Музыкатанушы ғалым Гүлзада Омарова: «Жетісудың күйлері» (Мүптекеев Б., Медеубекұлы С.) кітабына жазған алғы сөзінде күйшілік мектеп жайлы келесідей пікір жазады. «Жетісу күйлері кезеңдік тұрғыдан алғанда, шынында да Батыс (төкпе) және Орталық Қазақстан (шертпе) күй мектептерінен көне. Алайда көне күйлерді сол өңірде ғұмыр кешкен дәулескер күйшілердің күйлерімен салыстырғанда, бұл дәстүрдің тек қана көне қабат емес, барынша дамыған, дербес, негізінен Ұлы жүз ру-тайпаларының тарихымен, өмір салтымен тығыз байланысқан машық екеніне көзіңіз жетеді», – дейді ғалым.
Күйшілер жайлы жазбас бұрын, әуелі жағрафиялық орнына тоқталып өтейік. Бүгінгі Қазақстанның саяси картасын қарасақ, Жетісу күйшілік мектебі Алматы, Жетісу және Жамбыл облыстарын қамтиды. Әрине, бұл шартты түрдегі бөлу. Қазақтың байырғы көшпелі өмірін ескерсек, бүгін ҚХР Іле аймағы мен Алатаудың екінші беті де Жетісу күйшілік аймағына қосып жіктейтін (араласып жүргендіктен) ғалымдар жоқ емес.
Жеке күйшілік мектебінің бір айғағы – ол күйлерінің өзгелерден басқа сарында болуы.
Күйші Жанғали Жүзбай өзінің «Шертпе күйдің төрт мектебі» еңбегінде келесідей жазады: «Жетісу күйшілік мектебінің негізгі мінездемесін, өзге күй мектептерінен айырмашылығының нақты белгілерін музыкалық даму тұрғысынан тап басып айту едәуір қиындық туғызады. Себебі, бұл мектептің күйлерінде Арқа, Қаратау, Алтай, Сыр сарындары аралас кездесе береді, күй шалу машығында төкпелетіп тарту да бар, солай бола тұра күйдің дамуы шертпе шеңберінен шыға қоймайды», – дейді.
Десе де күйді ажыра алатын адам бұл аймақтың күйлерін тыңдап отырып, күй сарынында арман саздарын байқайды. Шалқыған арман емес, үміті бар арман саздары. Бұл саз-сарында Алатау асқан қырғыздарға да тән. Жанғали Жүзбай жоғарыда айтылған еңбегінің келесі бетінде былай дейді: «Жетісу күйлерінде қырғыз ырлары басымырақ, қомыздың желдірме-толғаулары емін-еркін екі ұлтқа ортақ қолданысқа түскен».
Жетісу күйшілік мектебінің өкілдерін жазу үшін тағы да жағрафияға жүгіну керек. Өйткені бір аймақ десек де, орындаушылық мәнермен ерекшеленетін тұстары бар. Мысалға Жетісу күйшілік мектебінің оңтүстік-шығысында Қожеке Назарұлының есімі айрықша аталады. Тіпті көрші жатқан Іле күйшілік мектебінде де Қожекенің күйлерін шертеді. (Әрине, бұлай бөлуіміздің барлығы да шартты түрде. Мысалға күйші Қожекенің өзі «Жетісу, Іле мектебіміз» деп айтпағаны анық. Біз қазіргі күйтану саласында қалыптасқан жіктеуге сай осылай жазуға мәжбүр болып отырмыз). Ал мектептің батысына қарай Жанғали Жүзбай: «Шу мен Талас өңірінің орындаушылық мәнері жеке арна ретінде дамыған», – деп жазатын аймақ күйшілері бар. Бұл жерде есімі елден ерен тұрған Нұрғиса Тілендиев бар.
Күйші Қожеке Назарұлы (1823-1881) жайлы Ақселеу Сейдімбек, Базаралы Мүптекеев сынды көптеген зерттеуші кеңінен тоқталған. Туған-өскен ортасын, таласқа толы ғұмырын, азапқа салған өлімін бәрін де жазып кеткен. Сондықтан тағы қайталап, тоқтап кетуді жөн санамаймыз. Біз үшін Ақселеудің күйші Қожекенің күйшілік ерекшелігі жайлы пікірі қызық. А. Сейдімбектің «Қазақтың күй өнері» еңбегіне зер салайық: «Қожеке күйлерінің құрылымы қарапайым болғанымен әуендік тілі бай. Ол әрбір күйіне сәтті сарын тауып, бірден жүрекке жететін ұрымтал тәсілмен тартады. Біресе шертіп, біресе серпіп, енді бірде іліп тартуды қажет ететін күйлері дыбыс өрнегін байытып, тыңдаушысын үйіре еліктіріп отырады», – дейді Ахаң.
Жетісу күйшілік мектебінің басында Қожеке күйші тұр десек те, оған дейін де, одан кейін де өнерпаздар болғаны сөзсіз. Қазақ даласындағы кез келген күйшілік мектепте осындайды кездестіруге болады. Яғни, белгілі біреу өнердің бастауында басында тұрса, дейін не кейін өмір сүргендер сол тұлғадан кейін аталады. Осы дейін мен кейіндердің арасында Мергенбай, Байсерке, Сыбанқұл, Шортанбай секілді есімдерді айтуға болады.
Жетісу күйлерін жеткізуші Омархан Керімқұловтың шертуінде Қожекенің «Күй шақыртқысы»
Жетісу күй мектебінің екінші алыбы – даңқты Нұрғиса Тілендиев ұстанған дәстүр. Бұл жайында Жанғали Жүзбай былай дейді: «Жетісу күйлерінің ортақ үлгісін мысал ретінде көрсету үшін Нұрғиса Тілендиевтің орындаушылық мәнерін алсақ жеткілікті. Н. Тілендиевтің репертуарындағы күйлерде қоңыр сазды шертіс пен қызуқанды төкпе кезектесіп тұрады, екі қолдың еркіндігінде шек жоқ, ал, күй сазына келер болсақ – қазақ пен қырғыздың әуездері бірден құлаққа келеді, асқан сезімшілдік пен виртуоздық тәсілдер қат-қабат араласқа түсіп, тыңдаушыны баурап алады. Н. Тілендиев бұл дәстүрді атасы – Тілендіден, Жамбыл мен Кененнен үйренген. Яғни, Жамбылдың заманында гүлденіп тұрған Жетісу шертпесінің дәрежесі мен дәргейі қаншалықты болғанын осыдан-ақ білуге болады».
Осы сөзді Ақселеу Сейдімбектің жазғанымен қуаттасақ дейміз. «Нұрғиса – қазақтың музыкалық мәдениетіндегі сал-серілік дәстүрдің соңғы тұяғы. Бұл ойдың орамы бір айтарға оңай көрінгенімен, уақыт және тұлға, уақыт және шығармашылық жаңалық дейтін категориялық ұғымдарымен шендестіргенде Нұрғисаның ешкімге ұқсамайтын дара болмысы жоталанып сала береді. Ол өнер туындату барысында уақыттың идеологиялық өктемдігіне, ассимиляцияшыл әсіре үрдісіне мүлде мойын ұсынбастан, өзінің тәңір дарытқан төлтума қалпынан қылдай ауытқымай жүріп, шығармашылық даралығын сақтап қала алды» деп Ахаң өнерпаз Нұрғисаны сипаттайды.
Құрметті оқырман, біздің күй мектептері жайлы мақалаларымызды оқып жүрсеңіз бір заңдылықты байқар едіңіз. Біз қай күйшілік мектебі болсын, басында тұрған өнерпаздар жайлы ғана және олардың ерекшелігі бары жайлы ғана мәлімет береміз. Қызыққан адам ғылыми жинақтардан аталған күй мектептерінің өзге де күйшілері мен күй аңыздары туралы хатталған мәліметтер таба алады. Біздің мақсатымыз – төбе күйшілер жайлы және сол күйшілер арқау болған мектеп жайлы нақты ақпар беру.
Десе де осы жолы өз принципімізден сәл ауытқысақ дейміз. Өйткені Жетісу күйшілік мектебіне орасан зор еңбегі сіңген бір ғалым бар. Өзі дүниеден өтсе де, артынан қалған еңбегі әлі күнге дейін Жетісу күйшілік мектебін зерттеушілерге және күйлерін шертушілерге сарқылмас қайнар бұлақ іспеттес болып тұр. Ол ғалымның есімі – Базаралы Мүптекеев.
Қарапайым оқырманға Базаралы Мүптекеев (1967-2015) есімі таныс болмаса да, еңбегін жақсы біледі. Басқасын айтпағанда өз уақытында сенсация саналған «Мәңгілік сарын» мен «Қазақтың мың күйі» антологиялары осы Базаралы Жұмағұлұлы болмаса шығар ма еді, шықпас па еді… Жетісу күйлері тақырыбында диссертация қорғап, өнертану ғылымдарының кандидаты атанды. Қожеке бастаған күйшілердің күйлерін жинақтап, 1998 жылы «Жетісудың күйлері» (С. Медеубекпен бірге) ноталар жинағын шығарды. Кезінде «Домбыра ЮНЕСКО-ның тізіміне енді» деп ел болып қуанған оқиғаның негізгі себепкері де осы Базаралы Мүптекеев. Юнесконың рухани мұралар тізіміне «Қазақтың дәстүрлі домбыра күйін орындау өнері» номинациясына енгізу үшін құжаттарды дайындау тобының басы-қасында жүрген еді.
Мұхиттанушы ғалымдардың айтуынша, айсбергтің шыны ғана көрінеді. Ал су астында жатқаны бізге көрінген бөлігінен неше есе көп. Сол сияқты Б. Мүптекеевтің атқарған еңбегі деп біздің жазғанымыз тек айсбергтің ұшы ғана. Біз білетін һәм білмейтіні қанша. Өкініштісі сол Баз-ағаның (біз марқұмды осылай атаушы едік) насихаттау еңбегін жалғастыру кенже қалып жатыр. Әрине, ел ішінде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып-ақ жүр. Бірақ Базаралы Мүптекеев сияқты жанын салып жүрген адам байқалмайды, көп істер бір күндік ретінде өтіп жатыр. Әйтеуір бізге солай көрінеді. Сондықтан Жетісу күйшілік мектебі жоқшысынан айырылған күй кешіп жүр деп өкінішпен айтамыз.
Осыған дейін бүгінде аты бар, заты жоққа айналған Төре күйшілік мектебі туралы жазған болатынбыз.