фото:moldir-bulak.kz
Ұлттық спортты ұлықтап, ата-баба дәстүрін ұмытпаған қазақ қыздары көбейіп келеді. Бірі аттың құлағында ойнайды, бірі көкпар тартады, бірі құсбегілікпен айналысады. Бір көргеннен, әйелге тән спорт емес дерсіз. Бірақ қазақ батырларының жарлары жауға бірге шапқан кездер де болған. Жалпы айтқанда қазақ қыздарының тектілігі мен табиғатына сай сыр-сипаты, таланты бүгінгі күнге дейін жоғалған жоқ. Оны біз күн сайын жаңарып, дүние көшкен заманда өз салтын жоғалтпай, ұлттық мәдениет пен дәстүрден бір сәт ажырамаған сұлуларға қарап білеміз.
Аружан Амангелдіқызы – Қазақстанда алғаш рет түйенің үстінде отырып, 100 метрді 12 секундта бағындырып рекорд орнатқан. Ол сонымен қатар арақашықтығы 30 метрді құрайтын үш нысанаға жамбы атып, Гинес рекортдтар кітабына енді. Аружан Жамбыл облысында дүниеге келген. Жасы он тоғызда. Бүгінде «Дене шынықтыру және спорт» мамандығы бойынша білім алып жатыр. Ол Алматының шетіндегі «Топжарған» этно-өнер орталығында асау жылқы мен түйелерді үйретіп, бүркіт баптауды жақсы көреді. Бұл – оның сүйікті хоббиі. Ол биыл қыркүйек айында Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер жарысына қатысуды жоспарлап жүр.
Аружан Даниярқызы – бүркітші қыз. Алматы облысында дүниеге келген. Жасы жиырма бірде. Құсбегілікпен 2 жылдан астам уақыт айналысып келеді. Өзі IT cаласы бойынша білім алып жүр. Аружан саятшылық өнерге қызығып қана қоймай, оны дамытуға күш салғысы келеді. Халықаралық жарыстарға қатысып, Қазақстанның байрағын желбіретуді армандайды.
15 жастағы көкпаршы Алтынай Еркінбек. Ол Алматы облысы, Кеген ауданы, Жалаңаш ауылында дүниеге келген. Ат тізгіндегеніне 10 жыл болыпты. 5 жасынан аттың жалын тартып мінуге қызыққан Алтынай бүгін көкпар спортымен айналысып жүр. Өр мінезді жасөспірім келешекте көкпар тартып, бағын сынағысы келеді. Ол «Спорт ұл мен қызға бөлінбейді. Спорт мықтылардың айқасы» деп түсінеді.
Қаланы емес, даланы сүйетін құсбегі қыз – Айшолпан. Ол Моңғолияның Баянөлгей аймағында дүниеге келген. Ол туралы әлемдік бұқаралық ақпарат құралдарында деректі фильмдер мен репортаждар жасалған. 13 жасында 79 саятшы қатысқан бүркітшілер сайысында рекорд жаңартып тарихта тұңғыш рет жеңімпаз атанған ару. Бүгінде Шығысқа отбасымен бірге қоныс аударған. Қандасымыздың туған жерге орылғанына көп болған жоқ. Ол Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданы, Бозанбай ауылына табан тіреді. Атажұртты аңсаған ол енді ұлттық спортты дамытуға күш салмақ. 6 жасынан асау үйреткен бойжеткен өз жұртының қамын ойлап күйін күйттеуге шешім қабылдапты.
Аяулым Аппазова – Қазақстанның ең үздік садақшысы. Қостанайдың тумасы. Жасы – 32-де. Халықаралық жүлделердің иегері. «Алтын тұғыр-2023» байқауының «Дәстүрлі садақ ату» номинациясының жеңімпазы. Аяулымның мақсаты – садақ ату өнерін кең көлемде дамыту. Өскелең ұрпақты қырағылыққа, икемділікке үйрету.
Қазақ қыздарының ұлттық спортты дамытуға ерекше көңіл бөліп жатқаны қуантады. Қыз баласы ұрпақты тәрбиелейтні сөзсіз. Болашақ ананың ақылды ғана емес, таланты мен физикалық қабілетінің шыңдалғаны, ұлтқа деген жанашырлық танытқаны – тектіліктің, көрегенділіктің белгісі.
Ж.Жұманбаева
altyalash.kz