фото:ашықдереккөз
Түркістан облысы – ауыл шаруашылығы саласындағы жетекші аймақтардың бірі. Мұнда асыл тұқымды мал шаруашылығының дамуына ерекше назар аударылып келеді. Былтыр өңірге дәл осы бағытты нығайту үшін 6 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген. Қазынадан бөлінген қыруар қаржы мемлекеттік субсидия ретінде беріледі.
Ал жыл басында 4 миллиард теңге берілді. Түркістан облысында алғашқы жартыжылдықта 31 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл ақпаратты облыстың жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Тілеген айтты. Басқарма басшысының хабарлауынша, өңірдің жер қоры 11 миллион гектардан асады. Ал оның 4 миллионнан астамы – ауыл шаруашылығына тиесілі. Одан бөлек аймақ әкімінің өкімімен жерлерді заңсыз басып алған жағдайларды анықтайтын комиссия да құрылған. Олардың құзіреті бойынша заңсыз алынған жерлер мемлекеттің меншігіне қайтарылады. Жыл басынан бері 31 мың гектар жер мемлекетке берілді. Сонымен қатар өңірде мал басының көбеюіне назар аударылып жатыр. Ол үшін жайылымдық жердің көлемін 300 мың гектарға ұлғайту жоспарланып отыр.
Аймақта жалпы құны 87 млрд теңгені құрайтын 48 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Мысалы, өңірде жылдық жалпы қуаты 12 655 тонна ет бағытындағы үш құс фабрикасы қосылмақ. Жобаға 5,4 млрд теңге инвестиция құйылады. Сонымен қатар жылдық қуаты 20 850 тоннаны құрайтын жеміс-көкөніс қоймалары салынады. Бұл аймақтағы ең өзекті мәселелердің бірі. Онымен қоса, 2200 басқа арналған 5 сүт-тауар фермасының жобасы жүзеге асырылады. Ол үшін 11 миллиард теңге қарастырылған.
Өңірде жаңбырлатып суаруға ерекше мән берілмек. Бұл бағытқа шамамен 9,893 млрд теңге жұмсалмақ.Сонымен қатар, 1 270 гектарға тамшылатып суару жүйесі іске қосылады. Ал бұл жүйеге инвесторлар 2,940 млрд теңге қарастырып отыр. Жылыжай салу да кезек күттірмейтін мәселе. Жылдық қуаттылығы 4 мың тоннадан асатын 2 жылыжайдың жобасы да жоспарда бар. Ал мал шаруашылығы бойынша 6 бордақылау алаңын ашылмақ.
Жалпы алғанда, Түркістан облысы жыл сайын өнім сапасы мен баға тұрақтылығын сақтауға күш салып келеді. Әсіресе, ет,сүт бағытында тиімді жобалар жүзеге асырылады деп күтіліп отыр.
Ж.Жұманбаева
altyalash.kz