Жеңіл автокөлік жасайтын елдердің рейтингінде Қазақстан соңынан санағанда «төртінші орын» алды. Еліміз Ресей ғана емес, Өзбекстанға да жол берді. Ал сарапшылар ел Үкіметі «отандық көлік» деген бүркеншік атпен Ресей, Корея, Қытай автоөнеркәсібін бюджеттен қаржыландырып жатқанын айтып, дабыл қағып келеді.
Ішкі автонарықтың үш дерті
Ресми статистика көңіл қобалжытарлық бірнеше жайтты аңғартады. Біріншіден, елдегі автопарк тоқтаусыз тозып барады. Ал ескі-құсқы көлік санының шектен тыс артуы экологиялық ахуалды нашарлатады, жол қауіпсіздігіне үлкен қатер төндіреді. ІІМ дерегінше, биылғы 8 айда жол апатының саны (8 307) былтырдан 10,2%-ға, ал зардап шеккендер саны 11,2%-ға өскен. ЖКО салдарынан 10 947 адам дене жарақатын алды және 1 258 адам қайтыс болды.
2020 жылдың қорытындысында Қазақстанда автопарктің орташа жасы 20,7 жылға дейін ұлғайды. «ҚазАвтоӨнеркәсіп» автомобиль саласы кәсіпорындары одағының сарапшылары ішкі істер органының мәліметіне сүйеніп, елдегі автокөлік құрылымына талдау жүргізді.
«Жеңіл автокөліктер паркінің құрылымы елде көнерген техниканың басым екенін куәландырады: автопарктің жартысына жуығының (1,88 миллионының не 49,9%-ының) жасы 20 жылдан асып кеткен. 11 жылдан 20 жылға дейінгісі – 801,3 мың (21,3%), 8-10 жыл толғаны – 447,2 мыңдай (11,9%), 6-7 жылдығы – 312,3 мың (8,3%). Нәтижесінде, елдегі жаңа автомобильдер саны тым аз қалды: 3-тен 5 жыл аралығындағысы – 154,7 мың немесе бар-жоғы 4,1%. Ал 0-ден 2 жылғысы – 166,9 мың бірлік немесе 4,4% ғана», – деп хабарлады «ҚазАвтоӨнеркәсіп» ұйымы.
Екіншіден, Қазақстандағы «темір тұлпардың» көбі «мәстектер», яғни арзанқол, сапасы нашар өнімдер. І орында ресейлік Lada тұр: барлық жеңіл көліктің 720 мыңдайы, бестен бірі (20%) соның еншісінде! ІІ орында Toyota: үлесі 13,8% не 518,8 мың. Содан кейін Volkswagen (7,7%, 290,5 мың), Audi (5,7%, 214,9 мың), Mercedes-Benz (4,9%, 186 мың) дегендей жалғасып кете береді. .
Үшіншіден, Қазақстанда жеңіл көліктер саны күрт азайды. Бұл жөнінен республика 10 жыл бұрынғы көрсеткішіне дейін құлдырап кетті. Ұлттық статистика бюросының ресми дерегінше, 2011 жылы республикада 4 млн 66,2 мың жеңіл автомобиль болыпты. 2012 жылы оның саны – 4 млн 169 мың, 2014 жылы – 4 млн 533,7 мың, 2018 жылы 4 млн 342,1 мың бірлікті құрады. Енді қараңыз: 2021 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша елде тіркелген жеңіл автомобильдердің саны небәрі
3 млн 833,3 мың болды. Яғни, кейінгі 7 жылда 700 мыңнан астам қазақстандық көліксіз қалған.
Көліксіз қазақстандықтар көбейді
Бұл ретте Қазақстан халқының саны осы 7 жылда 17 млн 397 мың адамнан 19 млн 29,5 мыңға немесе 1,6 миллионнан астам адамға өскенін ескерген жөн. Демек, жүргізушілердің қатары үнемі толығып жатыр. Олардың бәрі «темір тұлпарды» тақымына басқысы келеді. Алайда отандық нарықта қалыптасқан күрделі жағдай, утиль-алым мен кедендік баждың шектен тыс үлкендігі, сөйтіп шетелден арзандау, сапалы көлік әкелуге тосқауыл қойылуы, аты отандық, заты импорттық «Қазақстанда құрастырылған» көліктердің қымбаттығы бұған мүмкіндік бермейді.
Сарапшылардың айтуынша, 2016 жылдан бастап утилизациялық алым енгізілгелі халықтың автомобиль сатып алу көрсеткіші күрт құлдырай жөнелді. Мұны әлгінде келтірілген ресми статистика растайды. Өкінішке қарай, бұл теріс тренд жалғасып келеді: жыл сайын сатып алынатын жаңа көліктер саны орта есеппен 300 мыңға кеміп отырады.
2021 жылы Қазақстанның автомобильденуі 100 тұрғынға шаққанда небәрі 19 жеңіл автокөлікті құрады. Бұл тіпті 10 жыл бұрынғы көрсеткіштен нашар: статорганның мәліметінше, бізде автомобилизация деңгейі әр 100 тұрғынға шаққанда 2011 жылы – 20,3, 2012 жылы – 21, 2014 жылы – 22, 2015 жылы – 20,8, 2017 жылы – 20,2, ал 2020 жылы19 жеңіл көліктен келді.
Салыстырсақ, Беларусьте 100 тұрғынға кем дегенде 34 көліктен тиеді. Қазақстандықтардың әл-ауқаты белорустардан төмен болғаны ма?
International Organization of Motor Vehicle Manufacturers ұйымының жеңіл автокөліктер өндіретін елдердің 2021 жылғы рейтингінде Қазақстан 39 елдің соңына қарай, 35-орын алды. Қазақстан Ресейге де, Өзбекстанға да жол берді. Үштікке Қытай (биылғы І тоқсанда 5 млн автокөлік шығарған), Жапония (1,9 млн), Үндістан (1,1 млн) кірді.
2021 жылғы 8 айда Қазақстанда 47,5 мың жеңіл автомобиль құрастырылған. Бұл былтырғы ұқсас кезеңдегіден 26,9% көп. Оның басым көпшілігі – 30,8 мыңы Қостанай облысында, 16,8 мыңы Алматы қаласында құрастырылған. Тұтастай алғанда, 2020 жылы елде 65,1 мың жеңіл көлік «жасалыпты».
Отандық өндіріс сұранысты өтемейді
Өз кезегінде Energyprom сарапшылары басқа бір алаңдатарлық үрдісті байқады: «отандық өндірістегі» автомобильдер санының өскеніне қарамастан, олардың ішкі сұранысты өтеу көрсеткіші күрт құлдыраған: «қазақстандықтардың жеңіл автомобильдерге деген сұранысын қамтамасыз етудегі жергілікті компаниялардың үлесі бір жыл бұрынғы 60,2%-дан 2021 жылы 46,3%-ға дейін төмендеді». Мұндай жағдайда Үкіметтің шетелден жаңа көліктерді әкелуге кедергі жасауын түсіну қиын.
2021 жылы Қазақстанның автомобильденуі 100 тұрғынға шаққанда небәрі 19 жеңіл автокөлікті құрады. Бұл тіпті 10 жыл бұрынғы көрсеткіштен нашар: статорганның мәліметінше, бізде автомобилизация деңгейі әр 100 тұрғынға шаққанда 2011 жылы – 20,3, 2012 жылы – 21, 2014 жылы – 22, 2015 жылы – 20,8, 2017 жылы – 20,2, ал 2020 жылы 19 жеңіл көліктен келді.
Азаматтар утилизациялық алымның және кедендік алым-салықтың алапат көлеміне қарамастан, бәрібір шетелдік көліктерді әкелуді қалайды. Тиісінше, биыл импорттың үлесі 53,7%-ға дейін артты: халық жыл басынан бері шетелден 47,3 мың автомобиль әкелген. Бұл өткен жылғыдан 2,2 есеге көп!
Қазір Instagram-да «машина» деп сұрау салсаңыз, оны әлемнің кез келген түкпірінен айдап әкеп беретіндерге жолығасыз (арасында алаяқтары жетерлік). Шымкент тұрғыны Айбек отандастарымыздың шетелдік аукциондарды да игеріп жатқанын айтады: «Интернет арқылы көлікті АҚШ, Германия, басқа елдердің сақтандыру аукциондарынан арзанға сатып алады. Біз оны әртүрлі жолмен, кейде шашылған күйде контейнерлермен алып келеміз», – дейді ол.
Тәуелсіз автобизнес одағының басқарма төрағасы Берік Зайыровтың байламынша, ішкі автонарықта көлік тапшы болып тұр. Автосалондар алдағы бірнеше айға тапсырыс қабылдап, клиенттерді кезекке тұрғызып жатыр.
«2020 жылы елімізде жасалды делінген автомобильдердің жергілікті үлесі бар-жоғы 30% болған, бұл автоөнеркәсіп емес, отверткамен жинау ғана. Ендеше бізде өндіріс жоқ. Біздің пікірімізше, бұл мәселеде еш айқындылық та жоқ. Бизнестің белгілі бір субъектілеріне жағдай жасалған», – дейді одақ басшысы.
Бұл жағдай қарапайым қазақстандықтарды көлікті айналма жолмен сатып алуға итермелейді. Олар сомасы бірнеше миллион теңгеге дейін баратын утиль-алымды және кедендік бажды төлемеу үшін шетелдегі автосалонда сатып алған «темір тұлпарын» сол елдің азаматының атына тіркейді. Кеден одағына кіретін Ресейде, Арменияда осындай схемаларды ұсынатын делдалды табуға болады.
Бір ғажабы, бұл схеманы тек қарапайым халық қана емес, шенеуніктер, квазимемлекеттік сектор қызметкерлері, ректорлар мен орынбасарлары және олардың жұбайлары кең қолданатын болып шықты. Өйткені осы санаттағы адамдар жалпы саны 497 мың жеке тұлға биыл табыс декларациясын тапсырды. Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Жайдар Іңкәрбаевтың мәлімдеуінше, осы қатардағы 1 030 жеке тұлға 49 шет мемлекетте жекеменшігінде 1 198 көлігі барын салықшыларға жария еткен. Оның көбі – 292-сі Ресейде, 235-і – Арменияда, 221-і – Жапонияда, 162-сі Германияда тіркелген. Ашығын айтқанда, бұлар Ресей мен Арменияда тіркелгенімен, шынында еліміздің жолдарында жүйткіп жүр.
«Көшелерімізде ресейлік және армяндық нөмірі бар көліктердің қаптап кеткені билікті ойға қалдырмай ма? Мұның астары айқын көрініп, тіпті бетке ұрып тұр. Бұл елдегі көлік саласындағы саясаттың дұрыс емесін аңғартса керек. Неге кенеттен Ресейде, өзге елдерде автомобильдер Қазақстандағыдан анағұрлым арзан болып шыға келді? Біз Еуразиялық одаққа кірдік, барлық мүше елде баға бірдей болуға тиіс дегені қайда?» – дейді қоғам белсендісі, блогер және колумнист Рүстем Жансейітов.
Еріккеннен емес, тарыққаннан…
Қынжылтатыны сол, бастапқыда шетелден тасқындаған ескі-құсқы автокөліктердің легін тоқтату үшін енгізілген утилизациялық алым бүгінде су-жаңа көліктердің келуіне белсенді тоспа құрған. Азаматтар конвейерден жаңа ғана түскен, яғни 20 жылдай еркін жүріп-тұратын көлік үшін дәл қазір не үшін кәдеге жарату салығын төлеуі тиістігін түсінбейді.
Автоәуесқой Нариман Темірбек қолындағы азын-аулақ қаражатқа арзандау көлік алғысы келетін азаматтарды биліктің сергелдең шырғалаңына, алаяқтардың тұзағына итермелейтінін айтады.
«2,5 литрлік агрегаты бар Toyota Camry седанын шетелден әкелсем, «Оператор РОП»-қа 1 млн 458 мың теңге утиль-алым, ал бастапқы тіркеуге қою үшін бюджетке 5,7 миллион теңге кедендік баж бен салық төлейді екенмін. Сондықтан амалсыз, ресейлік азаматтың атына жалған жолмен тіркелген көлікті қолдан сатып алуға тура келді. Бірақ ПТС (көлік құралының паспортын) немесе көліктің ресейлік нөмірі белгісін жоғалтып алсам, қалпына келтіру мүмкін болмайтын көрінеді», – дейді ол.
Әлеуметтік желіде пікір білдірген азаматтар кереғар жағдай қалыптасқанына налиды. Көлік сатылатын кез келген шетелдік порталға кірсеңіз, бағалары біздегіден 100-150%-ға арзан. Айталық, 7-8 орындық Chevrolet Traverse кроссоверінің бағасы Германияда 12 млн теңгеден (23 мың еуро), ал Қазақстанда 25 миллион теңгеден басталады. 2021 жылы Германиядағы орташа жалақы 4 035 еуро болды, ал Қазақстанда бұл көрсеткіш (251 508 теңге) 400 еуродан сәл асты, яғни он еседей төмен. Ендеше логика қайда?
P.S.
Үкімет «отандық» автоөнеркәсіпті қолдау ісіне серпін бермек. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі меморгандарға шетелдік көлікті сатып алуға тыйым салатын жаңа Үкімет қаулысының жобасын әзірледі. Бұл тәжірибе бұған дейін қолданылған. Бірақ 2019 жылғы 26 шілдедегі Үкімет қаулысының күші биылғы 26 шілдеде аяқталды. Әрі ол тек жеңіл көлікке қатысты болды. Жаңа құжат меморгандар мен ұйымдарға шетелдік жеңіл автомобильді, автобусты, жүк көлігін, ауыл шаруашылығы және арнайы техниканы сатып алуға тыйым салмақ. Тек Қазақстанда құрастырылғанымен шектеледі.
Елдос СЕНБАЙ
Дереккөзі: aikyn.kz