26 ақпан мен 3 наурыз аралығында Өзбекстанның Әндіжан қаласында көгалдағы хоккейден ерлер мен әйелдер арасындағы Орталық Азия елдерінің чемпионаты өтті, деп хабарлады Туризм және спорт министрлігінің Спортты дамыту дирекциясы.
Азия хоккей федерациясы (AHF) ұйымдастырған чемпионатта ерлер арасында Қазақстан, Қырғызстан, Оман, Тәжікстан, Өзбекстан командалары сынға түсті. Ал әйелдер арасында Қазақстан, Оман, Тәжікстан, Өзбекстан құрамалары шын мықтыны анықтады.
Нұржан Бейбітов жаттықтыратын еліміздің әйелдер құрамасы алғашқы ойында Тәжікстанды 13:1 есебімен ойсырата жеңді. Одан кейін Өзбекстан хоккейшілерімен 1:1 есебімен тең түсті. Ал алаң иелерімен болған екінші матчта ұлттық құрама 2:1 есебімен жеңіп, топ жарды. Осы матчта Қазақстан құрамасы сапында Виктория Ляпина дубль жасады.
Қазақстан ерлер құрамасы қола медаль алды. Ал Орталық Азия чемпионы атағын Өзбекстан командасы иеленді. Алаң иелері финалда Тәжікстаннан басым түсті.