Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитетінің қолдауымен 22-26 шілде күндері Республикалық ақпараттық түсіндіру тобы мүшелері Алматы облысына іссапар жасады.
Аталған іссапардың мақсаты – халықтың діни сауатын арттыру және дін саласындағы мемлекеттік саясатты түсіндіру жұмыстарын жүргізу арқылы қоғамда жалған діни идеялардың таралуын болдырмау және діни экстремизмнің алдын алу.
Аталған бағытта жалпы саны 22 іс-шара ұйымдастырылып, 700-ден астам адам қамтылды.
Іс-шараға: Әділбаев Алау Шайқымұлы – «Нұр-Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті университетінің профессоры, аға оқытушы; Шағырбай Алмасбек Дүйсенбекұлы – ҚР ҒжЖБМ Ғылым комитетінің философия, саясаттану және дінтану орталығының директоры, PhD докторы; Cүлейменов Жандаулет Отарбайұлы – Теология ғылымының магистрі, сарапшы; Стамбакиев Нұржан Жақсылықұлы – PhD доктор, «Нұр-Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті университетінің аға оқытушысы, исламтанушы; Қаңтарбаева Жанна Орынбасарқызы – әл-Фараби атындағы ҚазҰУ аға оқытушысы, философия ғылымының кандидаты; Түсіпхан Имаммәди – «Нұр-Мүбарак» Египет Ислам мәдениеті университетінің аға оқытушы, PhD доктор секілді дін мәселелері бойынша Республикалық ақпараттық түсіндіру тобының мүшелері қатысты.
Түсіндіру тобының мүшелері Талғар, Есік, Қаскелен қалаларында, сондай-ақ Қарасай, Талғар, Жамбыл, Еңбекшіқазақ, Ұйғыр аудандарында болды. Олар халық арасында «Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу жолдары», «Дәстүрлі құндылықтардың маңыздылығы», «Жастарды тәрбиелеудегі дін мен дәстүрдің рөлі», «Діни тұрақтылық – қоғамдық қауіпсіздіктің кепілі» және т. б. тақырыптарда түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Іссапар барысындағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары аясында түзету мекемесінде жазасын өтеушілер, өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, жұмыссыз жастар, ауыл тұрғындары, мешіт жамағаты және т.б. топтар қамтылды.