Айналасына шарапаты тиген, қоғамның дамуына сүбелі еңбегі сіңген азаматтардың есімін дәріптеу әділетті қоғам қалыптастыруға оң әсерін тигізеді. Қай заманда да қазақ әйелдері қайраткерлігі, еңбексүйгіштігі, ізденімпаздығымен ер-азаматтармен бірге алдыңғы шепте қызмет еткен. Бірақ олардың атқарған еңбегін насихаттау жағы кемшін екені шындық.
Оның көрінісі географиялық нысандар атауларындағы әйел есімдерінің аздығы мен атақты әйелдерге орнатылған ескерткіштердің немесе ескерткіш тақталардың өз деңгейінде жасалмай жатқанынан байқалады. Бұл тақырыптағы әңгімені әріден бастауға тура келеді.
Қазақ даласында XIX-XX ғасырлар аралығында сауаттылық мәселесі өзекті болды. Атақты ұстаз Ыбырай Алтынсаринның қажырлы еңбегінің арқасында қазақ өлкесінде тең дәрежеде мектептер, училищелер ашылып, қазақтың ұлдары мен қыздары білім алу мүмкіндігіне ие болды. Сол білім ордаларын тәмамдаған қыздар әрмен қарай өз өмір жолдарын педагогикамен байланыстырып немесе өзге ілім зерттеп, білімге деген құштарлығын одан әрі дамыта түсті. Ыбырай атамыздың жолын қуып, өзін педагогикаға арнаған қазақтың алғаш әйел педагогі – Хұснижамал Нұралыханова. Хұснижамал – Бөкей Ордасының тумасы, Жәңгір ханның үлкен қызы. Алғашқы сауатын үлкен ағаларының қолдауымен алып шықты, кейін бала оқыту саласын да меңгеріп, өз тәжірибесі мен білімін қазақ балаларына, әсіресе қыздарға таратқысы келді. ХІХ ғасырдың аяғында инспектор А.Вознесенскийдің қолдауымен Бөкей Ордасында қазақ қыздарына алғаш мектепті ашуға Хұснижамал себепші болды. Инспектор Хұснижамал Нұралыханованың атқарған ісін жоғары бағалап: «Хұснижамал – қазақ сұлтанының қызы. Қазақтың жергілікті мектебін аяқтады. Алғашында үйінде ағаларынан білім алды. Жасы шамамен 25-те. Өте көрікті әрі сыпайы, Ордада мұндай қыз мүлде кездеспейді, ол – жалғыз. Орыс тілінде таза әрі емін-еркін сөйлейді», деп пікірін білдірген. Репрессия жылдары көптеген тергеуге қарамастан, Хұснижамал қоғамға пайдасы бар ісін жалғастырады, Орал қаласының зиялылар жиындарына қатысып, «Қазақстан» газетінің басылуын қолдап, жас ұстаздарға ақыл-кеңесін арнады.
Астананың топонимдік кеңістігінде әйелдер есімдеріне берілген біршама көше, мектеп бар. Қазақ халқының тарихында үлкен орны бар әйелдердің есімдері бір бағыттағы көшелерге болса да беріліп отыруы – қуанышты жағдай. Атырау қаласындағы халықаралық әуежайына – Хиуаз Доспанова, Орал халықаралық әуежайына – Мәншүк Мәметова, Ақтөбе халықаралық әуежайына – Әлия Молдағұлованың есімінің берілуі де өте құптарлық іс болды.
Осы орайда мына деректі келтірген жөн. Екінші дүниежүзілік соғысқа қазақ жерінен қаншама жас қыз аттанды. 1944 жылы «Советская Караганда» газетінде тек қазақ қыздарынан құралған танк экипажы туралы мақала жарияланған. Күлкен Тоқбергенова, Күлжәмила Талқанбаева, Жәмила Бейсенбаева құрамында болған экипаждағы Жамал Байтасова «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Қазақстаннан Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанғандардың ішінде 5 мыңнан аса әйел болды деген дерек бар. «Қызыл Жұлдыз» ордені мен «Ерлігі үшін» медалінің иегері Р.Момынова, партизан Н.Байсейітова, авиациялық полктің радиобайланысшылары Ғ.Рахметова, З.Наушева сияқты десантшы, барлаушы, әскери көлік жүргізуші, байланысшы қыздар соғыстың қақ ортасында жүріп ерлермен бірдей жеңіс жолында соғысты. Тарихтан Орал қаласының әскери комиссариаты қыздардан ұйымдастырылған Подольскідегі Орталық мерген қыздар мектебіне Қазақстаннан 24 қыздың аттанғаны белгілі. Олардың арасында ерлігімен көзге түсіп, «Қызыл Жұлдыз» ордені, ІІІ дәрежелі «Даңқ» ордені, «Ерен ерлігі үшін», «Ерлігі үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Берлинді алғаны үшін» медальдарының иегерлері бар. Тарихи архивтер толық ашылса, қазақ қыздарының соғыстағы ерліктері туралы мыңдаған дерек жарыққа шығатыны анық. Осындай батырларымызды дәріптеу мақсатында ескерткіштер орнатылып, көшелерге, мектептерге, жастар жиі жиналатын мәдени орындарға олардың есімдерін беру керек.
Қазақ әйелдері қоғамда қандай жағдай болсын, адал еңбек етіп, белсенді қызмет атқарып отырған. Қазақстанның ономастикалық кеңістігін толықтыратын есімдердің арасында ғалым әйелдер көптеп саналады. Сұрапыл соғыс уақытында қазақ қыздарына білім беру мақсатында ашылған тұңғыш Қыздар институты болды. Осы институтта нағыз қиын-қыстау кезінде ұйымдастырушылық жұмыстарды атқарып, 14 жыл басқарған Тұрсын Мырзабекованың есімі елеусіз қалып отыр. Қазіргі Қыздар педагогикалық университетінің корпустарын тұрғызу, Қазақстанның әр өңірінен келген және ата-анасынан, әкесінен айырылған балалар үйі қыздарының әлеуметтік жағдайларында қиындықтарды болдырмау мақсатында жатақханалар салғызып, қыздарды тегін тамақпен қамтамасыз ету бастамаларын көтерген және сол жұмыстардың іске асуына орасан еңбек сіңірген ғалым апамыздың еңбегі бүгінгі жастарға үлгі болуға тиіс. Өкінішке қарай, Тұрсын Мырзабекованың есімі ешқандай географиялық нысанға берілмеген. Ол кісінің есімін тарихта қалдырып, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне есімі берілсе игі іс болар еді. Аталған оқу орнын бітіріп, қазақ әйелдерінің ғылыми әлеуетінің жоғары деңгейін көрсеткен ғалымдарымыздың құрметіне ескерткіш орнатылса да артықтық етпейді.
Қазақстан ономастикасында орын алуға тиіс жандардың бірі – қазақ әдебиеті мен журналистикасының өркендеуіне өзіндік үлесін қосқан қаламгер, қарымды журналист, жазушы Сара Мыңжасарова. Еңбек өтілін оқу-ағарту саласында бастаған Сара Рахманқызы Шалқар аудандық комсомол комитетінің мектеп жұмысы жөніндегі хатшысы болып қызмет атқарып, ұзақ уақыт Талдықорған, Алматы облыстық және «Семиреченская правда» газеттерінің редакцияларында қызмет жасайды. «Замандастар» очерктер жинағы, «Төзім шеңбері» романы, «Әйел бақыты» шығармаларының авторы Сара Рахманқызы жастайынан белсенділігі, әншілігі, алғырлығымен көзге түсіп, еңбекке ерте араласқан. Қоғам қайраткері, мемлекеттік биік лауазымдарды атқарған ерекше тұлға. Қазақ прозасына өз мүмкіндігінің аясында еңбек сіңіріп, еліне қызмет жасаған. Жазушы Сара Мыңжасарованың есімі де өз деңгейінде ұлықталуға тиіс.
Қарап тұрсақ, қазақ даласынан шыққан әйел батыр, ұстаз, өнер иесі көп. Олардың есімдері кең танылмаған. Олардың қазіргі Қазақстан қоғамының қалыптасуына қосқан үлестерін бізге айтпасқа болмас. Қазіргі ұрпақ сол жандарға тағзым ете отырып, оларды ұлықтап, өз құрметін көрсетуі қажет. Сол себепті еліміздің әр қаласында әйелдерге арнап көше атаулары мен мектеп, училище, театр т.б. нысандарға аттарын беріп, ескерткіштер санын көбейтуіміз қажет.
Жазира АҒАБЕКҚЫЗЫ,
филология ғылымдарының кандидаты