Бүгін денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында өңірдің бірқатар медициналық нысандарын аралады.
Министр Глубокое ауданы Прапорщиково ауылындағы күніне 25 адам қабылдауға арналған жаңа дәрігерлік амбулаторияны барып көрді. Мекеме «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде салынған. Амбулатория заманауи медициналық жабдықтармен жарақтандырылған және оның құрамына төрт керуеттік күндізгі стационар да кіреді, бұл тұрғындарға сол жерде сапалы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Ұлттық жоба аясында Шығыс Қазақстан облысында үш жылда осындай 36 нысан салу жоспарлануда, бұл ауылдық жердегі медициналық көмектің сапасы мен оған деген қолжетімділікті арттыруға септік етеді.
Министр сондай-ақ сәуле диагностикасы, кардиология, кардиохирургия, гематология және жілік майы трансплантациясын қамтитын Көпбейінді гематология орталығының құрылысымен де танысты. Орталық 146 керуетке есептелген және екі ангиограф, КТ мен МРТ-ны қоса алғанда заманауи медициналық жабдықтармен жабдықталған.
Сапар барысында Ақмарал Әлназарова сондай-ақ көпбейінді «Онкология және хирургия орталығына» да барды. Мұнда жыл сайын 3000-нан астам хирургиялық оталар жасалады, соның 60%-ы кіші инвазиялық әдіспен орындалады. Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облыстық мамандандырылған медицина орталығының жұмысымен де танысты.
Министр өңірдің медициналық инфрақұрылымын дамытудың маңыздылығын атап өтті.
«Шығыс Қазақстан облысындағы медициналық нысандарды жаңғырту және жақсарту – азаматтарымыздың денсаулығы мен әл-ауқатының кепілі. Әр адамның тұратын жеріне қарамастан сапалы медициналық көмекке қолжетімділігі болуы өте маңызды»- деді ведомство басшысы.