Алматы облысы Шеңгелді ауылында егістікті сумен қамтып отырған №2 су тарту станциясының қаржылық жағдайы қиындаған. Электр энергиясын беретін компанияларға берешегі 50 миллион теңгеге жеткен. Қарызды төлей алмаған соң арасында электр тоғын бермей қоятын кездері де болған. Сондай кезде станция егістікке су тарата алмай қиналған. Ал бұл қиындықтың зардабын қарапайым шаруалар тартып отыр.
«Ал енді станция қайдан мұнша қарызға батып қалған?», «Электр ақысын неге төлей алмай отыр?» дегенге келсек, әңгіме мемлекеттің шаруаларға беретін субсидиясына келіп тіреледі. Шарт бойынша шаруалардың суға төлейтін шығынының 75%-ын мемлекет төлеп беру керек. Тек сол төлем (субсидия) межелі уақытынан әлдеқайда кешігіп түседі. Судың ақысы уақытында төленбеген соң, соның кесірінен су тарту станциясы едәуір қарызға батып қалған.
Оның үстіне, станция басшысы Нұрбол Күздікбаевтың айтуынша, электр энергиясының тарифі биыл 7 теңгеге өскен, алдағы жылы тағы көтерілуі мүмкін. Ал су жеткізіп беру шығындарының 70%-ы осы электр энергиясына тиесілі. Соның салдарынан су тарифі былтыр да, биыл да екі жыл қатарынан 30%-ға көтерілген. Келер жылы электр тарифі тағы өссе, станция тіпті жұмысын мүлде тоқтатуы мүмкін. Тіпті, ондай жағдай болған да. Тамызда электр энергиясы компаниясы тоқты өшіріп тастап, шаруаларға екі апта су берілмей қалып, бүкіл егістік қурап кетуге шақ қалған.
Сайып келгенде, 2021 жылы 7,84 теңге болған су тарифі қазір 11,984 теңге болып отыр. Бұған даурыққан шаруалар 2023 жылдың сәуірінде жергілікті бақылаушы органдарға шағымданып хат жазған. Ал тариф көтерілген сайын шаруа қожалықтары ғана емес, сонымен бірге мемлекетке де зиян келіп отыр. Өйткені, мемлекет те шаруаларға субсидияны артығымен төлейді.
Бір қызығы, №2 су тарту станциясында жыл сайын ЖШС атауы өзгеріп отырған. Мәселен, 2022 жылы «АБК Көмек» ЖШС жұмыс істесе, 2023 жылы «№2 су тарту станциясы» ЖШС болды.
Шаруалар осылай суға жарымай, тарифтен қысылып отырғанда мәселе одан сайын ушыға түскен. Миллиондап қарызға батып отырған соң тиімділік көрмеген кәсіпкер оны Қытай кәсіпкерлеріне сатуы мүмкін.
Дәл осындай нысанның атауымен онлайн-сауда сайтында өте «тиімді бағаға» хабарландыру жарияланған. Құны 2 млрд теңгеге бағаланатын нысан Алматы облысы, Шеңгелді ауылында орналасқан. Жалпы аумағы 2300 а егістікті сумен қамтамасыз ете алады. Шеңгелдідегі 57 шаруаның да жалпы егістік алқабы осынша гектар. Ішінде 6 су сору қондырғысы орнатылған нысан секундына 3820 текше метр су жібере алады.
Мәселенің оңай шешілмейтіні белгілі болған соң тығырыққа тірелген кәсіпкер мен шаруалар өткен аптада Астанаға келіп, Мәжіліс депутаттарынан көмек сұрады. «Шеңгелдідегі су тарту станциясын Қытай кәсіпкерлері сатып алайын деп жатыр» дегенді естіген депутат Айдарбек Қожаназаров мұндай стратегиялық нысандарды басқа елдердің өкілдеріне сатуға болмайды деген қағиданы берік ұстанатынын, сондықтан оны шешудің басқа жолын қарастырылатынын айтты.
Бұған (Қытай кәсіпкерлеріне сатуға – ред.) тосқауыл, кедергі емес, ұсыныс керек. Жекеменшік мекеме өз шығынын ақтай алмаса, онда мемлекет өз теңгеріміне алу керек, яғни жеке кәсіпкерден мемлекет сатып алу керек деген ұсыныс ретінде бере аламыз. Біз осы насос станциясын мемлекеттің сатып алуына Үкімет жағынан да ықпал жасаймыз, – дейді ол.
Депутаттың айтуынша, бұл мәселені шешудің тағы бір жолы бар. Олардың сатып жатқан себебі, тиімділігі жағынан қиындық туып тұр. Электр энергиясының тарифі 29 теңге және одан әрі өседі деген болжам бар. Егер тарифін дұрыстап берсе, сол жерде жүрген кәсіпкерлер өздері-ақ пайдасын тауып, шаруалардың жағдайын жасап беріп отыра алады деп пайымдайды. Сондықтан тарифті 23 теңгеге дейін түсіруге болатынын айтады. Алайда, бұл мәселе Энергетика министрлігіне қатысты.
Депутат бұл тек Алматы облысындағы жағдай емес, Атырау облысы мен Шардарада да осындай мәселелер бар.
Тоқтың бағасын бүкіл Қазақстан бойынша түсір деп жатқанымыз жоқ, бізде су, яғни насосный станцияға байланысты тек осы үш-ақ өңір бар. Судың өзінің стратегиялық маңызы зор. Сондықтан осыны түсіне тұра біз арнайы тариф белгілеуіміз керек деп ойлаймыз, – дейді депутат.