Мысалы, менің атым – Сәрсенбай делік. Неге Сәрсенбай деп атаған? Бұл есім қайдан шықты? Ал қосымшадағы түсініктемеге «Сәрсенбі – аптаның үшінші күні. Қазақта «сәрсенбінің сәтті күні» деген сөз бар» деген жазбаларды енгіземіз.
– Алдымен қосымша туралы бірер сөз айта кетсеңіз. Бұл қосымшаны ойлап табуға не түрткі болды?
– Халықаралық компанияда жұмыс істеп жүрген кезімде айналамның бәрі орысша сөйлеп, орыс тілінде жаңалық оқитынын байқадым. Ал орыс тілін үйренуге, оқытуға арналған құралдар мен веб-сайт жетерлік. Одан бөлек, арнайы курстар немесе репетиторға бару арқылы да үйреніп алуға болады. Қазақстанда жұмыс істейтін көп шетелдік қазақ тіліне қызығады. Олар қазақ тілін үйрену арқылы адамдармен жақын қарым-қатынас құрып, бастаған кәсібін дамытқысы келеді. Қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрімен танысуға да ниетті. Сондықтан «Қазақ тілін қалайша және қайдан үйренуге болады? Қандай тиімді жолдары бар?» деген сұрақтарды жиі қояды. Сондықтан интернетте қазақ тілін үйренуге септігін тигізетін платформаларды іздей бастадым. Өкініштісі сол, қазақ тілін үйретуге бағытталған сапалы веб-сайт, қосымшалар жоқ екен. Бар болған күннің өзінде де қазақ тілінің грамматикасын немесе лексикасын ғана түсіндіреді. Яғни, практикалық тұрғыда өмірде көп қолданатын сөздер, тұрақты тіркестер, диалогтар кіріктірілмеген. Содан соң ойыма ақыры өзім құрастырып шығарайын деген идея келді. Негізгі ой – шетелдіктерді қазақша диалогтар арқылы оқыту. Неге диалогтар арқылы деп сұрасаңыз, SOILE деген веб-сайт пен қосымшаны қолданушылар ондағы сөздерді өмірде қолданбайтынын айтты. Сондықтан қолданыстағы сөздер арқылы жан-жақты диалогтар жиынтығын құраймыз. Қосымшада грамматикалық және лексикалық түсініктемені қамтитын 10 аудио нұсқаулық болады. Шетелдіктерге қазақ тілінің грамматикасын үйрену, әрине, қиынға соғады. Өзіңіз білетіндей, қазақ тілінің жалғау, жұрнақтары күрделі әрі көп. Сол үшін оны үйретудің ең оңай жолы – ауызекі тілде, өмірде қолданатын сөздермен түсіндірме жасаған дұрыс деп ойладым.
– Күнделікті қолданатын диалогтар жиынтығынан басқа, қосымшаның тағы қандай артықшылықтары бар?
– Қосымшаны ойлап табудағы басты мақсат – қазақ халқының мәдениетіне тән түсініктемелер енгізіп, шетелдіктердің қазақ тілін оңай үйренуіне мүмкіндік жасау. Мысалы, менің атым – Сәрсенбай делік. Неге Сәрсенбай деп атаған? Бұл есім қайдан шықты? Ал қосымшадағы түсініктемесіне «Сәрсенбі – аптаның үшінші күні. Қазақта «сәрсенбінің сәтті күні» деген сөз бар» деген жазбаларды енгіземіз. Осылайша шетелдіктер қазақшаны үйрене отырып, мәдениетімізден де хабардар болады. Біздің мәдениетіміз – мұра мен тәлімге өте бай. Осындай ерекшеліктеріміз кімді болмасын қызықтырмай қоймайтыны анық. Тағы бір ерекшелік – әндер арқылы үйрету. Мысалы, Ерке Есмаханның «Қайда?» атты әнін алатын болсақ, «Шымкентте, Алматыда, Ақтөбеде» деген жатыс септіктігіндегі жалғауларды қосу арқылы сөздерді, ондағы қала атауларын және грамматиканы түсіндіру оңайырақ болады. Біле білсеңіз, адамға есту арқылы үйрену де өте тиімді. Сол үшін әндерді де енгіземіз деген жоспарымыз бар. Яғни, қосымшада диалогтар, мәдени түсініктемелер, әндер, т.с.с қызықты тәсілдер болады. Бұл әдістер үйренушінің қызығушылығын арттырып, практикада үнемі қолдануына ықпалын тигізеді.
– Бұл қосымша тек ағылшынтілділерге ғана арнала ма?
– Иә, әзірге тек ағылшын тілін білетіндерге әзірлеп көрмекпіз. Алдағы уақытта орыстілділерге де қосымша ойлап табуға болады. Қазір арамызда орысша сөйлейтіндер, қазақ тілін білмейтіндер саны көп қой. Дегенмен қазақ тілін үйренемін, оқимын деген ынталы адамдар да жоқ емес. Әрине, біздегі ең басты мақсат – ағылшынтілділерге үйрету.
– Бұл қосымша арқылы қазақ тілін қанша уақытта үйренуге болады?
– Өкінішке қарай, қазақ тілінің функционалдық грамматикасы әлі дұрыс талданбаған. Қазақ тілін үйренуге арналған кітаптарды ашып қарасаң, А1 деңгейінде тапсырмалар «Сәлем, қалайсың?» деп басталса, 10-15-бетке келген кезде күрделі мәтіндер кездеседі. Сөйтіп, үйренуші адам бірден күрделі грамматикаға тап болады. Сол үшін сабақтарды деңгей бойынша қарастырып, үйренуге оңай болуын қамтамасыз еткіміз келеді. Ағылшын тілінің Кембридж, Оксфорд жүйесіндегі деңгейге негізделе отырып, бөліп қарастыруды жоспарлап отырмыз. А1, А2 деңгейі қалай өлшенетінін жан-жақты ойластырып жатырмыз. Мысалы, KazTest-ті қарастыратын болсақ, ол да деңгейге бөлінген. Дегенмен, әлі де дұрыс талданбағандықтан, ғалымдар, академиктер түрлі ой айтады. Сол себепті бұл мәселені жіті зерттеп, тиімді жағын қарастыруға тырысамыз.
– Қосымшаны қолдану тегін бе?
– Әзірге тек прототипін әзірлеп жатырмыз. Алдағы уақытта бірінші Apple құрылғыларына, сосын Android қолданушыларына қолжетімді болады. Әзірге тестілеу үшін барлығын ақысыз түрде жасамақпыз. Кейін Duolingo секілді қосымшалар арқылы бес сабақты тегін, ал кейінгілерін ақылы түрде ұсынамыз деп жоспарлап отырмыз. Әлбетте, оның бағасы қымбат болмайды. Қазақ тілін үйренемін деген әрбір жанға қосымшаның қолжетімді болғаны біз үшін маңызды. Менің басты мақсатым – қазақ тілін халықаралық деңгейге шығару. Мұндай қосымшалар елімізде жұмыс істейтін, білім алатын шетелдік азаматтарға ана тілімізді кеңінен насихаттайды деп ойлаймын. Біздің тіліміз, дәстүріміз, отбасылық құндылықтарымыз, салт-жоралғымыз бен мәдени мұраларымыз кімді болмасын тамсандырмай қоймайды. Оның ішінде тіл мәртебесінің өсуі көңілге қуаныш ұялатады. Қазір жастар арасында тіл мерейі асқақтап келе жатқанын анық байқауға болады. Қазақша әндер, қазақша сапалы кинолар көбейіп келеді. Осы қарқынға біз де ілескіміз келеді. Біз ойлап тапқан қосымшаны дамудың баспалдағы деп қарастырғымыз келеді. Қазір Қазақстанда тұратын, бірақ қазақ тілін білмейтін шетелдік көп. Десе де, олардың ана тілімізді үйренуге ынта-жігері бар. Қонақжайлылық қанға сіңген қасиет болғандықтан, тілімізді үйренемін деушілердің бетінен қақпай, керісінше қолдау білдіргеніміз абзал. Сіз бен біз болып осындай кішкентай қадамдар жасау арқылы тіліміздің өркендеуіне үлес қоса аламыз. Тіліміз тұғырлы, ғұмырлы болсын!
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан –
Дариға НЫСАНҚҰЛ,
Л.Гумилев атындағы ЕҰУ 4-курс студенті