– Қала әкімдігі жыл басында «Алматы қаласының 2030 жылға дейінгі көлік қаңқасының» шеберлік-жоспарын бекіткен болатын. Жоба аясында биыл Райымбек даңғылында BRT жолағын салу жоспарланған.
Алматы қаласы әкімдігінің мәліметіне сәйкес, шаһардың негізгі көшелерінің бірі – Райымбек даңғылында BRT жолақтарын салу жұмыстары шілде-тамыз айында басталады. Бекітілген жоспар бойынша бұрынғы «Ташкентский» көшесінің бойында жалпы автобус жолағының ұзындығы 17 км болмақ. Дегенмен осы жылы Райымбек даңғылының бойымен Пушкиннен Ахметов көшесіне дейін 8 шақырым жүргізу жоспарланған. BRT аралас жолақпен жүргізіледі, яғни көшенің бір бөлігінде автобус жолына шеткі сол жағы берілсе, кей бөлігінде шеткі оң жағына салынады.
Алматы қаласы Мобилділік басқармасының басшысы Сағындық Телібаев көлік қаңқасының шеберлік-жоспарын таныстыру кезінде мегаполисте енді қоғамдық көлікке басымдық берілетінін атап өткен болатын.
«Осы жоба аясында автоматтандырылған бағдаршамдар орнату алдын ала қаралған. Қазіргі кезде Райымбек даңғылында қоғамдық көлік те, жеке автомобильдер де кептелісте тұрады. Ешкімге басымдық берілмеген. Сондықтан біз біртіндеп қоғамдық көлікке басымдық бермекпіз. Адамдар жеке көлігіне қарағанда автобуспен тезірек жететінін байқаса, қоғамдық көлікті пайдаланушылар көбейеді. Ал көліктердің азаюы экологияға пайдасын тигізеді», – деді басқарма басшысы.
Алматының шеберлік-жоспарында қаладағы көлік қозғалысының 40%-ын қамтитын шаһар шекарасындағы негізгі 10 бағыт көрсетілген. Бұл бағыттар бойынша күніне 310 мыңға жуық көлік қалаға кіріп-шығады. Оның ішіндегі ең үлкен көлік ағыны Алматының батыс бөлігінен келіп, Райымбек даңғылының бойынан өтеді. «Ташкент трактінен» күніне 54 мың көлік келетін көрінеді. Осыған орай, Райымбек даңғылының бойында BRT жолақтарының салынуы жолаушылардың қоғамдық көлікке ауысуы әсерінен көлік ағынын азайтуы мүмкін. Қазіргі уақытта орта есеппен жеке көлік арқылы қалаға 2 (1,7) адам келетін болса, автобус арқылы 35 жолаушы діттеген жеріне жетіп отыр. Сондай-ақ қаланың шығыс және батыс бағыттарын байланыстыратынын Райымбек даңғылында 88 маршрут бойынша 1300-ден астам автобус жүреді және күн сайын 730 мыңға жуық жолаушыға қызмет көрсетеді. Жолаушылар тасымалы кәсіпорындары қауымдастығы төрағасының орынбасары Дана Ахатова BRT құрылысы қоғамдық көліктегі жолаушылардың көбеюіне әкелетінін айтады.
«Қаланың автобус маршруттарының 40%-дан астамы Райымбек даңғылы арқылы жүреді. Бұл аталған инфрақұрылымның қоғамдық көлік үшін маңыздылығын көрсетеді. Райымбек даңғылына BRT енгізу қоғамдық көліктің тартымдылығын арттыруды көздейді. Бұл өз кезегінде халықты қоғамдық көлікке отыруға ынталандыруға тиіс», – деді Жолаушылар тасымалы кәсіпорындары қауымдастығы төрағасының орынбасары.
Айта кетейік, «Алматы қаласының 2030 жылға дейінгі көлік қаңқасының» шеберлік-жоспары аясында қала көлік қаңқасының 81%-ын BRT-дан құру жоспарланған. Барлығы 2030 жылға дейін Алматыда ұзындығы 296 км BRT жолағы салынады.