фото:ашықдереккөз
Өткен жылы ауыл шаруашылығын субсидиялауға 490 млрд теңге бөлінді. Биылғы жоспарда көрсеткішті арттыру көзделіп отыр. Ауыл шаруашылығы министрлігінің де субсидиялауға деген көзқарасы күннен күнге өзгеріп келеді.
Мәселен, еліміздегі шаруа қожалықтарының бірі «Найдоровское» шаруа қожалығы 2000 жылы құрылған. Ол кезеңде 200 гектарға ғана бидай егілді. Шаруашылық ақырындап өркендей бастады. Сонымен қатар егіс алқабы ұлғайып, өнім жүз есе артты. Биылдың өзінде 20 мың гектарға егін егілді. Бидай ғана емес, бұршақ, майлы дақылдар, картоп да өсіріледі. Шаруа қожалығының жетекшісінің айтуынша, көктемгі дала жұмыстарына қаражат бөлу жолға қойылған. Субсидия ең төменгі пайыздық мөлшерлеме бойынша беріледі екен. Бұл қожалық үшін де, жалпы сол өңірдегі халықтың әл-ауқаты үшін де пайдалы болмақ. Ал субсидия болмаса, тауардың бағасы қымбаттап кетуі мүмкін. Онымен қоса тауарды тасымалдау, өңдеу және т.б. құны көтеріліп, бағалар жоғары болатыны анық еді. Бүгінде шаруашылықта асытық шығымы қалыпты. Былтырғы жылы ел көлемінде гектарына 10 центнерден болса, шаруашылықта 20 центнер астық берген. Орталық Қазақстанның қатаң климатына қарамастан, көрсеткіштерге агротехниканың көмегі көп тиді.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәлімдеуінше, негізгі өзгерістердің бірі – басымдықтың минералды тыңайтқыштарға берілуі. Отандық тыңайтқыштарға аванстық субсидиялау енгізілді. Осылайша норматив 50 пайызға көтерілді. Субсидия арқылы тыңайтқыш көлемі 960 мың тоннаға ұлғайтылды. Ал бұған дейін оның үлесі 680 мыңнан аспаған болатын. Қазақстан өсімдік шаруашылығын дамыту үшін жыл сайын 100 миллиард теңге қаражат бөледі. Ендігі мақсат – цифрлы технологияларды көптеп енгізу. Шетелден келетін технологиялардың қымбат болатыны сөзсіз. Оған қарастырылатын субсидияның 42 пайыздан 6,5 пайызға дейін қысқаруы да жағдайды қиындатқаны анық. Алайда бұл мәселені шешу ауыл шаруашылығы министрлігінің құзіретінде. Шаруалар өнім көлемін төмендетпеу, ішкі нарықтағы бағаны шарықтатпау сияқты өзара міндеттеме алады. Мәселен, мал шаруашылығымен айналысатындар жыл сайын мал басын кем дегенде 5 пайызға көбейтіп отыруы керек. Айтпақшы, олар үшін барлық дерлік субсидиялар сақталды. Төтенше және қалыптан тыс ауа райы жағдайында ғана жем сатып алу ғана субсидияланады. Олардың қатарында Маңғыстау, Қызылорда және Атырау облыстары бар. Қазір жергілікті атқарушы органдарға берілетін субсидия көлемі шамамен 420 миллиардты құрайды. Жалпы, алдағы бес жылда Қазақстандағы саланы несиелендіруге 10,5 триллион теңге бөлуді жоспарлап отыр. Бұл қаражат көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуді жеңілдетілген несиелендіруге, ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизингке алуға, сондай-ақ агроөнеркәсіп кешеніндегі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға жұмсалады.
Ж.Жұманбаева
altyalash.kz