Мемлекет басшысына Қордың биылғы бес айдағы жұмыс қорытындылары және орта мерзімді кезеңге арналған даму жоспары туралы есеп берілді.
Президентке Қор жобалары ұжымдық әлеуметтік жауапкершілік аясында жылына шамамен 1 миллион қазақстандыққа қолдау көрсететіні жөнінде баяндалды. Бұдан бөлек, «Таза Қазақстан» жалпыхалықтық экологиялық акциясы шеңберінде ел аумағы бойынша 5 миллион көшет егу көзделген. Бұл ретте 2024-2025 жылдары 5,8 миллион ағаш отырғызылған. Жалпы, 2023-2026 жылдар аралығында 856 миллиард теңгеге 100-ден аса әлеуметтік жоба жүзеге асырылған.
Нұрлан Жақыпов биыл қазан айында Қосшы қаласында NVIDIA B300 базасындағы жаңа суперкомпьютерді іске қосу жоспарланғанын айтты. Жаңа кластер жұмыс істей бастаған соң «Қазақтелеком» портфелдік компаниясындағы суперкомпьютер қуаты төрт есе артады. Бұл еліміздің жасанды интеллект, деректерді өңдеу және өнімі жоғары есептеуіш саласындағы мүмкіндіктерін айтарлықтай кеңейтуге мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы Қордың негізгі жұмыс бағыттары, соның ішінде басты инвестициялық жобаларды уақтылы іске асыру бойынша бірқатар міндет жүктеді.
