Жеңіс мерекесі қарсаңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Шиелі ауданында тұратын Ұлы Отан соғысының ардагері Сәрсенбек Байжановтың үйіне барды. Абыз ақсақалды ғасырлық мерейтойымен құттықтап, Сыр жұртшылығы атынан автокөлік кілтін табыстады.
– Қазақта «қос тойың қабат болсын, екі дүниең абат болсын» дейді. Биыл сіздің 100 жасқа толуыңызбен қатар Ұлы Жеңістің 78 жылдығын да тойлаудамыз. 9 мамырды Ұлы Жеңіс мерекесі десек те, оған жетудің қаншалықты ауыр болғанын ұрпақ ешқашан ұмытпайды. Жеңіс үшін жанын қиған боздақтарымызды біз мәңгі есте сақтаймыз. Майдан даласындағы ерліктеріңіз бен қайсарлықтарыңызға әркез бас иіп, алғыс білдіреміз, – деді облыс әкімі.
Ғасыр куәгері Сәрсенбек Байжанұлы береке-бірлік бар жерде ғана істің алға басатынын айтып, ақ батасын берді.
Айта кетейік, Сәрсенбек Байжанов 1923 жылы Шиелі ауданында дүниеге келген. Соғыс жылдары Сталинградтың Солтүстік батысындағы Магеллан қаласындағы шайқасқа қатысқан. Сол жолы көзінен, қолынан, аяғынан жарақат алып, бір жылдай госпитальда емделген. Екінші топтағы соғыс мүгедегі болып елге оралады. «Қызыл жұлдыз», «Германияны жеңгені үшін» ордендерімен және Ұлы Отан соғысының 50, 60, 65, 70, 75 жылдық мерекелік медальдарымен марапатталған. Жұбайы Жәмила Сейітжанқызымен бірге 5 ұл, 6 қыз өсіріп-тәрбиеледі. Бүгінде 40 немере, 65 шөбере және 3 шөпшегі бар.
Ал облыста Ұлы Отан соғысының 6 ардагері бар.
Дереккөз: syrboyi.kz