фото: egemen.kz
Америка азаматы Хамиш Паулс қазақ халқының ру тармақтары мен этникалық құрамы жайында жақсы біледі. Ол Кіші жүздің 4 тайпасын, 31 руын түгел жаттап алыпты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Хамиш Паулс 2017 жылдан бері Атырауда тұрады. Осы уақыт ішінде ол қазақ халқының салт-дәстүрі мен мәдениетіне қанығып үлгерген. Хамиш «Теңізшевройл» ЖШС Үкімет және қоғаммен байланыс департаменті бас менеджерінің орынбасары болып жұмыс істейді. Жыл сайын әріптестерімен бірге дәстүрлі Наурыз мерекесін тойлайды. Ол бұл мерекені жақындардың басын қосатын тамаша мереке деп біледі.
Оған бұл күні көпшіліктің ұлттық киіммен жүретіні ерекше ұнайды. Оюмен көмкерілген ұлттық нақыштағы киімдер көздің жауын алатынын айтады.
«Маған бауырсақ, көже ұнайды. Менде тіпті қазақтың ұлттық киімі бар, маған оны сыйға тартқан. Ол киімді ерекше іс-шараларға киемін. Оның оюлары мен түстері көңіл-күйді көтереді. Қазақстан мен бұрын барған елдерден ерекше. Мұндағы адамдар өте мейірімді, қонақжай. Ал бұл елдің табиғаты, тіпті тамаша», дейді Хамиш.
Ол бос уақытында қазақ халқының рулары жайында оқиды.
«Мені бір халықтың ру тармақтарға қалай бөлінетіні қызықтырады. Мен Қазақстандағы 200-ден астам румен танысып шықтым. Әзірге Кіші жүздің руын ғана білемін», дейді ол.
Халқымыздың салт-дәстүрінен бөлек, ол қазақтың ұлттық ойындары мен музыкалық аспаптарына да қызығады. Мысалы, ол жақында асық ату мен ләңгі тебуді үйренді. Хамиш асық ату ұқыптылыққа, алғырлыққа, тапқырлыққа дұрыс есептеуге үйретсе, ләңгі дәлдік пен ептілікті дамытады дейді.
«Маған бұл ойындарды кенже ұлым үйретті. Ол да Атырау қаласында тұрады. Бұл ойын түрлерін ол мектептен үйреніп келді. Ал 15 жастағы балам домбыра тартуды үйренді. Ол музыка мектебінде оқиды, қазір 6 күйді шерте алады. Сүйікті күйлеріміз – «Адай», «Балбырауын». Менің түсінуімше, бұл Атыраудағы ең танымал туындылар», деп түйіндеді ол.
Аяна ТОҒАНБЕК