Бас прокуратураның алқа отырысында бейінді министрліктер басшыларының қатысуымен ормандарды қорғау саласындағы заңдылықтың жай-күйі қаралды, – деп мәлімдеді ведомствоның баспасөз қызметі.
Бас прокурор Берік Асыловтың сөзінше, Қазақстанда бүкіл аумақтың 4,7%-ы ғана орман алқаптарымен қамтылған. Табиғи өсімнің төмендігі аясында өрттер мен бақылаусыз ағаш кесу оның одан әрі қысқаруына әкеледі. 5 жыл ішінде жалпы ауданы 610 мың гектар орманда 3 мың орман өрті болып, 30 млрд теңгеге жуық шығын келтірілді. Барлығы жыл сайын 600-ден астам жағдай тіркеледі.
Отырыс барысында Абай және Қостанай облыстарында болған ірі өрттерді тексеру және тергеу барысында прокурорлар анықтаған бірқатар түйінді проблема айтылды:
өртті сөндірудің нақты алгоритмдерінің жоқ болуы;
Экология және Төтенше жағдайлар министрліктерінің бөлімшелері арасындағы тиісті өзара іс-қимылдың болмауы;
өртті ерте анықтау жүйелерінің болмауы;
техниканың тозығы жеткен жай-күйі;
орманшылардың өртті жедел сөндіруге дайындығының болмауы.
Осыған байланысты төтенше жағдайларға әкеп соққан себептер мен жағдайларды жою мақсатында Бас прокуратура Үкіметке ұсыныс енгізді.
Орманды заңсыз кесуге қарсы күрес, сондай-ақ орман мекемелерінің оны молайту, оның ішінде Астананың “жасыл белдеуін” кеңейту жөніндегі іс-шараларды сапасыз жүргізуі мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Бас прокурор сондай-ақ осы саладағы әкімшілік және қылмыстық құқықбұзушылықтардың анықталуының төмендегенін атап өтіп, орман ағаштарын ұрлаудың заңсыз схемаларының жолын кесу жөніндегі жұмыстың тиімділігін арттыру қажеттігін атап өтті.
Дереккөз: Айқын.кз