Іс-шараға Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Мажарстан, Өзбекстан, Түрікменстан және Түркияның сыртқы саяси ведомстволарының басшылары, сондай-ақ Түркі мемлекеттері ұйымы, ТүркПА және ТҮРКСОЙ бас хатшылары, Түркі академиясы, Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры, «Түркі инвестициялық» қорының президенттері және Түркі мемлекеттері ұйымы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы қатысты.
Отырыстың ашылуында Қазақстан Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу түркиялық әріптесі Хакан Фиданды Түркия Республикасының 100 жылдығымен құттықтады.
«Түркі мемлекеттері ұйымы мерейтойлық саммиті және министрлер кеңесінің Қазақстанда – түркі ата-бабаларының жерінде өтуінің символдық мәні бар. 1993 жылы шілдеде Түркітілдес мемлекеттердің алғашқы саммиті Қазақстанда өткен еді. Мемлекеттеріміздің басшылары бүгін Астана актісі мен Декларациясын қабылдап, ұйымымыздың жаңа тарауын ашуға жиналып отыр. Бұл көрнекті құжаттар көшбасшыларымыздың түркі халықтарының ортақ тарихына, тіліне, мәдениетіне, дәстүрлері мен құндылықтарына негізделген жарқын болашаққа деген бірлескен көзқарасын айғақтайды», деді М.Нұртілеу.
Сала басшысы саммит пен кеңес қабылдаған шешімдер ұйымның институционалдық нығаюына ықпал ететінін атап өтті. Сондай-ақ 160 миллион халықты және 4 миллион шаршы шақырымнан астам аумақты қамтитын одақтың жан-жақты ынтымақтастығын ілгерілетеді.
«Елдеріміз бен халықтарымыздың тұрақтылығы мен өркендеуін қамтамасыз еткіміз келсе, қазіргі геосаяси турбуленттілік пен экономикалық сын-қатер бізден ТМҰ шеңберінде келісілген күш-жігерді талап етеді. Сондықтан еліміз Таяу Шығыстағы зорлық-зомбылықтың ушығуына қатты алаңдайды. Біз халықаралық қоғамдастықпен ынтымақтастыққа қосыламыз және Израиль мен ХАМАС арасындағы атысты дереу тоқтатуға шақырамыз», деді М.Нұртілеу.
Министрдің айтуынша, Газа халқы үшін гуманитарлық дәліз – Қазақстан дипломатиясының бірінші кезектегі міндеті. Ол қандай да бір алдын ала шартсыз орындалуға тиіс.
«Қақтығыс тараптары Таяу Шығыста ғана емес, бүкіл әлемдегі тұрақтылық пен қауіпсіздік үшін бейбіт келіссөзге назар аударып, БҰҰ-ның тиісті қарарларына сәйкес «Екі халық – екі мемлекет» формуласын қолдауы керек. Шынында да, қазіргі жағдай бұрын-соңды болмаған және оны еш болжау мүмкін емес. Осыған қарамастан Қазақстан БҰҰ Жарғысында және халықаралық құқықта бекітілген құндылықтар мен қағидаттарды берік ұстанып, теңгерімді, көпвекторлы сыртқы саясатты жүргізуді жалғастыра береді», деді М.Нұртілеу.
Сыртқы істер министрі Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы саяси және экономикалық ынтымақтастықты кеңейтудің мүмкіндіктеріне тоқталды. Қазіргі таңда көлік қатынасы, логистика, климаттың өзгеруі, ақпараттық технология және туризм саласы үлкен үміт күттіреді.
«Түркі ынтымақтастығының дәстүрлі рухымен аталған бағытты зерделеуді асыға күтемін. Осы тұрғыда мен мынаны атап өткім келеді. Біріншіден, Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымының төрағалығын қабылдайды. Басымдықтарымыз өзара түсіністікті нығайтуға, бауырлас халықтардың ынтымақтастығын стратегиялық серіктестіктің келесі деңгейіне көтеруге бағытталады.
Биылғы саммит «TURKTIME» ұранымен өтеді: дәстүрлер, бірігу, реформалар, білім, сенім, инвестиция, араағайындық және энергетика тақырыбы талқыланады. Сондай-ақ Қазақстанның 2023-2024 жылдарға арналған төрағалығының тұжырымдамалық құжатын дайындадық», деді М.Нұртілеу.
Екіншіден, сала басшысы Түркі мемлекеттері ұйымы саяси байланыстан бөлек, сауда және экономикалық байланысқа ерекше маңыз беретінін атап өтті. Мәселен, былтыр Қазақстан мен ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы тауар айналымы 13 миллиард долларды құраған.
Отырысқа қатысушылар Түркі мемлекеттері ұйымы мемлекеттері басшыларының алдағы саммитіне дайындық мәселелерін талқылады, сондай-ақ осы іс-шара барысында қол қоюға жоспарланған құжаттардың жобаларын бекітті.
Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ