Түркістан облысында полиция жоғалып кеткен баланы аз уақытта іздеп тапты.
Polisia.kz-тің хабарлауынша, Отырар аудандық полиция бөліміне жергілікті әйел хабарласып, 8 жасар ұлының мектептен үйге қайта оралмағанын айтып, көмек сұраған. Полицейлер әйелдің өтінішін бірден тіркеуге алып, жоғалған баланы іздеуге шығады. Олар елді мекеннің қараусыз қалған ғимараттарын, ауылға жақын аумақты түгел тексереді.
Іздеуге ауыл тұрғындары да қосылды. Соның нәтижесінде тәртіп сақшылары 2-сынып оқушысын аз уақытта іздеп тапқан.
Баланың анасының айтуынша, оқушы мектептен шығып, көше бойында ойнап жүрген. Содан ол көшеде ойнап жүрген басқа балаларды көріп, соларға қосыла ойнап кеткен. Полиция қызметкерлері жоғалған баланы іздестіру кезінде бейнебақылау камерасы арқылы оның ойнап жүрген жерін анықтаған.
Қазір бала үйіне қайтарылды. Ұлымен аман-есен қауышқан анасы баланы іздеп тапқан полиция қызметкерлеріне алғысын айтып, жұмыстарына сәттілік тіледі.