Қазақ елі асыға күтетін мерекенің бірі – Наурыз мейрамы. Тамыры тереңге кеткен, бес мың жылдық тарихы бар бұл қасиетті күнді еліміз «Ұлыстың ұлы күні» деп атаған. Қазақ ұғымында бұл күні аспан жұлдыздары бастапқы нүктелеріне келеді. Күн мен түн, жарық пен қараңғы теңеледі. Қыс ызғары қайтады. Төрт түлік мал төлдейді. Адамдардың аузы аққа тиеді. Мал аузы көкке тиеді, жер бетіне шаттық орнайды. Наурыз-табиғат атаулының тіріліп,өмірге жаңа құлшыныспен қадам басатын шағы.
Ұлыс күнi татулық тойы, еңбек, ынтымақ, сенiм, көңiл мерекесi. Қыс қылышынан аман қалған жұрт, бір-бірінің бар ренiш-өкпесiн ұмытып, кiнәсiн кешiп, тек жақсы тiлектер тiлейдi. Көңiлдiң жаңаруы деген осы. Бұл күні салт-дәстүр, әдеп-ғұрыптарымыз дәріптеліп, мереке толқынында бәрінің арман-тілек, мақсат мүдделері ұштасады.
Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында (https://egemen.kz/article/260146-tauelsizdik-barinen-qymbat) «…халқымызды біріктіретін ортақ құндылықтарды барынша дәріптеп, ой-санаға берік орнықтыруымыз керек. Мысалы, Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасын жасап, көктем мерекесінің мазмұнын байыта түскен жөн. Бүкіл қоғамды ұйыстыратын құндылықтар неғұрлым көп болса, бірлігіміз де соғұрлым бекем болады» деп, бұл мерекенің маңыздылығын көрсетеді.
Наурыз мейрамы ұлттық құндылықтарымызды сақтап, ұлттық дәстүрімізді жаңғыртудың арқасында ғасырларды жалғап, ұрпақ пен салт-дәстүрдің сабақтастығын сақтайтын қасиетке ие. Адамзатты ізгілікке баулып, жаңаруға, дамуға шақыратын айтулы мереке.
Жақсылық пен қуаныштың, мейірімділік пен сүйіспеншіліктің, бірлік пен татулықтың нышанына айналған Наурыз мерекесі баршамызға құтты болсын! Саналы, сапалы ұрпақ тәрбиелеу жолындағы игілікті істеріңіз табысты болып, жемісті еңбектеріңіз тек қана қуаныш әкелсін!
Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!
ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ
География және табиғатты пайдалану факультеті
Картография және геинформатика
кафедрасының доцент м.а. Курманбаев О.С.
аға оқытушы Сулейменова Д.Н.
оқытушы Құттықадамов Е.Е.