Жақында Астанада өнер саласындағы «UMAI-2023» ұлттық сыйлығының жеңімпаздары марапатталды және елордалық музыкалық жас көрермендер театрының «Гауһартас» қойылымы «Жылдың үздік музыкалық драмалық спектаклі» атанды. Премьерасы 16 ақпан күні өткен кезеңнен бастап бұл қойылым 155 рет сахналанып, жаппай аншлагпен өтіп келеді. Спектакль табысының сыры неде? Kazinform тілшісі режиссер Асхат Маемировпен сұхбаттасып, осы сұраққа жауап іздеп көрді.
«Гауһартасты» сахналауға Қаңтар оқиғасы себеп болды
− Асхат Максимұлы, «Гауһартастың» жылдың үздік спектаклі атануымен құттықтаймыз! Оған еш күмәніміз де болмады. Бұл повесті Дулат Исабековтың қалай жазғаны газеттерде айтылып жүр. Ал сіз бұл шығармамен қашан таныстыңыз және сюжет сізді несімен қызықтырды? Театр қойылымын жасауға не түрткі болды?
− Гауһартас – біздің бала кезімізде оқыған туындылардың бірі. Әдебиетке, өнерге құштар адам міндетті түрде ұлттық көркем әдебиетті оқудан бастайды ғой. Әсіресе, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов, Шыңғыс Айтматов, Оралхан Бөкей шығармалары жан дүниеме зор суреткерлік сезім сыйлады, қанат бітірді. Дулат Исабеков жазған «Гауһартастың» да әрбір деталі оқушы кезден бастап санаға жазылған, оның үстіне «Гауһартас» фильмін көрдік, ондағы актерлердің өнеріне тамсандық. Уақыт өте құндылықтар ауысып, жаһандану кезеңінде қазақ қоғамы бұрыннан ұстанып келе жатқан ұлттық құндылықтардан жирене бастады. Ескіліктен шаршадық, мұның бәрі атавизм дейтіндер табылды. Ал мен дәстүрлі қазақи құндылықтарды ұстанамын, мен үшін отбасындағы әкенің орны, ананың орны маңызды. Осы елдің азаматы болғасын, өнерде шәкірт тәрбиелеп жүрген соң отбасылық ұғымдарға бей-жай қарамаймын.
Бұл шығарманы сахналауыма әсер еткен ең басты фактор – Қаңтар оқиғасы болды. Ол кезде көптеген әлеуметтік шындықтар айтылды, сондағы екі видео маған қатты әсер етті. Біреуінде әке мен бала техникалық дүкенді тонап келе жатады, екіншісі – ене мен келіннің бірігіп азық-түлік дүкенінен макарон ұрлағанын сүйіншілеп хабарлағаны. «Ұн бар екен, ұнды да алып кетейік» деп мәз болысады. Осындай тоғышарлық синдромын көргенде ұлттық отбасылық институттың тірегі әлсірегенін түсіндім. Әрине, экономикалық жағдайдар қиын болуы мүмкін. «Ас таппай отырсаң көрер едік» деп, маған уәж айтқандар болды. Жоқ, қазақ – тағдыры сан мәрте қыл көпірден өткен халық, талай аштық пен зобалаңды өткізді. Сонау отызыншы жылдардың аяғында АЛЖИР-де отырған әйелдер де махаббатқа адалдық үшін, тазалық, әділдік деген принциптермен өмір сүрді. Сондықтан мен әкенің қоғамдағы рөлі туралы, ананың махаббаты туралы, аға, іні, келін, ата, әже, бала, немере – 3-4 буын қатар отырып көретіндей, «Театр – айна» деп есептесек, айнадан өзін көретіндей отбасы туралы мөлдір дүние ұсынуды мақсат қойдым.
Осы қойылымды сахналауда үлкен идеяны алға шығардық. Қазақ шаңырағының темірқазығы – бақыт, махаббат, сыйластық, мейірім деп аталатын ұғымдар. Осы аяулы ұғымдарды әрбір отбасы көзінің қарашығындай сақтауы керек. Қазақтың азаматтары өз жарын, қарындастарын, әпкелерін, аналарын қадірлеуі керек. Жалпы қазақ қоғамы әйелдерін аялай білуі керек. Әйелін аялаған қоғам – өркениетті мемлекетке айналады. Осындай көкейкесті мақсаттармен шықтық және Дулат ағаның 25-ке толмай жазған шығармасы сахнада өнер көрсететін 25-тегі қыз-жігіттердің жан сарайымен үйлесім тапты. Ал рухани үйлесім тапқанда шығармашылық тандем басталады. Нәтижесінде осы бір туынды халықтың ыстық ықыласына бөленіп, сүйікті қойылымына айналды.
Тастандар әлі жүр
− «Гауһартас» ақпан айынан бері көрсетіліп келе жатыр. Ал қарашаның басында тұтас елімізді дүр сілкіндірген қайғылы жағдай болды. Экс-министр қолынан қаза тапқан әйелдің де аты – Салтанат. Бұл оқиғадан кейін спектакльдің арқалайтын жүгі еселеп көбейген шығар? Көрерменге «Гауһартасты» көрсету неге маңызды?
− Жасыратыны жоқ, бұл қайғылы оқиғадан кейін «Гауһартастың» өзгеше сипат алғаны рас. Шығарма анағұрлым өзекті дүниеге айналды. Қазірдің өзінде алдағы қаңтар айына билет жоқ, күніне үш сеанстан қоюға мәжбүрміз. Меніңше «Гауһартас» – қоғамның тұтас ағзасын емдеп, рухани иммунитетін ретке келтіріп жатқан көркем дүниелердің бірі. «Бұл неткен сәйкестік?!» деп өзіміз де ойландық. «Гауһартастағы» кейіпкер де – Салтанат, ол да мейірімді, ол да өмірге құштар, оның құрсағында дүние есігін аша алмаған сәби кетті. Бұл шығарманың жазылғанына 55 жыл болды. «Сонда біздің қоғам өзгермеген бе, Тастандар әлі тірі жүр ме?» деген ойларын айтқан көрермендер болды. Менің азаматтық позициям, режиссерлік көзқарасым – әйелді аялау керек. Ақпан айынан бері көрерменнің алдына шығып, осы ойымды 3-4 минутқа сыйғызып, айтып кетемін. Залда отырған жігіттерге үндеу тастаймын. Қыз-келіншектерге де азаматтарыңызды биікке көтере біліңіздер деймін.
Қазір «Гауһартас» өзгеше көркемдік акценттерін ашып, әлеуметтік шындықты жеткізуде өзгеше мәнге ие болып жатыр. Өмірдегі Салтанат – сахнадағы актерлеріміздің замандасы. Осы жағдайдан кейін актерлеріміздің ойнауы да өзгеріп кетті. Спектакль финалына келгенде көздеріне жас толып тұрады. Бұл оқиға барлығын есейтті. Егер осы оқиғадан сабақ алар болсақ, қоғам алға жылжиды деп ойлаймын. Сондықтан көрерменнің осы қойылым арқылы бойына өнеге, тағылым сіңіргенін қалаймын.
− Бұдан да бөлек, «Гауһартаста» араққұмарлық, басшылыққа жағымпаздық, тобырға еру секілді Совет кезіндегі қасаң қылықтарды да көрсетуге тырысқан секілдісіз?
− Өте дұрыс байқағансыз, шығармада шындықтың атмосферасы ерекше салтанат құрып тұр. Бұл – Дулат ағаның алғашқы шығармаларының бірі. Енді-енді қолына қалам алған жас жазушы қоғамда нені көрді, нені сезді, соны санасынан өткізіп, бәрін мөлдіретіп тұрып жазған. Соның бірі – ата кәсіп саналатын шопандыққа «ескілік» деп қарау, жастарды коммунистік идеологияда тәрбиелеу, комсомолдық бригадаға мүше болуға бағыттау. Тастан да, Қайыркен де – ұлттық рухтың соңғы жалауын қолға алған жігіттер. Тастанның мінезі қатқыл болар, бірақ көкпардың тізгінін ұстайды, уәдесіне берік жігіт.
Әсіресе, той сахнасында сол замандағы партия қызметкерлерінің қылықтарын, сөзі мен ісі қабыспайтын тұстарын автор керемет көрсеткен. Тіпті, олар біздің ұлттық құндылығымыз – келін түскенде айтылатын «Беташар», «Жар-жар» секілді дәстүрге музей сувенирі сияқты қарайды. Сондықтан бұл жерде дәстүр мен жүйенің «айтысы» бар. Шаңырақ көтерген екі жасқа «Ащы, ащы» деп айқайлау, домбыраның босағада жетімсіреп тұруы арқылы рухани-мәдени құндылықтар қақтығысын ашып көрсетуге тырыстық. Қарапайым далада шопандықты меңгерген шағын ғана отбасының өмірі туралы Кеңес заманында жазылған шығарманың қазір де сұраныстан түспегенінің өзі, қарапайым адамдардың өмірі әрқашан да өзекті екенін көрсетеді. Қойылымға қазақ тілін білмейтін жастар да, шетеліктер де келіп көріп жатыр. Меніңше олар сахнадан қазақтың мінезі мен рухын көреді. Спектакль біткен соң да кете алмай, сағаттап жүріп алады. Қойылым премьерасын көрген белгілі жазушы-драматург Роза Мұқанова апайымыз: «Қойылымда катарсис бар, яғни көрерменнің жан дүниесінің тазаруы бар» деп баға берген еді.
«Құдаша» бөлек комедия болып сахналануы мүмкін
− Сіздің ән таңдау талғамыңызға тәнтіміз. «Гауһартастың» өзінде «Ләйлім шырақ», «Құдаша», «Құстар қайтып барады», «Келші айым», «Көктем келер гүлін алып» әндерін асқан үйлесімдікпен қостыңыз. Әсіресе, жастар арасында сәнге айналған «Құдаша» перфомансы қалай туды?
− Есіңізде болса, осыдан 30 жыл бұрын Алтайдың ар жағындағы қазақ бауырларымызбен бірге «Қара жорға» биі де атажұртқа оралды. Бастапқыда тосын болды, жатсына қабылдадық. «Қара жорғаны» кәсіби ұжымдар билей бастады. Бірақ бүкіл қазақ билеп кетті деп айта алмаймын. Қазақтың той-думанында биленетін, қазақтың әдебіне, эстетикасына сай келетін, ибалы, қылықты қыздар бір жақтан шықса, жігіттер екінші жақтан шығып, соңында бәрі қосылып билейтіндей өнер жасау бұрыннан ойымда жүрген еді. Бұл үшін хормейстер Ғалымжан Берекешовке «Құдаша» хорының рухани өзегін жоғалтпай қайта жазып беруді тапсырдым. Балетмейстер Уәлитбек Сиязбекке де идеямды айтып, нәтижесінде тамаша туынды жарыққа шықты.
Спектакль шықпай тұрып-ақ, «Құдашаның» репетиция сәттері әлеуметтік желіге тарап кетті. Осы 8 айда «Құдаша» қазақтың халықтық биіне айналды. Режиссер ретінде, өнер адамы ретінде, ұстаз ретінде, тағдырын театр саласына арнаған жан ретінде бұған өте қуандым. 8 наурыз, 22 наурыз мерекелерінде Қазақстанның мектептері, университеттері, институт, колледждерінде, бүкіл мекемелерде, тіпті балабақшадағы ұл-қыздар екіге бөлініп, тура біз қойған композициямен би билей бастады. Тіпті Қытай, Ресейде оқып жатқан қазақ студенттерінен көптеген видеоконтенттерді алдық. Шымкентте мектеп ауласында мың жарым адам биледі, Жезқазғанда, Атырауда, Ақтөбе, Алматы, апыр-ай бүкіл Қазақстан осы «Құдашаға» билеп кеткеніне таң қалдым. Болашақта «Құдаша» арқылы қазақ қыздарының қылығын комедия арқылы көрсеткіміз келеді. Қазіргідей дөрекі, ұлттық менталитетімізге қарсы, ғайбат сөздер, боқтық сөздер қосылатын, анайы сахналарға толы комедиялар көбейгенде осы «Құдаша» арқылы комедияның қандай болатынын көрсеткім келеді. Алдағы уақытта «Құдаша» деген музыкалық комедия шығып жатса, таң қалмаңыз.
Декорацияның аздығы актерге акцент береді
− «Гауһартас» қойылымын жасау кезінде қандай қиындықтар болды? Ойға алған идеяларыңызды жасай алдыңыз ба? Мәселен, мына сахна мен 220 орындық театр тарлық етпеді ме?
− Сценографиялық тұрғыда өте қиын болды. Себебі, біздің сахнамыз кішкентай ғана, шағын. Ал «Гауһартаста» 60-қа жуық жас өнер көрсетеді. Кейін Астана күніне арнап министрлік ұсынысымен Қ. Қуанышбаев театрының сахнасында көрсеттік. Сондағы 700 орындық билет жарты сағатқа жетер-жетпестен сатылып кетті. Халық сұрай бастаған соң, осы қойылыммен Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Жетісу, Түркістан облыстарына, Шымкент, Алматы қалаларына арнайы гастрольдік сапар жасадық. Әрине, кең сахнада жастар да ерекше құлшыныспен ойнайды. Сондықтан ең бірінші қиындық тудырғаны – сценографиялық жағдайы. Сахна айналмалы болса, техникалық тілде «плунжерлер» дейді. «Астана опера» театрының сахнасы секілді қозғалатын, түсетін мүмкіндіктер болса, небір техникалық шешімдерді көрсетуге болар еді.
Дегенмен жоқтан бар жасауға, фантазияға күш салып, тар жерде де жақсы дүние жасауға болатынын көрсеттік. Сондықтан болашақта жақсы ғимарат берілсе, нұр үстіне нұр болады. Оған да кезек келетін сияқты. 7 қыркүйекте театрымыздың төртінші маусымының ашылуына мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин келді, Мәдениет министрі Аида Балаева, қала әкімі Жеңіс Қасымбек арнайы келді. Жас актерлерге қолдау көрсететіндерін айтты. «Тек қана шығармашылықты ойлап, халыққа саф таза өнер көрсетіңдер» деп лебіз-тілектерін білдіріп кетті. Ал Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың арнайы ықылас гүлін жолдауы – жас артистерге зор шығармашылық импульс берді.
Екінші жағынан, сахнада самсап тұрған лед-экрандар, декорациялардың өзі спектакльдің негізгі рухын, жанын түсінуге кедергі келтіреді. Өткен ғасырда театр реформаторы Ежи Гротовский «бедный театр» деген атаумен өнердің жаңа сипатын арқау еткен әдістемелік тұжырымдаманы жасады. Ол декорацияны азайтып, сахнадағы актердің жан сарайын, энергиясын бірінші кезекке қояды. Біздің театрдағы да көп қойылымдар адам жанын жалаңаштауға бағытталған.
Театрымыз жастардан құралғандықтан, жиырмадағы жасты да, алпыстағы әкені де, елудегі шешені де, құданы да, ақсақалды да бір заманның түлектері ойнап жүр. Әрине жас ерекшелігі әсер етеді. Жастар барынша образға енуге тырысады, көп еңбектенді. Мысалы, кезінде Фарида Шәріпова 27-ге толмаған шағында Сәбира Майқанованың қасында жүріп, «Ана – Жер-Анадағы» екінші құрамда Толғанай бейнесін сомдап, нағыз қайсар күрескер әйелдің бейнесін жасады. Әбдіжәміл Нұрпейісовтың «Қан мен тер» шығармасы сахналанғанда 33-ке жаңа толған Сәбит Оразбаев дала абызы Сүйеу қарттың образын алып шықты. Ол кезде Елубай Өмірзақовтар, Серке Қожамқұловтар тірі. Бірақ режиссер осындай мақсат қойып, актерлердің бақтарын ашты. Режиссер Әзербайжан Мәмбетов 26-дан асқан Ыдыс Ноғайбаевқа Абай бейнесін сеніп тапсырды. Сондықтан кейде мұндай кесек бейнелер актерді өсіреді.
Танымал актерлер идея үшін театрға келді
− Жас театрға Асылхан Төлепов, Аян Өтепберген, Самал Еслямова сынды танымал актерлерді басқа қаладан шақыру және қалдыру оңай емес шығар. Олардың материалдық жағдайын жасадыңыз ба, қалай қызықтыра алдыңыз?
− Олардың ең бірінші келу себебі – театр өнеріне деген махаббаты. Тек біз емес, жалпы Қазақстан театрларындағы актерлердің жалақысы дәрігерлермен, ұстаздармен салыстырғанда өте төмен, мардымсыз. Бірақ алдағы үш жылда жалақыны 100 пайызға дейін өсіру үшін кезең-кезеңімен көтеріп жатыр. 1 қазаннан бастап, біздің актерлер жалақысына 30% үстеме қосылды. Келесі жылы 40-70% аралығында, одан кейін 25%, сөйтіп орташа жалақы деңгейіне жеткізгелі отыр. Біз қала әкімдігінің театры болғандықтан, көптеген қолдау шаралары жасалып жатыр. Біздің театрда 13 жұп танысып, отау құрған. Олардың арасынан биыл алты отбасыға елорда әкімдігі тарапынан баспана берілді. Мұны жақсы көрсеткіш деп есептеймін. Астана әкімі Жеңіс Қасымбек те мені қабылдап, театрдың жағдайын біліп, сұрастырып отырады.
Асылхан мен Аяннан бөлек, Оразалы, Саламат, Қазыбек, Алтынбек, Аман, Расул атты талантты актерлеріміз бар. Олардың бәрі – бір шеберден, бір профессордан дәріс алған, идеялас, рухтас адамдар. Ал идея мен рух бар жерде материалдық жағдай екінші орынға ысырылады. Жалпы театрымыздағы 70 адамды театрға деген махаббат біріктіріп отыр.
Ал Самал қарындасымызбен Ресейде ГИТИС-те бірге оқыдық. Мен режиссура бойынша магистратурада, Самал актерлік мамандықта білім алды. Сол кезден бері Самалдың жұмыстарын көзбен көріп, міне 16 жылдан астам уақыт өнер мен өмірде ағалы-қарындас боп сыйласып келеміз. Сондықтан Самалдың шығармашылығына өзімнің ерекше режиссерлік көзқарасым бар. Оның актерлік табиғаты, әлеуеті әлі талай қойылымға сұранып тұр.
Табыстың сыры TikTok-та ма?
− «Гауһартасты» рекордсмен қойылым деп айта аламыз ба? Спектакль осы күнге дейін неше рет қойылды? Халықтың қошеметінен бөлек, коммерциялық табыс әкеле алды ма?
− Міндетті түрде. Сегіз айдың ішінде 155 рет қойылды, 65 мыңнан астам көрермен өз ақшасына билет сатып алып тамашалады. Алпыстан астам актер ойнайды. Қазіргі табысымыз көптеген театрларға үлгі боларлықтай. Президентіміз ел халқына Жолдауында креативті индустрияны дамыту жөнінде айтқан еді. Сол театр саласындағы креативті индустрияның бірегейі – осы «Гауһартас». Бастапқыда 3,5 млн теңгеге қойылған «Гауһартас» қазір билет сатылымынан жиырма есе табыс тауып, мемлекет қазынасына түсіріп отыр. Бұдан басқа «Абай-Тоғжан», «Шәмші», Мұқағали Мақатаев туралы «Ғашық жүрек» қойылымы да жақсы табыс әкеліп жатыр.
Гауһартаспен бірге отбасылық құндылықтар туралы жақында А. Володиннің «С любимыми не расставайтесь» драмасын «Қоштасқым келмейді» деп сахналадық. Бұл да қазір зор сұранысқа ие, көрермен билет таба алмай жүр. Сондықтан көрерменге қызмет ету, эстетикалық әсер сыйлау ғана емес, олардың бойына ұлттық тәлім-тәрибені, рухани құндылықтарды сіңіру күн тәртібімізден түспейді. Сонымен бірге, репертуарымызда отандық автор Мәдина Омарова жазған «Шанель №5» деректі драмасы бар. Ол АЛЖИР-дегі арулар, қазақ әйелдеріне арналған рухани тағзым іспеттес қойылым. АЛЖИР музейіне барған шетелдіктер осы қойылымға да жиі келеді. Сосын «Қыз Жібек» пен «Гауһартасты» сүйіп тамашалайды.
Өткен аптада өнер саласындағы «Ұмай» жүлдесі мен 7 миллион теңге жүлде жеңіп алдық. Оның алдында Талдықорғанда өткен Б. Римова атындағы театр фестивалінде Мәдина Омарованың «Шанель №5» драмасындағы Жанбике Шанина рөлі үшін актрисамыз Шынар Қалдыбай «Үздік әйел бейнесі үшін» марапат алды.
Биыл үшінші мәрте беріліп жатқан «Сыншылар жүлдесі» де біз үшін өте кәсіби жүлде болып есептеледі. Сегіз сыншы бүкіл қазақстандағы театр кеңістігін зерттеп, сараптап, бір қойылымды 2-3 мәрте көрген соң ғана өз сыйлықтарын ұсынады. Сондағы «Ең үздік жыл актрисасы» атағын Салтанат бейнесін сомдаған Инабат Ризабекова жеңіп алды.
− Қазір Интернет, кино заманында көрермен назарын театрға бұрып, қатарынан аншлаг жасаудың сыры неде? «Ғашық жүрек», «Құдаша» үзінділері Интернетте кеңінен таралды. Әлеуметтік желіде танылуды арнайы мақсат етіп қоясыздар ма?
− Қазір біз қаласақ та, қаламасақ та ақпарат кеңістігінде өмір сүреміз. Адам санасын гаджеттер билейтін кез келді. Клиптік ойлау жүйесіне біз қарсымыз. Бірақ осы құралдар арқылы жастар назарын театрға бұрғымыз келеді. Спектакль жарыққа шығарда алдымен TikTok арқылы көрерменнің реакциясын бағамдаймыз. Жақсы пікірлер болса, қойылым жолын да, бағытын да тауып кетеді.
Мысалы, 4-5 жыл бұрын мен істеген театрларда мектептерге, университеттерге, мекемелерге барып көрерменді өзіміз шақыратынбыз. Соңғы 3 жылдың ішінде заман мүлдем өзгерді. Таргет жасау секілді маркетинг әдістеріне сүйенеміз. TikTok-та отырған мыңдаған жас театр өнеріне ғашық болды десек артық айтпаймын. Олардың бұрын театрға келмегенін бірден байқаймыз. Көпшілігі концерт көретіндей келеді, кейінірек музыкалық драма екенін ұғынады. Әсіресе, «Гауһартастан» кейін жан дүниесінде ерекше сілкініс болады. Тіпті, облыстарға барғанымызда жергілікті әріптестер біздің аудитория жинап, театрсүйер жастарды көбейтіп кеткенімізді айтып жатады. Мұның бәрі жүйелі жұмысты қажет етеді.
Біздің басты қаруымыз – көрермен алдында шынайы болу. Менің көркемдік жетекші ретінде, ұстаз ретінде, режиссер ретінде де талабым сол, ешқандай фонограмма қолдануға болмайды, ауызды жыбырлатып ән айту деген болмайды. Біз кішкентай сахнада тұрып, 220 адамға шынайы өнер сыйлауымыз керек. Жанды дауыста ән айтып, ішкі энергиямызды көрерменге жеткізуіміз керек. Шынайы өнерге, шынайы дүниеге міндетті түрде көрермен келеді.
Менен көпшілігі «Гауһартастың» феномені неде?» деп сұрайды. Оны мен өзім де айта алмаймын. Ең басты нәрсе – осы шығармаға өзімнен бастап, біздің артистердің махаббаты жатқан болар. Шынайы махаббат бар жерде саф өнер туады. Біреулер бұл спектакль үлкен формаларға құрылмаған, фестивальдік спектакль емес деуі мүмкін. Жоқ, бұл – фестивальден де, байқаулардан да биік қойылым, ұлттың рухани иммундық жүйесіне әсер ететін екі спектакль болса, соның бірі.
Театр өз тұғырына қайта көтерілді
− Театр репертуарын құрарда жанр бойынша баланс сақтала ма? Әлде сұранысқа қарай мюзиклге басымдық беріле ме? Келесі маусымда тағы қандай туындыларды сахналағыңыз келеді?
− Біз музыкалық жас көрермен театры болғандықтан, негізгі ұстанатын бағытымыз – отандық, әлемдік музыкалық туындыларды сахналау. Сол үшін біздің театрда камералық симфониялық оркестр бар, этно-фольклорлық 15 адамдық шағын ансамбль және вокалдық-аспаптық ансамбль жұмыс істейді. Осы үш ұжым бізге музыкалық бағытта жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Ал енді таза драма, трагедияны қоятын театрлар Астанада да, тұтас елімізде де өте көп. Біздің мақсатымыз – бірінші кезекте музыкалық туындыларды ұсыну.
Әрине, 2024 жылға да бірталай жоспарымыз бар. Онда да ұлттық, отандық, классикалық шығармаларды сахналаймыз. Шәкәрім туралы екі актілі тарихи драма қойғымыз келеді. Оны Ермек Аманшаев жазып бітірді. Шамамен қыркүйек айына қарай шығарғымыз келеді, себебі бұл 3-4 айлық дайындықты талап ететін ірі туынды болмақ.
Әлемдік шығармаларға келсек, Ф. Эрвенің «Мадмуазель Нитуш» деген опереттасы ойымызда жүр. Ағылшын драматургі Кен Людвигтің «Примадонны» комедиясы әлемге танымал. Оны қазақшалап «Бикештер» атауымен шығарғымыз келеді. Жастар қызығып келетін комедия. Мар Байджиевтің «Дуэль» драмасын қойғымыз келеді. Алдағы уақытта да Чеховке келуіміз керек деп есептеймін. Біздің Оразалы Игілік бастаған актерлердің А. Чехов шығармасында басты бейнелерді сомдауға әлеуеті молынан жетеді.
Жас көрермен театры болғандықтан, Ганс Христиан Андерсеннің «Қар ханшайымы» музыкалық ертегісін дайындап жатырмыз. Балаларға арналған қойылымдардың тағы біреуі – Қанат Жүнісовтың «Махаббат хикаясы» ертегісі, бұл да музыкалық қойылым болады. Сосын ақпан айында әкімдік бюджеті тағы талқыланады. Жазға салым Астанаға қала қонақтары көп келгенде француз композиторы Жерар Пресгурвиктің «Ромео-Джульетта» мюзиклін үлкен сахнада қоюды сұрап отырмыз.
Гастрольге шығу да жоспарымызда бар, біз әлі Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Орталық Қазақстан облыстарын аралаған жоқпыз. Бұрын шетелдік фестивальдерге барғанда Франция ұлттық театрының директоры біздің өнерімізді көріп, Франция мен Бельгияға шақырту берген еді. Германиядан тағы бір шақырту түсті. Олар «Гауһартас» музыкалық драмасын, «Қыз Жібек» этно-фольклорлық мюзиклін және «Абай-Тоғжан» қойылымын аттай қалап отыр.
Меніңше, қазір Қазақстандағы театр трендтерін балалар мен жасөспірімдер театрлары қалыптастырып келеді. Алматыдағы Ғ. Мүсірепов атындағы балалар мен жасөпірімдер театрының және Астана Жастар театрының бағыттары тәнті етеді. Аймақтағы театрларда да жақсы жұмыстарды, мықты менеджерлерді байқап келемін. Театр – 3-4 мың жылдық тарихы бар, классикалық өнер ғой. Алайда бір кездері эстрада театр өнерінің алдына шығып кеткен кезеңдер болды. Қазір театр өз тұғырына қайта шықты. Енді бәріміз театрдың шыққан биігін аласартпау үшін жұмыс істеуіміз керек деп есептеймін.
− Мазмұнды сұхбатыңыз үшін көп рахмет! Жаңа премьералар туралы тағы да сұхбаттасамыз деп үміттенемін! Келесі кездескенше!