БҰҰ Бас Ассамблеясы арнайы сессия өткізді. Іс-шара барысында ұйым Ресейді Украинадан әскерін шығарып, қақтығысты тоқтатуға шақырған қарар қабылдады. Қарарды 141 ел қолдап, дауыс берді, жетеуі қарсы болып, 32 ел қалыс қалды.
Қарарды қабылдамас бұрын Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Антонио Гутерриш Ресейді Украинаға басып кірді деп айыптап, оның бұл іс-әрекетін «әлемнің ұжымдық ар-ожданына нұқсан келтіру» деп атады. «Бұл БҰҰ Жарғысы мен халықаралық құқықты бұзу», деді Антонио Гутерриш Бас Ассамблея отырысында. Оның айтуынша, қақтығыстың күшеюі қауіп төндіреді, ал соғыс «аймақтық тұрақсыздық пен жаһандық шиеленістер, келіспеушіліктерді тудырып, өзекті жаһандық мәселелерден алшақтатады».
БҰҰ-ға мүше 193 елдің 141-і, яғни негізгі халықаралық ұйым мүшелерінің төрттен үш бөлігі дерлік (73%) қарарға дауыс берді. Ресейді айыптаған елдердің арасында ежелгі одақтасы Сербия бар. Ал Ресейден бөлек, Беларусь, Эритрея, Мали және Сирия қарсы болды. Қалыс қалғандардың ішінде Қазақстан, Армения, Тәжікстан, Қытай, Үндістан және Иран елдері бар.
«Жайбарақат отыру дағдарысты одан әрі күшейтеді және жарғыда жарияланған жалпы принциптерімізді одан әрі бұзады. Соғыс – шешім емес. Соғыс – проблема. Украинадағы адамдар зардап шегіп жатыр. Украиналықтар, ресейліктер және басқа да халық бейбітшілікке мұқтаж», деді Бас хатшы.
Негізі қарар Киевтің ұсынуымен талқыланған. Бұл ұсынысқа 60-тан астам ел қосылып, қарарда «БҰҰ жарғысы принциптері негізінде тұтас, әділ және тұрақты бейбітшілікті» көздейтіні айтылған. БҰҰ құжатында Ресей әскерін Украина аумағынан дереу әкету туралы талап қарастырылған. Осыған орай БҰҰ Минскінің қарарға қатысты келіссөзге шақыру және Киевке қару беруге тыйым салу туралы түзетуін қабылдамады.
Қарар туралы әлеуметтік желілерде алуан түрлі пікір тарады. Мәселен, Украинаның Адам құқығы жөніндегі уәкілі Дмитрий Лубинец «бұл құжат елдің қауіпсіздігі мен Украинаның аумақтық тұтастығын қамтамасыз ететін маңызды қадам», деп жазды өзінің Telegram арнасында. Ал ТАСС агенттігі Ресейдің БҰҰ-дағы тұрақты өкілі Василий Небензяның пікірін жариялады. В.Небензя «қарар бір жыл бұрын ушығып кеткен Ресей мен Батыс арасындағы қарама-қайшылықты жоюға әсер етпейді», деп мәлімдеп, қарарды «біржақты, шындықтан алшақ жатқан» құжат деп сынады.
БҰҰ қабылдаған қарарда: «Украинада жан-жақты, әділ және берік бейбітшілікке қол жеткізудің негізі саналатын БҰҰ Жарғысының қағидаттарын сақтауға шақырады; Украинаның егемендігіне, тәуелсіздігіне, бірлігі мен аумақтық тұтастығына өзінің аумақтық суын қоса алғанда, халықаралық деңгейде танылған шекараларында адалдығын растайды; Ресей Федерациясына өзінің барлық қарулы күшін Украинаның халықаралық деңгейде танылған шекаралары аумағынан дереу, толық және сөзсіз алып тастау туралы талабын тағы да жариялайды; Барлық тарапты халықаралық құқықты, оның ішінде әскери тұтқындармен жұмыс істеу және бейбіт тұрғындарды қорғау саласындағы құқықты сақтауға шақырады; Азаматтық халықтың өмір сүруі үшін міндетті нысандардың шабуылына, жойылуына, көшірілуіне немесе жарамсыз болуына жол бермеу қажеттілігін атап өтеді; Сондай-ақ Украинаның маңызды инфрақұрылымына жасалған шабуылдарды және азаматтық нысандарға, соның ішінде тұрғын үйлерге, мектептер мен ауруханаларға жасалған кез келген қасақана шабуылдарды дереу тоқтатуға шақырады», делінген.
Айта кетейік, Ресей мен Украина арасындағы қақтығыс басталғанына бір жыл болды. БҰҰ-ның бағалауынша, осы аралықта кем дегенде 7 199 бейбіт тұрғын қаза тауып, мыңдаған адам жарақат алды, 13 миллионнан астам адам босқын болып шетелге қашқан. Мариуполь қаласының мэрі тек осы қалада 21 мың адам мерт болғанын айтады. Ал АҚШ әскерилерінің мәліметінше, қақтығыс кезінде екі жақтан 100 мыңға жуық сарбаз қаза тапқан.