Ақтауда «Jadagay» ұлттық брендінің түйе жүнінен сырт киімдер тігетін цех пен сән үйі ашылды. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту маңыздылыққа ие болғандықтан, киім тігу таң емес. Бірақ Ақтаудағы цехтың өзгелерден айырмашылығы – экологиялық таза шикізатты тұтынуы.
Қаршадайынан іс тігуге құмар ол қазақтың ұлттық сырт киімі жадағайды жаңғыртуға бел байлапты. Осы оймен ең алғаш әкесіне түйе жүн жадағай тігіп кигізгені сол екен, жан-жақтан қызығушылықпен тапсырыс берушілер көбейген, тіпті шетелден сұраныстар түсе бастаған.
Айжан бұл мәселеге үстірт қарауға болмайтындығын, жадағайды заманауи үлгіде тігіп, сән мен сапа жағынан жетілдіре түсу қажеттігін ұғынады да, жан-жақты ізденіске ден қояды. Өзі – әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін шет тілі мамандығы бойынша бітірген жоғары білімді маман. Тіл білгенінің арқасында Мәскеуден «Сырт киім тігу технологиясы» курсын бітіріп, пандемия кезінде Италиядан дизайнерлік курсты онлайн оқып, білімін жетілдірді.
– Ең алғаш осыдан он шақты жыл бұрын жұмыста отырғанымда бөлмеме ескі көк жадағай киген әже кіріп келді. Жадағайының өңірінде шашақпен үлкен жұдырықтан сәл кіші көлемде жарқырап тұрған күміс түймесіне көзім бірден түсті. Киім киісі мен сырт киіміндегі әшекейлі түймесі, орамал тартысы әжені бүгінгінің емес, бұрынғының адамындай, байырғы заманнан бүгінге көк жадағайымен бір-ақ аттап кірген тірі жәдігердей сезінтті. Ескінің көзі екенін біліп, жадағайын, шашақтары мен түймесін қызығушылықпен суретке бірнеше рет түсіріп алған едім. Сол әженің бейнесі әлі көз алдымда, маған қатты әсер етті. Кейін жадағай тігіп бастағанымда сол түймені жаңғыртып шығару ойымда жүрді. Көп ұзамай ойым іске асып, зергерге барып қоңырау түймені қайтадан жаңғыртып шығардық. Үлкендердің айтуынша, зергерлер шығармашылығымен, қиялымен жасалған қоңыраулы түйменің түр-түрі болған. Мен көріп қызыққан, суретке түсіріп алып, кейін тапсырыспен жасатқан тек бір үлгісі ғана. Қазір ойлап отырсам ұлттық киім жадағайды қайта жаңғыртып халыққа ұсыну, көрмелерге шығару маңдайыма жазылып, алдын ала дайындалғандаймын. Елде жадағай көп, бірақ түймесі бар жадағай өте аз. Сол көк жадағайды көруім бір нышан шығар деп ойлаймын, – дейді Айжан Рахымбайқызы өз кәсібінің бастауы туралы.
Еліміздің бірнеше қаласында өткен көрмелерге қатысып, Дубай, АҚШ-тың Вашингтон және Нью-Йорк қалаларында өткен «Smithsonian folklife» халықаралық сән көрсетілімдерінде қазақтың ұлттық киімдерін шетелдіктердің назарына ұсынды. АҚШ-тың 50 штаты мен әлемнің 100-ден аса елі өкілдері тоғысқан ұлттардың мәдени салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптары көрсетілімі Айжан шебер үшін шығармашылық шыңдалу сатысы болды. Осы сапарында АҚШ-та кездескен Мұхтар Мағауин атасына жадағай кигізіп, батасын алды.
Айжан Сембіғалиева Ақтауда «Jadagay» ұлттық брендінің түйе жүнінен сырт киімдер тігетін цехы мен сән үйін ашып, әзірге өзі дайындап, жадағай тігуді үйреткен үш адамды жұмыспен қамтып отыр. Ел экономикасының нығаюына «кірпіш болып қаланған» Айжанның алдына қойған мақсаты аз емес.
Гүлайым ДӘУІТБАЙ
Маңғыстау облысы