Бұл туралы Kazinform тілшісіне Қытайдағы Қазақстан туризмі жылының ресми ашылу салтанатына өнер көрсетуге келген ҚР еңбек сіңірген әртісі Майра Мұхамедқызы айтты.
«Міне, бүгін алып шаһарымыз Алматыдан Қытай астанасы Бейжіңге келдік. Мақсатымыз – Қытайдағы Қазақстанның туризм жылының ресми ашылу салтанатында өнер көрсету. Менімен бірге өздеріңіз көргендей, Қазақстанның халық әртісі Роза Рымбаева, опера әншісі Зарина Алтынбаева, «Ұлытау» этно-рок тобы, Абай атындағы ҚазҰОБТ хор ұжымы, «Серпер» және «Сазген сазы» ансамбльдерінің шығармашылық ұжымдары, «Астана Балет» балет труппасы сонымен бірге басқа да әншілер, күйшілер Бейжіңдегі China National Opera House сахнасында өнер көрсетеміз», – деді әнші.
Сондай-ақ, Майра Мұхамедқызы бұл игі іс-шара екі елдің басшыларының сенімді достығының символы екенін де атап өтті.
«Қазақстан – Қытаймен ежелден бері көрші келе жатқан достығы мығым, берекесі бекем ел. Екі елдің достығы бұдан ары да жалғаса береді. Міне, бұл шара – екі ел басшыларының сенімді достығының символы. Тату көрші ел екеніміздің айғағы. Қазақстанның Қытайдағы туризм жылы болып жариялануы осыған дәлел болып тұр. Осындай ауқымды іс-шаралар арқылы біз Қытай еліне өзіміздің мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді көрсетеміз. Біздің де баға жетпес құндылықтарымызды, бай мәдениетімізді өзге елдер көрсін, білсін», – деді Майра Мұхамедқызы.
Айта кетейік, алдағы 28-29 наурыз күндері Бейжіңде Қытайдағы Қазақстан туризмі жылының ресми ашылу салтанаты өтеді. Осыған орай Қазақстаннан Бейжіңге 600-ге жуық арнайы делегация ұшып келді.