Әкімшілік полиция комитеті Tengrinews.kz тілшісінің қызметкер жүргізушілерге қандай құжат көрсетуі керек деген сауалына жауап берді.
Талаптар “Жол қозғалысы туралы” Қазақстан Республикасы Заңының 52-бабында нақты регламенттелген. Баптың 3 тармағына сәйкес көлік құралы тоқтатылған жағдайда ішкі істер органдарының қызметкері келесі әрекеттерді дәйекті түрде орындауға міндетті:
- дереу тоқтаған көлік құралына жақындау;
- өзін таныстыру және жүргізушінің талабы бойынша танысу және тегі мен лауазымын білу үшін қызметтік куәлікті көрсету;
- көлік құралын тоқтату себебін түсіндіру;
- егер көлік құралы жүргізушісінің осы Заңның және (немесе) жол жүрісі қағидаларының талаптарын бұзуы сертификатталған арнайы техникалық құралдар және аспаптармен тіркелген жағдайда, жүргізушіге танысу үшін тиісті материалдарды көрсету.
Полиция қызметкерінің жедел-профилактикалық іс-шара жүріп жатқаны туралы құжаттарды көрсетуден бас тартуы Конституцияның 18-бабына қайшы келмей ме?
Конституцияның 18-бабына сәйкес, “Мемлекеттік органдар, қоғамдық бірлестіктер, лауазымды адамдар және бұқаралық ақпарат құралдары әрбір азаматқа өзінің құқықтары мен мүдделеріне қатысты құжаттармен, шешімдермен және ақпарат көздерімен танысу мүмкіндігін қамтамасыз етуге міндетті”.
Бұл жағдайда Қазақстан Республикасы Конституциясының 18-бабының талаптары бұзылмайды. Қазақстан Республикасы Конституциясының 39-бабы 1-тармағына сәйкес, “Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртіпті, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатына қажетті шамада ғана және тек заңмен шектелуі мүмкін”.
Яғни, адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтары заңдармен шектелуі мүмкін. “Жол қозғалысы туралы” Заңға сәйкес жедел-профилактикалық іс-шара жүріп жатқаны туралы құжаттарды ұсыну қарастырылмаған.
Егер жүргізуші өзін заңға сәйкес тоқтатқанына күмәнданса, не істеу керек?
Көлік құралын тоқтатудың заңдылығына күмәнданған жағдайда жүргізуші қызметкердің іс-әрекетіне жоғары тұрған лауазымды адамға шағымдануға не 102 бірыңғай арнаға қоңырау шалуға және жүргізіліп жатқан жедел-профилактикалық іс-шара туралы нақтылауға құқылы.