Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Жуырда Facebook әлеуметтік желісіне бір қолданушы екі сурет салыпты. Бірінде жаппай кітап оқып отырған Еуропаның жастары, екіншісінде аузы ашылып, көзі жұмылып діни уағыз тыңдап отырған біздің бозымдар. Пікір қалдырған жанның бәрі жастарымыздың ертеңі не болады, қайда барамыз деген сұрақтарды жаудырыпты. Расында, адам шошынатын жағдай. Негізінен ұл-қыздарымыз болашағын ғылым-білімге бұруы керек еді ғой. Ілімнің пайдасын, оны игерудің қажеттілігін діннің өзі құптайды емес пе? Ендеше, неге олай болмай тұр?
Солтүстік Қазақстан облысында идеологиялық мәселеге басшылық жасаған Ғани Нығметов деген білікті азамат екі жылдай отырып, қаншама игілікті жұмыс атқарып еді. Солтүстіктің түкпір-түкпірінде қазақ атауларын, қазақтың бетке ұстар азаматтарының есімін естімеген, олардың не істегенін білмейтін, тіпті естігісі келмейтін ауыл-село тұрғындары бар. Облыс әкімінің орынбасары Ғ.Нығметовтің бастамасымен сондай ауыл тұрғындарының санасына елдік болмыс сіңіріліп, өзіндік бағыты мен бағдары бар тәуелсіз ел туралы әңгімелер айтылып, бес жүздей көшеге ұлт арыстарының есімі беріліп, қыруар жұмыс атқарылған. Енді Петропавл қаласының идеологиялық тұрғыдан ескірген атауын өзгертуді қолға аламыз деп жүргенде, сол кездегі облыс әкімі Құмар Ақсақалов оның қызметін қысқартты да тастады. Барлық идеологиялық жұмысты аппарат жетекшісіне жүктеді. Күнделікті ұйымдастыру жұмысынан бас ала алмайтын аппараттың басшысы идеологияға көңіл бөлуге мұршасы да жоқ. Басқасы басқа, солтүстікте ұлттық идеологиямен тікелей шұғылданатын облыс әкімінің орынбасары керек.
Идеологиямыздың ең басты мақсаты тәуелсіздігіміздің іргесін нығайту екені айқын. Ол мектеп оқушыларына ұлт тарихын сапалы оқытудан басталса керек. Ал тарих оқулықтары бұл үдеден шыға алмай келеді. Мысалы, «Мектеп» баспасы шығарған Қ.Өскембаев, З.Сақтағанова, Л.Зуева, Ғ.Мұхтарұлы деген авторлар жазған 8-9 сыныптарға арналған «Қазақстан тарихы» оқулығының алдымен орысша жазылып, сосын қазақшаға олақ тілмен аударылғаны көрініп тұр. Мәселен, Столыпин саясатына қатысты 4-параграф: «Ресейдің Қазақстандағы қоныс аудару саясатының жандануы қазақ жерлерін әскери-шаруашылық тұрғыда игеру үшін ХVІІІ-ХІХ ғасырларда өлкеге казак әскерлерінің келіп қоныстануынан басталған болатын» деген бала түгіл үлкеннің ұғуына қиын шұбалаңқы сөйлеммен басталыпты. Мына жерден, ең алдымен, Ресей Қазақстанға қоныс аударған екен деп қалуға болады.
Баланың басын қатырған сөйлемді талдайтын болсақ, авторлардың айтпағы: Ресей шаруаларын Қазақстанға қоныс аударту саясаты – қазақ жерін ХVІІІ-ХІХ ғасырларда казак әскерлерінің күшпен басып кіру арқылы басталған әскери отарлау кезеңінің аяқталып, енді шаруаларды көшіру арқылы отарлаудың екінші – шаруалық отарлау кезеңінің басталуы еді.
Одан әрі қарай мәтіннен ресейлік мүддені аңғаруға болады. Өйткені казак әскерлері қазақ жерін отарлау үшін емес, тек «қазақ жерлерін әскери-шаруашылық тұрғыда игеру үшін» енген екен. Осы параграфта Ахмет Байтұрсынұлының аталған кезең туралы айтқан: «Қазақ ұлтының өмір сүруінің өзі проблемаға айналды» деген сөзі ғана келтіріледі, бірақ соның не себепті айтылғаны жеткілікті деңгейде түсіндірілмеген. Барлық жайылымынан, құнарлы, шүйгін шабындығынан айырылған соң қазақ қалай өмір сүрсін? Ол туралы балалардың ұғымына лайықты түсінік берілмеген.
Жалпы, аталған оқулықтың өне бойынан қазақ тарихы емес, Қазақ даласына басып кірген Ресейдің тарихын ғана тануға болады. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс те толық қамтылмаған. Қарқара көтерілісінің басшылары Жәмеңке, Ұзақ батырлар да енгізілмеген. Қазақ тарихын терең білмейтін адамның жазғандығы, тіпті «Июнь жарлығының» аталмауынан да көрініп тұр. Жуырда осы оқулықтың 17-18 параграфындағы «Азамат соғысы 1905-1907 жылдардағы бірінші Ресей революциясынан басталып, Бірінші дүниежүзілік соғыс барысында шиеленіскен және 1917 жылы ақпанда монархияның құлауына әкелген терең экономикалық, әлеуметтік, саяси дағдарыстың нәтижесі болды», деген шұбалаңқы сөйлемді Facebook-ке жариялағанымызда, оны ересек адамдардың өзі түсінбегенін жазды. Осыны қысқа да нұсқа жазса, балалардың түсінігіне әлдеқайда жеңіл болар еді.
Жасөспірімдердің санасын қалыптастыратын оқулықтарымыздың сиқы осындай болса, терең саяси түсінік қайдан оңсын? Министрлік оқулық жазуға саяси сауаты жоғары әрі тілді жетік білетін білікті тарихшыларды тартса, ұтар еді. Осыны қолға алатын кез келді.
Жақсыбай САМРАТ
Солтүстік Қазақстан облысы