ҚР Энергетика министрлігі елді мекендерді газдандыру бойынша жұмысты жалғастыруда. 2024 жылғы 15 наурызда Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке жыл соңына дейін 300 мыңнан астам адамды газбен қамтамасыз етуді және 1 700 км газ құбырларын жаңғыртуды жүргізуді тапсырды. Бұл туралы altyalash.kz хабарлайды Энергетика министрлігі баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында Үкімет жергілікті атқарушы органдарға “Самұрық-Қазына” АҚ қорынан 145 газбен жабдықтау жобасын іске асыруға 105 млрд. теңге көлемінде қосымша қаражат бөлу туралы шешім қабылдады.
2024 жылдың қорытындысы бойынша елді газдандыру деңгейін 61,8% жеткізу жоспарлануда, бұл 369,0 мыңнан астам адамды немесе 140 елді мекенді газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. (2024 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша деңгей 60% – ға жетті немесе 20 млн.адамның 12 млн. адамы газбен жабдықтауға қол жеткізе алады).
2025 жылға газдандыру деңгейін 62,1% жеткізу жоспарланған, бұл 55 мыңнан астам адамды немесе 21 елді мекенді көгілдір отынмен қамтамасыз етеді.