– Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі 2024-2029 жылдарға арналған Жасанды интеллектті дамыту тұжырымдамасын әзірледі. Бұл туралы сала министрі Жаслан Мәдиев айтып берді.
«Мемлекеттердің жасанды интеллектті қолдануға дайындығы Oxford Insights әзірлеген әдістемемен анықталады. Осы әдістемеге сәйкес, Қазақстан цифрлық әлеует (76%) және деректердің қолжетімділігі (74%) көрсеткіштері бойынша жоғары әлеуетке ие. Біз жасанды интеллект саласындағы елдік стратегиялық құжаттардың болмауына байланысты «пайымдау» көрсеткіші бойынша айтарлықтай артта қалып отырмыз», – деді Ж.Мәдиев Үкіметтің бүгінгі отырысында.
Тұжырымдаманың негізгі мақсаты — жасанды интеллект экожүйесін құру, экономика және мемлекеттік басқару салаларында жасанды интеллект технологияларын енгізу. Осы мақсатқа жету үшін тұжырымдамада келесі бағыттар жеке-жеке қарастырылады: деректер; инфрақұрылым; адами капитал; ғылыми зерттеулер; реттеуші орта, акселерациялық бағдарламалар.
«Деректер – жасанды интеллект дамуының негізгі элементтерінің бірі. Өздеріңіз білетіндей, бұл бағытта үлкен жұмыс атқарылып жатыр. «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамы мемлекеттік органдардың деректерін Smart Data Ukimet-ке жинайды. Оған жаңартылып тұратын 93 деректер базасы (мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік сектор, жеке кәсіпорындар, екінші деңгейдегі банктер, жоғары оқу орындары және ғылыми орталықтар) қосылған. Осы мәліметтер үлкен деректерді терең талдауға және соған негізделген шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді», – дейді министр.
Инфрақұрылымды дамыту үшін Қазақстанда суперкомпьютерді орналастыру, халықаралық әріптестік арқылы деректерді өңдеу орталықтарын салу, жасанды интеллект ұлттық платформасын құру және талшықты-оптикалық байланыс желілерін дамыту шаралары көзделген.
«2029 жылға дейін алдымызға келесі мақсаттар қойылды: 5 млн адамды жасанды интеллект дағдыларына үйрету; 500 мың салалық маман даярлау; 5 қазақстандық бірегей компания құру; IT-экспортты 5 млрд долларға дейін ұлғайту; акселерация есебінен экономика секторларында жыл сайын кемінде 25 жасанды интеллект өнімдерін енгізу. Бұл жоспарларды жүзеге асыру және жасанды интеллект өнімдерін экономикаға кеңінен енгізу ЖІӨ өсуіне елеулі үлес қосады деп жоспарланып отыр», – деді Ж.Мәдиев.