Жыл сайын ерте көктемнен атыз жағалап, белі бүгіле еңбек ететін еңбекші қауымының қиындығы аз емес. Егінді ысырапсыз жинап алу қарекетімен жүретін диқанды бірінші кезекте су тапшылығы тығырыққа тірейді. Алайда әрбір науқанда кезігетін бұл мәселені еңсеру мүмкін болмай тұр.
Биыл да дария суы жылдағыдан жоғары болды деп бөркін аспанға атып қуанған диқан қауымының қуанышы ұзаққа бармаған сыңайлы. Жаппай егін егу жұмысы қарқын алған сәтте әдеттегідей су тапшылығы бір бүйірден қыса бастады.
Бір ғана Қызылорда облысына қарасты Жаңақорған ауданының диқандары дария суының болмауына байланысты егілген дән құстың жеміне айналып бара жатқанын айтып, дабыл қағып жатыр. Жағдай бұлай жалғаса берсе, берекелі күзде жер-ананың ырзық-несібесінен қағыламыз ба деп қорқады. Күрішті бастыруға су таппай сергелдеңге түскен шаруалардың шарадай басы шақшадай болып жүр.
Негізінен, биыл облыста 195,6 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жоспарланған. Соның ішінде күріштік алқап 83,9 мың гектарға межеленген. Осы арқылы күріштің көлемін өткен жылға қарағанда 5,3 мың гектарға арттыру көзделген.
Дала төсін дүбірге бөлеген диқан қауымы бұл науқанда тұқым, басқа да қажетті жабдықтармен толық қамтылғанымен, суға бастыру кезеңінде тағы да су тапшылығына кезігіп отыр.
Бұл тұрғыда Сырдария өзеніндегі су деңгейін бақылайтын сала мамандары егіс алқабына жіберілетін су көлемі толық қамтылғанын, алаңдауға негіз жоқ екенін айтып отыр. Бұл жайында жуырда Қызылорда облысы әкімдігінде өткен брифингте «Арал-Сырдария» бассейндік инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Зейнулла Қазтоғанов мәлімдеген болатын.
«Жалпы, Шардара су қоймасынан жеткілікті деңгейде су келіп жатыр. Қазір қоймада 4 301 млн текше метр су бар. Бұл орайда Шардара су қоймасы мен Көксарай су реттегішінің жұмысы ұдайы бақылауда. Жергілікті атқарушы органдар және су шаруашылығы ұйымдарымен Сырдария өзеніндегі су деңгейіне бақылау жұмыстары тұрақты жүргізеді», – деді ол.
Негізінен, бүгінде су қоймасына жіберіліп жатқан тіршілік нәрінің көлемі секундына 82,8 текше метрді құрайды екен. Ал төменге секундына – 200 текше метр су жіберіліп жатыр. Сол сияқты Көксарай су реттегішінде 750,56 млн текше метр су көлемі болса, Әйтек су торабынан өзеннің төменгі ағысына жіберілген су көлемі секундына 5 текше метрді құрап отырғанын алға тартады.
Ал «Қазсушар» РМК тарапынан егілген егісті суармалы сумен қамтамасыз ету бойынша алдын ала су пайдалану жоспарына сәйкес жұмыстар жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
Бірақ күріш өсіріп отырған шаруашылықтар биыл да мәселе басы ашық күйде қалып отырғанын айтып, ашынып отыр. Сала мамандары айтқандай, мол судың игілігін көре алмай отырғанын, еселі еңбектің өтеуі қайтпай тұрғанын жеткізді.
«Егін шаруашылығында мәселе шаш-етектен. Жыл өткен сайын шешімін табар емес. Былтырғы ахуал биыл да қайталанып отыр. Қазір егінжайда вегетация кезеңі жүріп жатыр. Күрішті суға бастыруда су тапшылығының зардабын тартып отырған шаруашылықтар жетіп артылады. Өзімізге қарасты шаруашылықтар қатарынан бір ғана «Бесарық» серіктестігін алып қарасақ, бүгінде қиын кезеңді бастан кешіп отыр. Осы Сырдария ауданына қарасты Бесарық ауылында 500 гектар күріш егіледі. Оны Жаңадария каналы арқылы суарамыз. Алайда судың өз күшімен жеткілікті деңгейде келмеуіне байланысты 9 электрлі су тарту сорғысын іске қосып отырмыз. Егер сорғы болмаса егінжайдағы еселі еңбектің зая кететіні ащы да болса шындық», – дейді бұл жайында «Абай-Дәулет» ЖШС директорының орынбасары Жасұлан Тұрлыбеков.
Сыр диқандарының айтуынша, қыс мезгілінде су мөлшері жеткілікті деңгейде келіп тұрады. Ал көктем, жаз айларында тапшылығы байқалады. Бұл жылда қайталанатын құбылыс. Себебі дария суы көршілес мемлекеттерімен байланысты болғандықтан егін науқанында диқан қауымына үлкен қиындық туады. Сол себепті де әр шаруашылық шама-шарқынша су айдау сорғысын пайдалануға мәжбүр.
«Жалпы, мұндай қиындықтар егін шаруашылығында бар. Жыл сайын қайталанып отырады. Дейтұрғанмен, қиындықтар болды екен деп қол қусырып қарап отыра алмаймыз. Қиындықты еңсерудің түрлі жолдарын жасап келеміз. Биыл да жұмыстың ретін келтіріп, күріштік алқабымызды әупірімдеп суға бастырып алдық. Негізінен, жылда қайталанатын мәселені оңтайлы шешудің жолдарын қарастыру қажеттілігі туындап тұр», – деп өз ойымен бөлісті тағы бір іргелі шаруашылық «Жан-Арай» ЖШС директоры Бақдәулет Махашов.
Негізінен, күрішшілердің көңілін күпті еткен су мәселесі жылда жырға айналған. Су тапшылығына байланысты күріш көлемін азайтып, суды аз қажет ететін өнімдерді егуге бетбұрыс жасап отырса да, мәселенің азаймай тұрғанын мәлімдеді.
Сондықтан құзырлы орындар тарапынан көрші мемлекеттермен келісімге келіп, су тапшылығын еңсерудің оңтайлы жолын тапса деген ұсыныстарын жеткізіп отыр.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы