Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қоғамда дау тудырған «әруақ» мәселесіне нүкте қойды деп хабарлады Qaz365.kz сайты.
Бұған дейін отандық телеарналардың бірінде Астанадағы бас мешітте өткен ақсақалдар арасындағы І республикалық бата беру байқауында бас мүфти «әруақ» сөзін аз қолдану керек, ал реті келсе, мүлдем қолданбау қажет» деп айтқаны көрсетілген. Бірақ кейіннен Діни басқарманың баспасөз хатшысы Ағабек Қонарбайұлы «Бас мүфтидің дұға жасау әдептеріне қатысты айтқан сөзі эфирден толық берілмей қалған. Осыған байланысты әлеуметтік желі қолданушылар түрлі пікір жазылып жатыр» деген болатын. Бүгін бас мүфтидің өзі мешітте осының нүктесін қойды.
«Қазақы дүниетанымда әруақты құрметтеу, марқұмдардың әруағына Құран-дұға бағыштау, әруақ қолдасын, желеп-жебеп жүрсін дегеннің барлығы шариғатымызда рұқсат етілген, шариғатымыз тыйым салған дүниелер емес. Мұны жақсы түсінуіміз керек», – деді Бас мүфти.
Ол қазақ халқында рухты әруақ сөзімен атап, оны ерекше қасиетті ұғым ретінде бағалаған деп айтты.
«Әсіресе, дүниеден өткен ғалым, ғұлама, әулиелердің әруағын қастерлегені баршамызға белгілі, асыл дінімізде «Тәуәссул» деген ұғым бар. Бұл сөздің тілдік тұрғыдағы мағынасы қандай да бір мақсатқа жету үшін белгілі бір құралды себеп ету. Шариғат ғалымдарды «Тәуәссулды» өзгеден дұға тілеп, Алла тағалаға жақындау деп түсіндірген», – деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Сондай-ақ Мұхаммед пайғамбарды тірі кезінде де, қайтыс болған соң да «Тәуәссул» жасап, дұға тілеуге рұқсат етілгенін айтты.
«Хадистерде ғалымдарымыз айтады, адам баласы қайтыс болған соң, ұрпақтарының жақсылығымен қуанады. Арттағы ұрпақтары бір қателік жасап, күнәға батса ұялады. Қуанған ата-аналар балалары үшін дұға етеді. Қазақ халқы «әруақ желеп-жебей жүрсін» дейді. Мінекей, мұның бәрі шариғатта негізі бар дүниелер», – деді Бас мүфти.