Астана қаласы Есіл ауданы әкімдігінде «Мектепке жол» республикалық акциясы өтті. Іс-шарада Есіл ауданының әкімі Дәрменияр Қыдырбекұлы мен «Полимерстрой-Қазақстан» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің атқарушы директоры Бауыржан Қожабеков алдағы оқу жылының басталуымен құттықтап, балаларды озат оқуға шақырып, оқушылардың қадамына сәттілік тіледі, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Сонымен қатар меценат акция аясында халықтың әлеуметтік осал тобына жататын отбасы балаларына ұйымның атынан оқу-құралы бар 100 жиынтықты сыйға тартты.
«Мұндай іс-шаралардың өтуі ата-аналардың мойнындағы ауыртпалықты аз да болсын, жеңілдетеді деп ойлаймыз. Оқушылардың мектепке баруына өз септігін тигізіп, көмек қолын созып жатқан азаматтарға алғысымызды білдіреміз», – деді Астана қаласы Есіл ауданы әкімі аппаратының әлеуметтік сала бөлімінің басшысы Назгүл Ахметова.
«Бүгінгі қайырымдылық іс-шарасына алып келген оқушыларымыз – көпбалалы отбасылардан шыққан балалар. Мектепке баратын кезде оқу-құралдары жағынан көмек көрсетіп жатқан меценаттардың қайырымды ісіне ризашылығымызды білдіреміз», – деді №45 орта мектептің мұғалімі Мәдина Әбілқасымова.
Айта кетсек, бұл жолғы қайырымдылық іс-шарасына аталған демеуші компания 3 млн теңгеге жуық қаражат бөлген.
Естеріңізге сала кетейік, 1 тамыздан 30 қыркүйекке дейін аз қамтылған, көп балалы отбасылар, жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қатарындағы білім алушыларға «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында демеушілік қаражаты есебінен керек-жарақтары бар мектеп рюкзактары түрінде көмек көрсетіледі. Барлығы 8 500-ден астам баланы қамту жоспарлануда.
Бұл акцияның мақсаты аз қамтылған, көп балалы отбасылар, жетім балалар және жаңа оқу жылының басталуына дайындық кезеңінде ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар қатарындағы білім алушыларға материалдық көмек көрсету және әлеуметтік себептер бойынша балалардың мектепке бармауының алдын алу болып саналады.