– Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Жылу энергетикасы туралы» заңы мақұлданды.
Заңның мақсаты – жылу энергетикасы саласының сенімді және үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін экономикалық және құқықтық негіздерді қалыптастыру, қолданыстағы заңнамадағы олқылықтарды жоятын және құқықтық реттеудің қажет деңгейін қамтамасыз ететін осы саладағы қатынастарды реттеудің тиімді заңнамалық негізін құру.
Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің мәліметінше, заңда жылу энергетикасы саласындағы мемлекеттік бақылауды күшейту және бақылаудың мынадай жаңа түрлерін енгізу көзделеді: қашықтан бақылау, бекітілген жылдық тізім бойынша жылына 1 реттен артық емес жоспарлы тексерулер, жоспардан тыс тексерулер, тергеп-тексерулер жүргізу. Бұл энергия кәсіпорындары мен тұтынушылардың энергетикалық жабдықтарының тиісті техникалық жай-күйін ұстап тұру, пайдалану шарттары мен жұмыс режимдерін сақтау үшін қажет.
Жылу желілеріндегі бақылау функциялары (жалпыға ортақ пайдаланылатын орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйелері аясында) жергілікті атқарушы органдардан Энергетика министрлігінің Атом және энергетикалық қадағалау және бақылау комитетіне ауысатын нормалар да ескерілген. Заңда жылу энергиясын өндіру, тасымалдау және өткізу бөлігінде осы саладағы бірыңғай саясатты айқындайтын жылу энергетикасы саласындағы уәкілетті органның құзыретін белгілеу, жылу энергиясын өндіру әрі тасымалдау бөлігінде жылу энергетикасының негізгі және нысаналы көрсеткіштерін әзірлеу көзделеді.
Мұнымен қоса, Ұлттық экономика министрлігінің жылу энергиясына тарифтерді белгілеу бөлігіндегі құзыреті регламенттеледі. Сондай-ақ, тұрғын үй қатынастары әрі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы уәкілетті органның және республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы мен өкілді органдарының құзыреті айқындалды.
Атап айтқанда, жылумен жабдықтауды дамыту схемаларын жергілікті атқарушы органдар әзірлейтін болады және жергілікті жағдайларды ескере отырып, іс-шараларды қаржыландыру мерзімдерін, мөлшерін, басымдығы мен көздерін айқындайды.
«Жылу энергиясымен қамтамасыз ету жөніндегі қызметтерге қол жеткізу мен ақы төлеу мүмкіндігіне кемсітушілік көзқарасты болдырмау мақсатында жергілікті атқарушы органдар өңірлердегі жылу энергетикасының жай-күйіне тұрақты мониторингті жүзеге асырады. Заңда орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесінде жылу энергиясын өндіруге, тасымалдауға және өткізуге арналған жылу энергетикасы саласындағы тарифтерді мемлекеттік реттеу белгіленеді. Жылу энергетикасында мынадай жылумен жабдықтау жүйелері жұмыс істейді: орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесі, жергілікті жылумен жабдықтау жүйесі, жеке жылумен жабдықтау жүйесі. Құжатта жылумен жабдықтау субъектілері мен тұтынушылардың орталықтандырылған және жергілікті жылумен жабдықтау жүйелеріндегі құқықтары мен міндеттері регламенттелген. Жылумен жабдықтау субъектілерінің меншік иелері жылумен жабдықтау объектілерінің тиісті жұмыс істеуін қамтамасыз етуге міндетті», – делінген Сенат комитетінің ақпаратында.
Сонымен қатар, заңда жылумен жабдықтауға арналған отын сапасына қойылатын талаптар, техникалық және технологиялық нормалар және жылу энергетикасы саласындағы қауіпсіздік талаптары қарастырылған.
Заң энергия тиімділігі мен энергия үнемдеуді арттыру, жаңартылатын энергия көздерін орталықтандырылған жылумен жабдықтау жүйесіне енгізудің экономикалық және техникалық орындылығы жағдайында дамытуға ынталандыру бөлігіндегі нормаларды көздейді, көппәтерлі тұрғын үйлер тұрғындарының ортақ үй мүлкін жаңғырту әрі пайдалану жөніндегі міндеттемелері айқындалды.
Заңда жылу энергетикасы саласындағы жобаларға қойылатын негізгі талаптар айқындалған: жылумен жабдықтау жүйесіне әрі жобаны іске асыру орнына сәйкес отынды пайдалану, энергия үнемдеу және тиімділігін арттыру, жылу энергиясын өндіру, тасымалдау мен тұтыну кезінде жылу энергиясының шығынын азайту жөніндегі іс-шаралар мен технологиялар.