Ақтөбе облысында қылмыс жасалмайтын ауылдардың саны артты, деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.
Бұған дейін өңірдегі 6 ауданда орналасқан 10 ауылда соңғы екі жылда қылмыс тіркелмегені хабарланған. Араға үш ай салып, қылмыс жасалмайтын ауылдардың қатары 14-ке жетті.
Олар:
- Ырғыз ауданы Құрылыс, Шеңбертал, Жаныс би, Құйлыс ауылдары;
- Алға ауданы Амангелді;
- Мұғалжар ауданының Бұлақты, Миялыкөл ауылдары;
- Темір ауданы Тасқопа ауылы;
- Әйтеке би ауданы Ақкөл, Ақтасты, Толыбай, Қайрақты ауылдары;
- Хромтау ауданы Тассай ауылы.
Мұғалжар ауданы Егіндібұлақ ауылдық округінің Бұлақты ауылында бүгінде 105 үйде 476 адам тұрады. Ауыл тұрғындарының ауызбіршілігі мен құқықбұзушылықтың жоқтығы көз қуантады. Бұл көрсеткіш – Егіндібұлақ ауылдық округінің әкімі Әлімжан Аңдақұлов пен округтің учаскелік полиция инспекторы Дастан Сақтағановтың тыңғылықты қызмет етуінің жемісі, – деп жазылған хабарламада.