Алматыда автобус жүргізушісін соққыға жығып, салдарынан үш адам қаза болған іске қатысты жарыссөз басталды,
Қайғылы жағдай 2023 жылдың 22 желтоқсанында болған. Сол кезде жергілікті полиция №47 автобустың жолаушысы жанжал кезінде жүргізуші әйелді ұрғанын, ол есін жоғалтып, көлікті басқара алмай қалғанын хабарлады.
Бақылаудан шығып кеткен қоғамдық көлік аялдамада тұрған адамдарды қағып, төрт көлікпен соқтығысқан. Оқиға салдарынан үш адам қаза тауып, 4 адам жарақат алды.
2024 жылдың 25 сәуірінде іс бойынша тараптардың жарыссөзі басталды. Сотталушы Дархан Ахметжановқа қылмыстық кодекстің 293-бабының 1-бөлігі және 351-бабының 3-бөлігі бойынша айып тағылған. Бұл ауырлығы орташа қылмыс саналады.
Мемлекеттік айыптаушы Жандос Сәуірбаевтың айтуынша, Ахметжанов автобус жүргізушісінің «жолақысын төлеу» талабына қарсы болып, екеуінің арасында кикілжің шыққан. Ол қоғамдық көлікті рұқсат етілмеген жерде тоқтауын талап етіп, балағат сөздер айтқан.
Бұл жолда жүру ережелеріне қайшы екенін біліп, автобус жүргізушісі Ермек Шөкебаева оның қойған талабын орындамай, көлікті тоқтатпай, әрі қарай жүргізуді жалғастырған. Ахметжанов өзінің талабын орындату мақсатында бұзақылық қылмыстық ойын әрі қарай жалғастырып, өзінің іс-әрекетімен көлік жүргізу қағидаларын бұзып, Райымбек батыр даңғылының батыс бағытына қарай жүріп келе жатқана жүргізуші Шөкебаеваны оң қолымен екі рет жұдырықпен ұрған. Осы соққыдан Шөкебаева есінен танып, көлікті басқара алмай қалған, жол бойында тұрған көліктер мен жаяу жүргіншілерді қаққан. Салдарынан оқиға орнында 3 жаяу жүргінші қаза тапты, – деді прокурор Сәуірбаев.
Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, сот тергеуі барысында сотталушы Ахметжанов «бұзақылық» бабын толық мойындамаған.
«Қылмыстық кодекстің 351-бабының 3-бөлігі бойынша кінәсін мүлде мойындамайтынын, яғни өз әрекетінде қылмыс құрамының болмауына байланысты ақтауды сұрап отыр», – деді мемлекеттік айыптаушы.
Ал мемлекеттік айыптаушы сотталушы Ахметжановтың кінәсі толық дәлелденгенін айтты.
Сондай-ақ сотталушы Дархан Ахметжановтың оқиға орнынан бой тасаламақ болғаны айтылды. Оны сол маңдағы адамдар ұстаған.
Құрметті сот, жаза тағайындау кезінде қылмыстың сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесі, оның қылмыс жасағанға дейінгі және одан кейінгі мінез-құлқы, жауаптылық пен жазаны ауырлататын және жеңілдететін мән-жайды ескеруіміз керек. Жазасын жеңілдететін мән-жай айыптау тарапы жағынан анықталмады. Өйткені сотталушы сот тергеуі барысында жасаған қылмыстық әрекеті үшін шын ниетпен өкініш білдірген жоқ, кінәсін мойындаған жоқ. Қылмыстық кодекстің 11-бабының 3-бөлігіне сәйкес, бұл абайсызда жасалған ауырлығы орташа қылмыс саналады. Сотталушының жеке басын, жәбірленуші тараптың пікірін, жасаған қылмысының қоғамға қауіптілігін ескеріп, Дархан Ахметжановты ҚК-тің 293-бабының 1-бөлігі, 351-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, түпкілікті 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауыңызды сұраймыз, – деді мемлекеттік айыптаушы Сәуіров.
Сондай-ақ прокурор сотталушыны қауіптілігі барынша төмен мекемеде жазасын өтеуге жіберуін сұрады.