Киевте қазақстандық журналист Айдос Садықов қайтыс болды. Қаралы хабарды оның әйелі Наталья Садықова әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды altyalash.kz сайты.
Киевте Айдос Садықов өмірден өтті. Менің сүйікті күйеуім, үш баланың әкесі, қазақ халқының ұлы еді. Айдос Қазақстанға өмірін арнады, киллердің қолынан мерт болды. Айдос 13 күн бойы жансақтау бөлімінде өмір үшін күресті, алайда аман қалмады, – деп жазды Наталья Садықова Facebook-тегі парақшасында.
Айта кетейік, бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Киевте журналиске жасалған қастандық әрекетке қатысты пікір білдірді.
Елімізде заң үстемдігін нығайтып жатырмыз, яғни барлық салада алдымен заң үстемдігін қамтамасыз ету – басты міндет. Бұл мәселе бойынша менің көзқарасым – айқын. Мұны өздеріңіз де жақсы білесіздер. Қазақстанда заң мен тәртіп бәрінен биік тұруға тиіс. Сондықтан қоғамдағы барлық қарама-қайшылықтар мен келіспеушіліктерді тек қана құқықтық тұрғыдан, яғни тиісті заңнамаға және негізгі халықаралық нормаларға сәйкес шешу қажет. Кеше Қазақстан азаматы Айдос Садықовқа қатысты Киевте болған қылмысқа да дәл осы ұстаным тұрғысынан қараған жөн. Мен дипломатиялық арналар мен құқық қорғау органдары арқылы осы оқыс оқиға бойынша ресми сұратулар жіберу туралы нақты тапсырма бердім. Сондай-ақ қажет болған жағдайда Қазақстанның ресми органдары істің ақиқатына жетуге жәрдем беру үшін тергеу жұмысына қатысуға дайын екенін айтқым келеді, – деді президент.