Астанада Паралимпиада ойындарына қатысатын елордалық спортшыларға және спорт саласының қызметкерлеріне құрмет көрсетілді
Елордалықтар XVII Паралимпиада ойындарына қатысатын ұлттық құрама командасы мүшелеріне сәттілік тіледі, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
Мерекелік шараға Астана қаласы әкімінің орынбасары Ерік Мейірханов қатысты. Ол, сондай-ақ, QAZAQSTAN жеңіл атлетикалық спорт кешеніне жиналған өзге де спортшылар мен сала ардагерлерін ҚР Спорт күні мерекесімен құттықтады.
«Құрметті астаналықтар! Қадірменді спортшылар мен жаттықтырушылар! Баршаңызды ҚР Спорт күні мерекесімен құттықтаймын!
Бұл күн – спортшылар мен жаттықтырушылардың еңбегі мен жеңістерін мерекелейтін күн. Қаламыздың абыройын асқақтатып, спорт әлемінде үстем етіп жүрген спортшыларымыз жетерлік. Тәуелсіздік жылдарында еліміздің спортшылары халықаралық жарыстарда жоғары нәтиже көрсетіп, көк байрағымызды биіктен желбіретіп келеді. Жақында Францияда өткен жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан 25 спорт түрінен қатысып, 7 медаль жеңіп алды. Бұл жарыста Астана спортшылары да ерекше көзге түсті. Әсіресе, 80 келіге дейінгі салмақта өнер көрсетіп, күміс медаль иеленген Нұрбек Оралбайды атап өткім келеді», – деді құттықтау сөзінде.
Сонымен қатар, қала әкімінің орынбасары Ерік Серікұлы бірқатар спортшылар мен сала ардагерлеріне Құрмет грамотасы мен сый-сияпат табыстады.
Бұдан кейін Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит спорттағы әріптестеріне ҚР Туризм және спорт министрлігінің, қала әкімінің Алғыс хаттарымен марапаттады.
Айта кетейік, төрт жылда бір рет келетін ең маңызды жарыстың бірі Париж төріндегі Олимпиада ойындарынан кейін болатын XVII Паралимпиады ойындары. Байрақты бәсеке 28 тамыз бен 8 қыркүйек аралығында өтеді. Қазақстан ұлттық құрама командасында 9 спорт түрінен 33 лицензия бар. Паралимпиада ойындарында Астана қаласының 5 спортшысы бақ сынайтын болады. Олар: пара оқ атудан Севда Алиева, паражүзуден Сиязбек Дәлиев, парадзюдодан Ерғали Шәмей, Ақмарал Науатбек және Бауыржан Арыстанбеков.
Айтулы додада еліміздің көк туын ұстаушылардың бірі – астаналық пара оқ атудан спорт шебері, Қазақстан чемпионатының жеңімпазы Севда Алиева.