Бейжің қаласының China Southern Airlines атты жаңа әуежайынан Қазақстанға рейстер іске қосылады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.
Азаматтық авиация комитетінің мәліметінше, биыл 10 қарашадан бастап Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы арасында енгізілген визасыз режимді ескере отырып, 2024 жылғы 25 қаңтардан бастап China Southern Airlines әуекомпаниясы Алматы – Бейжің бағыты бойынша тұрақты жолаушылар рейстерін орындауды бастауды жоспарлап отыр.
China Southern Airlines Қытайдың ең ірі әуе компанияларының үштігіне кіреді. Флот көлемі бойынша Азияның ең ірі әуе тасымалдаушысы және жолаушылар тасымалы көлемі бойынша әлемде 6-орында. Әуе компаниясының 650-ден астам әуе кемесі бар (A319/320/321/330/350, B737/777/787, ARJ21, C919) және Қытай мен әлемдегі 230-дан астам қалаларға ұшады.
Рейстер жаңа «Бейжің Дасин халықаралық әуежайынан» аптасына 3 рейс жиілігімен (сейсенбі, бейсенбі және сенбі) Airbus-A320 типті әуе кемелерінде орындалады.
«Бейжің Дасин халықаралық әуежайы» – Қытай астанасы Бейжіңнің Дасин ауданында орналасқан әлемдегі ең ірі әуежайлардың бірі. Бейжің қаласының орталығынан 46 шақырым қашықтықта орналасқан. 2019 жылдың 25 қыркүйегінде ашылды. Әуежайда 4 ұшу-қону жолағы бар.
2022 жылы әуежайдың өткізу қабілеті жылына 45 млн жолаушы болды. 2025 жылға дейін өткізу қабілетін 72 миллион жолаушыға дейін, ал перспективада жылына 100 млн жолаушыға дейін арттыру жоспарланған.