«Қарашаңырақ» қоғамдық бірлестігінің директоры Тұрар Саттарқызының айтуынша, ұлттық салт-дәстүрімізді насихаттайтын арнайы заң керек. Өйткені бейәдеп қылықтар көрсетіп, қазақтың ұлттық киімдері мен аспаптарын құрметтемейтіндер көбейген. Әрі ұлттық иедологияны мемлекеттік деңгейде жүзеге асыра отырып, келер ұрпаққа ата-баба жолын насихаттау қажет.
«Біздің мемлекетке ұлттық идеология керек. Өкінішке қарай, бас ұстаным болатын дүние болмай тұр. Киіз үйімізді қорлап жатыр. Сәукелені киіп, жалаңаштанып билеп жатыр. Төл теңгемізді де таптады. Алматының түнгі клубында ұлттық киімді киіп алып, билеп жүргендерді көрдік. Өкінішке қарай өзге емес, өз ұрпағымыз осыны істеп жатыр. Сондықтан бұл бассыздықты тоқтату керек. Біз, керісінше, ұлттық киімдерімізді насихаттайтын мұражай ашып, жарнамалауымыз керек. Салт-дәстүрді «ширк» дейтіндер бар. Бірақ бұл дұрыс емес. Ата-бабамыз ненің дұрыс, ненің бұрыс екен о бастан айтып түсіндіріп кеткен» – деді қоғам белсендісі.
Тұрар Саттарқызының айтуынша, қазақтың бала тәрбиесіне қатысты 50-ден астам дәстүрі бар. Сол қағидаларды қоғамға түсінікті тілде жеткізіп, мектеп бағдарламаларына да енгізу қажет. Белсенді балабақшалар мен оқу орындарына барып дәріс оқығанда, кей жастардың дәстүрден хабарсыз екенін айтады.
«Жоғары жақтан ұлттық идеологиямыз осылай қорғалады. Біздің ұлттық идеямызды, домбырамызды, ұлттық киімдерімізді қоралуға ешкімнің құқығы жоқ деп айтуы керек. Негізі ұлттық дәстүрімізді қорғайтын арнайы заң керек. Біз салт-дәстүрімізді тек Наурызда көрсетуді қоюымыз керек. Формальдылықты доғаруымыз қажет. Қазақтың қаншама дәстүрі бар. Соның барлығын мына келер ұрпаққа көрсетіп, әрі қарай жалғастыруды ойлайық. Қазақ тілінің де мәселесі маңызды. Қазір жастарымыз бізден де ақылды. Оларға дұрыс жолды көрсету – біздің міндетіміз» – деді ол.
Қоғам белсендісі еліміздегі отбасылық құндылықтардың дұрыс насихатталуына алаңдайды. Жыл басынан бері 18 мың отбасының шаңырағы шайқалып, ажырасуына тура келген. Қоғамдағы күйіп тұрған мәселені шешу үшін қазақтың тәләм-тәрбиесі мен азаматтық жауапкершілікті арттыру аса маңызды.