АСТАНА. KAZINFORM – Мемлекет басшысына Шымкент қаласының 2023 жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуы жөнінде есеп берілді, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Ғабит Сыздықбековтің баяндамасынан:
— былтырғы қорытынды бойынша негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 26% артып, 724,3 млрд теңгені құрады. Былтыр 1 млрд 51 млн теңгенің өнеркәсіптік өнімі өндірілді. Құрылыс саласы айтарлықтай жанданып, 1 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді;
— өңірде өнеркәсіп саласын дамыту үшін жалпы аумағы 867 гектар болатын 5 өндірістік аймаққа инфрақұрылым тарту жұмыстары қолға алынып, инвестициялық жобалардың пулы жасақталған;
— қазір 128 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі жұмыс істейді. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 16,4% көп. Кәсіпкерлікті дамыту үшін 3498 жобаға жалпы сомасы 19,8 млрд теңге көлемінде қолдау көрсетілген;
— қалада жаңа әуежай терминалының құрылысы және теміржол вокзалын реконструкциялау жұмыстары жүргізілуде;
— шаһарда «Ізетті зейнеткер» сауықтыру орталығы, Конгресс холл, Үстел теннисі кешені және жаңа ипподром сияқты нысандар салынған;
— былтыр үш мектепке қосымша ғимарат, Оқушылар сарайы және Балаларға арналған шығармашылық орталық ашылған;
— «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 28 мың оқушыға арналған 18 білім беру мекемесінің құрылысы басталған;
— 233 шақырым жолға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, үлкен жолайырық пайдалануға берілген;
қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында биыл қала көшелеріне 3000 бейнебақылау камерасын орнату, 1000-ға жуық көшені жарықтандыру жоспарланған. Соңғы жылдары мұндай жүйелі шараның нәтижесінде қылмыс саны 33% азайған;
— жылдар бойы қараусыз қалған бұрынғы Фосфоршылар сарайы қала балансына қайтарылды.
Орталықтағы «Спутник» гүлзары мемлекет меншігіне өтіп, демеушілер есебінен қайта абаттандырылды.
Қасым-Жомарт Тоқаев Ғабит Сыздықбековке қала экономикасын одан әрі әртараптандыру, қосымша инвестиция тарту, сондай-ақ шағын және орта бизнесті қолдау шараларын күшейту жөнінде нақты тапсырмалар берді.