Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің спорт министрлерінің кеңесі аясында Қытайдың дене шынықтыру және спорт жөніндегі бас мемлекеттік басқарма басшысы Гао Чжиданмен кездесіп, екіжақты келіссөз жүргізді.
Ермек Маржықпаев ең алдымен Қытай тарапына Ханчжоудағы Азия ойындарын лайықты деңгейде ұйымдастырғаны үшін алғысын білдірді.
2023-2024 жылдары Қытайда ел спортшылары ескек есу, бокс, мәнерлеп сырғанау, таэквондо және өзге де спорт түрлері бойынша жаттығу жиындарын өткізді. Әңгіме кезінде министр Қытай спортшыларын Алматы облысындағы Олимпиадалық даярлық орталығының базасында оқу-жаттығу жиындарын өткізуге шақырды.
Спорт ведомстволарының басшылары Қазақстан мен Қытай арасындағы спортты дамыту саласындағы ынтымақтастықты одан әрі күшейтуді, оның ішінде 2025 жылғы қысқы Азия ойындарына қатысу мәселелерін талқылады.
Қытай Халық Республикасы көптеген спорт түрінде тұрақты түрде жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Бұл – жоғары дәрежелі спортшыларды даярлаудың сапалы және жан-жақты жүйесін көрсетеді. Біз тәжірибе алмасу арқылы спорттық медицина саласындағы ынтымақтастыққа мүдделіміз. Қытайдың Азиада мен Олимпиялық ойындар сияқты ірі кешенді іс-шараларды ұйымдастырып, өткізудегі, әсіресе логистика мәселелеріндегі оң тәжірибесін ерекше атап өткен жөн. Осылайша ведомство арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, тереңдетуге бірнеше бағыт бар, – деді Ермек Маржықпаев.
Сонымен қатар ведомство басшысы кездесуде Қытай делегациясын биылғы қыркүйек айында Астанада өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатына қатысуға шақырды.