Ауа райы құбылып, қыстың ақ ұлпа қары жерге түспейінше жұртты әбігерге салатын дерттің екпіні күшейеді. Ол – тұмау. Көпшілікке жиі жұғатын бұл вирустың қазіргі қарқыны қатты. Тұмаудан еліміз бойынша, әсіресе, кішкентай сәбилер мен мектеп жасындағы балдырғандар қатты зардап шегуде.
«Жаз, өтіп, күздің салқын лебі сезіле бастаған кезде тұмауратушылардың көбейіп кететіні бесенеден белгілі. Сондықтан одан сақтана білген жөн. Ауа-райының бірде салқындап, бірде күрт жылынуынан тұмау өршіп кетті.Коронавирус індетінен соң көңілі шайлыққан халық тұмау мен індеттің ара жігін ажырата алмай дегбірсізденуде. Сондықтанда аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Бақтыгүл Мұсағалиеваға хабарласқан болатынбыз. «Ауданда эпидахуал тұрақты, коронавирус белгілерімен науқас тіркелген жоқ» деп мәлімет берді. Алайда құбылмалы ауа райы балалар арасындағы тұмауды көбейтіп жібергенін жоққа шығармады. Мәселен, қыркүйек айы басталғалы 106 бала осы аурумен тіркелді», – дейді аудандық аурухананың эпидемиолог-дәрігері Әсел Әлсенова.

Тұмау – бұл жіті респираторлық вирустық инфекциялар тобына кіретін ауру. Қазақстанда жыл сайын эпидемиологиялық кезеңде ЖРВИ-мен және тұмаумен 800 мыңнан 1 миллионға дейін адам ауырады екен. Жалпы жұртшылық тұмауды жеңіл сырқат санағанымен, мұның да салдары ауыр болатынын естен шығармау қажет. Яғни тұмауды жеңіл-желпі сырқат деп қарауға әсте болмайды. Егер уақытында аурудың алдын алып, ем қолданбаса, түрлі қосымша дерттің асқынуына әкеліп соғады. Кейде дер кезінде емделмеген жағдайда ол асқынып кетіп, тыныс жолын, нерв жүйесін, қан тамырды, жүректі ауруға шалдықтырады. Мамандардың айтуынша, тұмаудың алдын алудың негізгі 3 әдісі бар: екпе егу, дәрімен алдын алу, жеке бас гигиена ережесін қадағалау.
Екпе тұмаудан қорғай ала ма?
Бұл сырқаттың алдын алудағы ең тиімді жолы – тұмауға қарсы вакцина. Вакцина қабылдағаннан кейін екі аптадан соң әсер етеді. Тұмауға қарсы екпе адамға эпидемия кезінде аурудан сақтап, тұмауға шалдыққан жағдайда, ауруды тез әрі жеңіл өткеруге көмектеседі. Бір вакцинаға кететін қаражат ауырып қалған жағдайда дәрілерге кететін ақшадан әлдеқайда аз. Сонымен қатар сабағын және жұмысын қалдырғысы келмейтін жандарға алдын-ала екпе жасаған дұрыс. Кішкентай бүлдіршіндер үлкендерге қарағанда тұмауды ауыр өткереді. Сол себепті балаларға да екпе жасатқан дұрыс дейді білікті мамандар. Туғанына алты ай болған нәрестеден бастап, жасы жүзден асқан адамдарға дейін егілуге болады. Әйтсе де, екпе ектірмес бұрын терапевт дәрігерге жолығып, ақыл-кеңес алу артық болмайды. Ал балаларға екпе салдырмас бұрын педиатр дәрігерлерге тексертіп, екпенің қажетті-қажетсіздігін алдын-ала анықтап алған абзал. «Сақтансаң сақтаймын» деген емес пе, екпенің бәрі қорғаныш, дәрінің барлығы ем бола бермейтінін есте сақтаған дұрыс болар.
Екпе балалар арасындағы аурудың асқынуын 30 пайызға төмендетеді. Жүкті әйелдер вакцинаны жүктіліктің 14-ші аптасынан кейін жасатқаны дұрыс. Мамандар осылай деп кеңес бергенімен, соңғы кездері елімізде екпе салдырудан ашық түрде бас тартатындар қатары көбейіп барады. Тұмаудан сақтану үшін ЖРВИ және тұмаумен сырқаттанушылар көбейген кезде халық көп жиналған орындарда болмауға, салқын тигізіп алмауға тырысу қажет және ауа райына сәйкес киіну керек. Сол сияқты таза ауада серуендер алдында немесе көшеге шығар кезде мұрныңызға оксалин майын жағып алсаңыз, тұмау немесе басқа ЖРВИ вирустарының тыныс жолдарына енуі күрт төмендейді.
Адам ағзасының кез-келген ауруға қарсы тұру қабілеті әркімнің иммунитетіне тікелей байланысты. Иммунитеті мықты адам тұмаудан да қорықпайды. Ол үшін теледидардан күнделікті беріліп жататын ауруды бір сәтте сылып тастауға жәрдемі тиер жарнамадағы түрлі дәрі-дәрмектерді қабылдап, түшкіре қалса, тұмау келіп қалды деп тұмауға қарсы қолданылатын дәрілерді өз бетінше қабылдауға болмайтын көрінеді. Өз бетінше қабылдаған дәрілердің кері әсері болуы, оның ағзадағы иммундық қабілетті төмендетуі мүмкін екен. Сол себепті иммунитетті дәрімен емес, таза ауада серуендеп, спортпен айналысып, салауатты өмір ұстанымдары арқылы нығайтуға болады екен. Сондықтан ауырмаймын десеңіз, ең алдымен, иммунитетіңізді мықтаңыз.
Дархан Байтілес