынан ауытқымайды, Иранның сыртқы күштердің килігуіне қарсы тұруын, мемлекеттің егемендігін, территориялық тұтастығын және ұлттық ар-намысын қорғауын батыл қолдайды» деп жүріп, ирандықтардың ашуын басқандай болды. Бірақ екі ел арасында сенімсіздік пайда болды.
ХХ съезден кейін Си Цзиньпин Сыртқы істер министрі қызметіне Цинь Ганды тағайындау арқылы өзінің сыртқы саясатына шамалы өзгерістер енгізіп, Батыс елдерімен қарым-қатынасын жақсартуға құлшыныс жасады. Соған орай жаңа сыртқы істер министрі Цинь Ган алғаш рет Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен телефон арқылы тілдескенде: «Ресеймен Қытай қарсыласпайды, одақтаспайды, үшінші елге бағытталмайды» деп ашық айтты. Бұл соған дейін қолданып келген «Қытай мен Ресей қатынастарында максималдық болмайды, тек дами береді, дами береді» дейтін концепциясының өзгергенін, Батысқа жағымпазданғанын көрсетті.
Алайда Қытайдың сыртқы саясатындағы мұндай өзгерістерге сәйкес АҚШ және дамыған елдер қолданып келген саясатын өзгерте қойған жоқ. Керісінше, Қытайға қысым жасауларын тіпті күшейте түсті. Нақтылап айтқанда, АҚШ технологиясымен жасалған чиптерді Қытайға экспорттауға тыйым салды. АҚШ, Жапония және Нидерланд «Чип одағын» құрып, Қытайдың жоғары дәрежелі чип технологиясын импорттау жолын бөгеді. Сондай-ақ «Хуавей» компаниясына смартфон бөлшектерін сатуға тыйым салды, АҚШ парламентінде «Қытай комиссиясы» құрылып, тексеріп-зерттеу жұмыстарын бастады. Қазірге дейін Қытайға жасалған сауда жеңілдіктерін ендігі жерде Қытайдағы адам құқығы жағдайымен байланыстырып қарауды Парламентке ұсынды. Тайваньның халықаралық орны мен статусын көтеру және қауіпсіздігін қорғау, Азия-Тынық мұхит аймағында қалыптасқан жағдаятты сақтау бойынша одақтардың құрылуы сияқты ахуалдар, Қытайдың халықаралық ортасын қатты қиындатып барады. Оның үстіне соңғы үш жылдан бергі пандемияның зардабынан Қытай экономиясында құлдырау байқалып отыр.
Халықаралық геосаяси жағдайдағы соңғы өзгерістер Қытайдың жаңадан қолдана бастаған «жағымды дипломатиясын» қабылдамайтынын аңғартты. Сонымен Си Цзиньпин өзінің бұрынғы саясатына қайта оралды. Ресеймен қайтадан қарым-қатынасын нығайтуға ден қойды. Наурыз айында Си Цзиньпин Ресейге ресми сапармен баруды жоспарлап отыр. Басты мақсаты – Путинмен бірлесіп Батыс елдерінің қысымына төтеп беру болса керек.
Халықаралық қатынастағы мұндай құбылыстар Қытай мен Батыс елдері ымыраға келе қоймайтынын аңғартады. Батыс елдерінің Қытайға сауда және технология санкциясын салуы, қытайлық компаниялар мен жеке адамдарды Ресейдің Украинаға шапқыншылық жасауын қолдады деп санкция салуы –Қытайдың әлеуметтік экономикасының қалыпты дамуына терең әсер еткені белгі. Ал Қытай экономикасының құлдырауы әлемдік экономиканың әлсіреуіне әкеп соғады. Сонымен бірге Қазақстан экономикасының өркен жаюына да кері әсері болады. Сондықтан еліміз өзінің ақылы мен еңбегіне сүйеніп дамудың тың жолдарын қарастыруы қажет.
Қазақстанның әлемдік санкциядан көз ашпаған Ресей мен Қытай сияқты алып мемлекеттің ортасында орналасқан географиялық жағдайы өзгермейді. Алайда халықаралық сыртқы саясаттар өзгереді, құбыла береді. Соған қарамастан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жақында Парламент Сенатында сөйлеген сөзінде халқымыздың басты құндылығы тәуелсіздікті сақтау және оны нығайту үшін мемлекетті нығайтып, қоғамды бірлікке келтіру үшін қолдан келгеннің бәрін жасауымыз керек екенін айтты. Ол үшін жастарымызды барынша жасанды интеллект техникасын игеруге, отаншылдыққа баулуымыз керек. Еліміз әлемдік соңғы технологияны меңгергенде ғана әлеуметтік экономика дамиды, өркениет деңгейі өседі, мемлекеттік қорғанысы нығаяды. Сонда ғана нағыз заманауи дамыған елге айналамыз.
Нәбижан МҰҚАМЕТХАНҰЛЫ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Қазіргі заманғы Қытайды зерттеу орталығының директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор