ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Сүйіндік Алдашев, Бекбол Орынбасаров және Маңғыстау атом электр комбинаты БН 350 қондырғысының радиациялық қауіпсіздік бөлімінің инженері Азамат Құлбековпен бірге «Өзенмұнайгаз» қызметкерлерімен кездесті. Бұл туралы Қоғамдық коммуникация орталығы хабарлайды.
Ел көшін өрге сүйреп жүрген ел азаматтары Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың мақұлдауымен 6 қазанда елімізде АЭС салу мәселесіне қатысты өтетін республикалық референдумның маңызы мен міндеттерін айтты. Елімізде уақыт өткен сайын электр энергиясына деген тапшылықтың артуына байланысты, өндіріс ошақтарының үздіксіз жұмыс істеп тұруы үшін электр энергиясының аса қажет фактор екеніне тоқталып өтті.
Азамат Құлбеков аталмыш сала маманы ретінде атом электр станциясы жайында жан-жақты түсінік беріп, экономикалық, экологиялық тиімділігін жеткізді.
Жиын барысында қатысушыларды толғандырып жүрген сұрақтары мен пікірлері тыңдалды.
Сенат депутаты Бекбол Орынбасаров 6 қазанда өтетін референдумда таңдау жасау әр азаматтың өз еркінде екенін айтып, белсенді қатысуға шақырды.