Өңірлерде су тапшылығы мәселесі ең өзекті проблемалардың бірі болып отыр. Соның салдарынан шаруалар түрлі қиындықтарға тап болып, шығынға батып, жоспарлағандай өнім ала алмай келеді. Мұндай жағдай кешенді тәсілді, сондай-ақ депутаттардың ғалымдармен және сарапшылармен бірлесіп жұмыс істеуін талап етеді.
Сенат отырысында Палата төрағасы Мәулен Әшімбаев осы мәселеге тоқталып, аталған түйткілге салалық министрлік басшылығының назарын аударды.
«Кейбір өңірлерде топырақтың ерекшелігіне байланысты негізінен тек күріш өсірілетіні белгілі. Алайда бюрократиялық кедергілерді көлденең тартып, шаруаларға күріш егуге шектеу қоя алмайтынымыз түсінікті. Онымен мәселе шешілмейді. Бұл жерде жан-жақты ойластырылған, пысықталған кешенді жұмыс қажет. Қалыптасқан жағдайды зерттеп, өзара ақылдасып, осы саладағы сарапшылармен кеңесіп отырып, шешім қабылдау керек. Бұл – министрдің бір бұйрығымен шешіп тастайтын мәселе емес», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар Палата төрағасы осы проблема сенаторлардың аймақтарда жергілікті тұрғындармен кездесулерінде де жүйелі түрде көтерілетінін жеткізді. Сондықтан Сенат өңірлердің мүддесін қорғайтын Палата ретінде бұл бағытты үнемі бақылауда ұстайды.
Мәулен Әшімбаев көтерілген тақырыпқа сәйкес басымдықтарды іске асыру үшін Сенат Үкіметпен ынтымақтаса жұмыс істеуге де дайын екенін атап өтті. Отырыс барысында жасалған барлық ұсыныс осы іс-шараның қорытындысы бойынша әзірленетін ұсынымдарға енгізіліп, Үкіметке жолданады.
Бүгінгі күні еліміздің оңтүстігіндегі диқандар су тапшылығы мәселесімен бетпе-бет келіп отыр. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев Палата отырысында осы түйткілге назар аударды. Сенат депутаттары осы жағдайға орай Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің суармалы жерлерді пайдалану және су үнемдеу технологияларын енгізу жөніндегі ақпаратын тыңдаған болатын. Жиын барысында Мәулен Әшімбаев Түркістан облысының тұрғындарын алаңдатып отырған проблемаларды айтып, Сырдария трансшекаралық өзенінің жағдайына қатысты мәселеге тоқталды.
Сенатта жергілікті өкілді органдармен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі кеңестің отырысы өтті. Сол жиында Түркістан облысынан келген әріптестеріміз Жетісай, Мақтаарал аудандарындағы мәселелерді көтерді. Негізгі түйткіл – «Достық» каналы арқылы келетін су көлемінің азаюы. Мәселен, көрші мемлекеттермен жасасқан шарттарға сәйкес, елімізге секундына 40 текше метр су келуі керек. Алайда бүгінде ол көрсеткіш шамамен 25 текше метр көлемінде ғана деген ақпарат бар», – деді палата спикері өз сөзінде.
Сонымен қатар Мәулен Әшімбаев еліміздің оңтүстік өңірлерінде ауыл шаруашылығы маңызды сала екенін, оны дамыту көрші мемлекеттерден келетін судың көлеміне тығыз байланысты болып отырғанын айтты. Мәселенің оң шешілмеуі аймақтағы шаруалардың наразылығын тудырғанын тілге тиек еткен Сенат төрағасы тиісті мемлекеттік органдарды осы салада белсенділік танытуға шақырды.
Қалмаханбет МҰҚАМЕДҚАЛИ