Хромтауда өтіп бара жатқан адамға оқ атқан бұзақы ұсталды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, түнгі сағат 02:00 шамасында «102» пультіне Хромтау қаласы Жұбанов көшесіндегі үйдің ауласында белгісіз біреудің өтіп бара жатқан адамға оқ атқаны туралы хабарлама түскен. Күдіктіні ұстау үшін дереу оқиға орнына полиция жасағы жіберілді. Олар ер адамның қылмыстық әрекеттерін əрі қарай жалғастыруының алдын алды. Полиция қызметкерлері Мақсат Дастан мен Жылқайдар Жұлдызбек өз өмірлерін қатерге тігіп, оқ атқан адамды ұстады.
Күдіктінің Хромтау қаласының 50 жастағы тұрғыны екені анықталды. Белгілі болғандай, мас халдегі күдікті әйелімен жанжалдан кейін көпқабатты үйдің ауласына шығып, кездейсоқ өтіп бара жатқан адамға оқ атқан. Жәбірленуші иығынан жарақат алды.
Осы факті бойынша ҚР ҚК-нің 293-бабы 3-бөлігі («Бұзақылық») бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.