Осы жылдың 1 сәуірінде тауарларды цифрлық таңбалау және қадағалау жүйесіне тіркелмеген аяқкиімді сатуға рұқсат етілген кезең аяқталады. Кәсіпкерлердің өтініші бойынша бұл мерзім 2022 жылдың 1 сәуірінен 2023 жылдың 1 сәуіріне дейін ұзартылған еді. Енді аяқкиіммен айналысатын кәсіпкерлер үшін не өзгереді? Осы сұраққа жауап іздеп көрдік.
2021 жылдың 1 қарашасында Үкімет қаулысымен аяқкиім өнімдерін міндетті түрде таңбалау және қадағалау енгізілді. Бұл – елге әкелінетін әрбір өнім туралы ақпаратты тіркейтін және бірегей деректердің матрицалық коды арқылы қадағалайтын жүйе. Яғни өндірушіден/импорттаушыдан соңғы тұтынушыға дейінгі өнімнің бүкіл жолын көрсетеді. Таңбалау және қадағалау жүйесінің міндеті – Қазақстандағы тауар айналымын ашық ету. Шын мәнінде, бұл Track & Trace жүйесінің бір түрі. Ол дүние жүзінің прогрессивті аймақтарында тауар бағытын цифрландыру стандарты ретінде пайдаланылады. Оның негізгі әсері – көлеңкелі экономика деңгейін төмендету.
Қазақстанда таңбалау және қадағалау жүйесі үш өнім тобына қолданылады: темекі (таңбалау коды 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап акциздік таңбаның функциясын ауыстырды), аяқкиім (2021 жылғы 1 қарашадан бастап) және дәрілік заттар (2022 жылғы 1 шілдеден бастап кезең-кезеңімен таңбалауды және қадағалауды енгізу). Міндетті таңбалауға жататын тауар топтары мынадай екі негізгі критерий бойынша таңдалады: бірінші – көлеңкелі экономика деңгейінің жоғарылығы, екінші – халықтың денсаулығына төнген қауіптің жоғарылығы. Осы тұрғыдан алғанда темекі өнімдері мен дәрі-дәрмек айналымын цифрландыру қажеттілігі баршаға түсінікті. Ал таңбалауға міндетті етіп «аяқкиім» өнім тобы неліктен таңдалды? Осыны түсінбей жатқандар көп. Ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда аяқкиімнің көлеңкелі айналымының үлесі 48 пайызды құрайды. Яғни әрбір екінші жұп аяқкиім елге заңсыз әкелінеді. Олардың үлкен ағыны Қытайдан келеді. Кедендік статистика да осыны дәлелдеп отыр. 2021 жылы Қытай кеден қызметі таратқан мәліметте Қазақстанға экспорт біздегі деректерден 2 еседен астам сомаға жоғары болып шықты, бұл – шамамен 780 млн доллар. Аталған сандар аяқкиім өнімдерінің айналымындағы көлеңкелі экономиканың көлемін нақты түрде көрсетіп, олардың қадағалануын енгізуге себеп болды.
Кез келген өнім тобының міндетті таңбалануы мен қадағалануы енгізілгенге дейін сынақ кезеңі өткізіледі. Жүйеде жұмыс істеу міндетті заңнамалық нормаға айналғанда, бұл жүйені түсіну, мүмкіндіктер мен тәуекелдерді бағалау, бизнес-үдерістерді бейімдеу және жұмыс кезінде іске қосуға дайындалу мақсатында кәсіпкерлер өз еркімен қанатқақты жобаға қатысады. Сонымен 2019 жылдың 30 маусымы мен 2020 жылдың 31 желтоқсаны аралығында елімізде аяқкиімді таңбалау бойынша қанатқақты жоба жүзеге асырылды. Оған аяқкиім саласынан 19 қатысушы – 5 өндіруші-дистрибьютор, 13 импортер-дистрибьютор және 1 уәкілетті экономикалық оператор, яғни көтерме және бөлшек сауда компаниялары қатысты. Жоба барысында техникалық аспектілер пысықталды: физикалық таңбалау, кодтарды құрастыру және беру, нарық қатысушыларының деректер базасымен жұмысы, сауда нүктелері мен тұтынушылардың таңбаланған аяқкиімді сканерлеуі, дерекқордың жұмысын қадағалау, тұтынушыларға арналған мобильді қосымшаны әзірлеу, қабылдау әрі тауарды беру және айналымнан сатылған бірліктердің кодын шығару.
Қанатқақты жобаның нәтижелері 2021 жылғы 11 мамырдағы қоғамдық тыңдауларда талқыланып, ведомствоаралық комиссияның 2021 жылғы 7 шілдедегі шешімімен аяқкиімді таңбалауды енгізуге реттеуші ықпалды талдау нәтижелері бекітілді. Үкіметтің 2021 жылғы 31 тамыздағы қаулысымен аяқкиім өнімдері таңбалануға жататын міндетті тауарлардың тізбесіне енгізілген. Осылайша, 2021 жылдың 1 қарашасынан бастап аяқкиім өнімдерін таңбалау және қадағалау ел заңнамасында бекітілген міндетті талапқа айналды. Алайда шын мәнінде кәсіпкерлер әлі де ықылассыздық танытып, жеңілдік сұрап отыр. Ал қадағалаушы мемлекеттік органдар бизнестің өтініші бойынша нормативтік-құқықтық актілерге жеңілдіктердің басым бөлігін қолдап енгізді.
Мысалы, 2022 жылдың 1 сәуірінен 2022 жылдың 31 желтоқсанына дейін Қазақстандағы тауарларды таңбалау және қадағалау жөніндегі бірыңғай оператор қалдықтарды таңбалау жүйесінде тіркелген кәсіпкерлерге тегін таңбалау кодтарын үйлестіріп берді. Сондай-ақ аяқкиімді импорттаушыларға 2023 жылдың 1 қарашасына дейін елдегі өз қоймаларында кедендік ресімдеуден кейін аяқкиімге таңбалауды жүргізуге рұқсат берілді. Бизнестің сұранысы бойынша жүйенің функционалдығы бірнеше рет өзгертіліп бейімделді. Сонымен қатар кері байланыс алу және жинау үшін тұрақты негізде оқыту шаралары, жеке консультациялар және кәсіпкерлермен «тікелей» кездесулер өткізілді.
Аяқкиім өнімдерін міндетті түрде таңбалау енгізілген күннен бастап 1,5 жыл ішінде 2023 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша, тауар айналымына 2,8 мыңнан аса қатысушы (оның ішінде 115 өндіруші, 774 импорттаушы және 1 602 бөлшек сауда, 341 көтерме сауда өкілдері), өнім каталогында 1 226 725 өнім картасы тіркелген. Осының барлығы бизнестің аяқкиімді таңбалау жобасына қатысуының жоғары динамикасын айғақтайды.
– Біз аяқкиім өнімдерін таңбалауды енгізілген сәттен яғни 2021 жылдың қарашасынан бастап тауарларды таңбалау және қадағалау ақпараттық жүйесінде жұмыс істейміз. Таңбалау үдерісінің барлық кезеңін қарастырдық және бірқалыпты жұмысты орнаттық. Осының нәтижесінде 2023 жылдың 1 сәуіріне дайынбыз. Өйткені таңбаланбаған аяқкиімнің барлық қалдығын толығымен таңбалап сатып жатырмыз. Жұмысымыз Ресей Федерациясымен өзара танылған кодтардың функциясы арқылы да жетілдірілді. Өйткені уақыт айтарлықтай қысқарды және аяқкиімді әкелу үдерістері жеңілдетілді. Өнімді таңбалау жүйесін оң бағалаймыз әрі аяқкиім нарығындағы бәсекелестік әділ болады деп үміттенеміз, – деді «Каспий-обувь» ЖШС басшысы Лариса Ситарова.
«Каспий-обувь» ЖШС – «Юничел» сауда белгісімен сатылатын аяқкиім импорттаушысы. Бұл жыл сайын 3 миллион жұп аяқкиім шығаратын ең ірі ресейлік аяқкиім холдингі. Ресейде шығарылатын барлық былғары аяқкиімнің шамамен 10 пайызы осы компанияға тиесілі. Холдинг Челябі, Златоуст және Орынбор қалаларындағы 3 аяқкиім фабрикасын және Ресей мен Қазақстанның 250 қаласындағы 600-ден аса дүкенді біріктіреді. Оларда 5 мыңнан аса қызметкер жұмыс істейді.
Бизнес үшін басты жеңілдіктердің бірі 2023 жылдың 1 сәуіріне дейін таңбаланбаған аяқкиім қалдықтарын (міндетті аяқкиім таңбалау басталғанға дейін, яғни 2021 жылдың 1 қарашасына дейін әкелінген) сатуға рұқсат беру болды. Бастапқыда бұл мерзім 2022 жылдың 1 сәуіріне белгіленді, бірақ кәсіпкерлердің жаңа ережелерге бейімделуіне көбірек уақыт беру туралы өтініші бойынша бұл мерзім бір жылға ұзартылды. Енді осы жылдың 1 сәуірінен бастап тауарды таңбалау және қадағалау ережесіне сәйкес кәсіпорынның таңбаланбаған аяқкиім қалдықтарын сатуға құқығы жоқ. Таңбалау және қадағалаудың қалған ережелері өзгерген жоқ.
Айта кету керек, ел заңнамасында аяқкиім өнімдерін таңбалау және қадағалау ережелерін бұзғаны үшін айыппұлдар қарастырылмаған. Қазіргі уақытта Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексте таңбаланбаған өнімдер үшін айыппұлдар қарастырылған. Бірақ олар тек темекі өнімдеріне қатысты. Өйткені бұрын таңбалау коды акциздік таңбаның функциясын ауыстырды және оның жоқтығына қатысты айыппұлдар бұрынғысынша қалды.
Цифрлық таңбалауды және қадағалауды енгізу нәтижесінде ресми аяқкиім импорты 13 миллион жұпқа (30 пайызға) өсті (37,2 миллион жұптан 53,1 миллион жұпқа дейін). 2018-2020 жылдары таңбалау енгізілгенге дейін аяқкиім импорты 35-39 миллион жұпты құрады. Сонымен қатар тауарларды таңбалау және қадағалау жүйесінде тіркелген аяқкиім кәсіпкерлерінен түсетін салық түсімдері 2021 жылы 2020 жылмен салыстырғанда 55 пайызға, ал 2022 жылдың 11 айында 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,2 есе өскен. Елдегі аяқкиім импортының өсу динамикасы және бюджетке түсетін салық түсімдерінің айтарлықтай артуы таңбалау және қадағалау жүйесінің тиімділігін көрсетіп отыр.