фото:ашықдереккөз
Әзірбайжан – Қазақстанның ауыл шаруашылығы бағытындағы сенімді серіктестерінің бірі. Бакуде өткен Қазақстан-Әзірбайжан форумы соның айғағы. Іс-шараның негізгі мақсаты – Қазақстаннан Әзірбайжанға астық дақылдарын жеткізуді арттыру. Форумға Агробизнес компанияларының өкілдері қатысып, біраз мәселенің түйінін тарқатты. Әсіресе, логистика, өнім сапасы, тауарды уақытылы жеткізу секілді маңызды тақырыптар талқыланды.
Екі ел арасында ынтымақтастық артып келеді. Әсіресе агросектор бағытында. Бұл форумда Қазақстанның Әзірбайжандағы елшісі Әлім Байел бірқатар елдер кірген исламдық азық-түлік қауіпсіздігі ұйымының мәселелеріне маңыз берді. Оның ойынша Әзірбайжан да жақын арада оның құрамына кіруі мүмкін деген үміт білдірді.
«Қазақстан мен Әзірбайжан ынтымақтастығы жыл өткен сайын кеңейіп келеді. Мысалы, Қазақстанға Әзірбайжаннан жемістер, көкөністер, жаңғақтар импорты керек болса, ал Әзірбайжанға біздің еліміз астық өнімдерін, майларды және тағы да басқа өнімдер жеткізе алар еді» – деді елші.
Наурыз айында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Мемлекет басшысының Әзірбайжанға сапары аясында Әзірбайжанның ауыл шаруашылығы министрі Меджнун Гадир оглу Мамедовпен кездескен еді. СОл сәтте екіжақты өсу мен әлеует бар екені атап өтілген. Атап айтқанда агроөнеркәсіптік кешені бағытында сауда көлемін нығайту жоспарланған.
2023 жылдың қорытындысы бойынша қос тараптың сауда көлемі 75 миллион долларды құраған. Ал биылдан бастап еліміз ет, құс етінің тағамдық қосалқы өнімдерді экспорттайды. Демек, сауда айналымының көрсеткіштері артады. Онымен қоса инвестициялық ынтымақтастықты арттыру да маңызды. Ол үшін неғұрлым белсенді кәсіпкерлердің басын қосу жоспарланған. Министр астықты терең өңдеу, майлы дақылдарды, картопты, қант қызылшасын, жемістер мен көкөністерді, ет пен сүтті қайта өңдеу, сондай-ақ балалар тағамын өндіру сияқты бағыттарға назар аударуға шақырды. Жалпы алғанда, еліміз мен көршіміз Әзірбайжан арасында сауда әлеуетінен бастап инвестициялық жобалар да көбейеді деп күтілуде.
Ж.Жұманбаева
Altyalash.kz