коллаж: Halyq Uni
Сенатта «Қоғамдық бақылау» туралы заң мен ілеспе құжат мақұлданды
Бүгінде Сенатта «Қоғамдық бақылау» туралы заң мен ілеспе құжат мақұлданды.
Данияр Қадыровтың пікірінше, заң жобасы қоғамдық бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.
Қоғамдық бақылау нысандарына мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйымдар мен емхана, мектеп, мемлекеттік қызмет ұсынатын ұйымдар жатады. Үкіметтің қатысы бар мекемелерді де тексере аласыз. Мектепті тексеруге барам десеңіз, сол мектептің басшылығына нені тексергіңіз келетінін айтып хат жазасыз. Содан кейін уақытын белгілейсіз, – деді министрдің орынбасары Сенат кулуарында.
Ол заңның нормасын қарапайым тілде түсіндіруге тырысты.
«Мысалы, асханада балаңыз уланып қалды дейік. Сол мекемені тексергіңіз келсе, мектеп басшылығы асханадағы тазалықты сізге аралатып көрсетуі керек. 10 күннен кейін сіз қорытынды жасап, олқылықтар мен кемшіліктерді жою үшін мектеп басшылығына хат жазып жібереcіз.
Мектеп басшылығы сізге 10 күн ішінде жауап беруге тиіс. Бұл жауап электронды алаңдарда ашық көрсетілуі керек. Әр азамат білім ордасына өзі жалғыз барып, тексере алады. Оның ішіне Назарбаев университеті мен мектептері де кіреді», – деді Данияр Қадыров.
Осылайша, қазақстандықтар қоғамдық бақылауды күшейте алады әрі бұл мемлекеттік ұйымдардың ашықтығын көрсетеді. Алайда мекемені тексеру үшін нақты себеп керек.
Егер мемлекеттік ұйымдар жайлы барлық ақпарат электронды түрде жарияланса, барып тексерудің де қажеті жоқ. Ал нақты сұрақтар мен мәселе туындаса, қазақстандықтар барып тексере алады, – деді вице-министр.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Назарбаев университетін тексере алмайтынын мойындап, заңға өзгеріс енгізілетінін айтқан еді.
Дәурен Ерболат