Халық санағының онлайн түрі 4 күннен кейін тоқтайды. 15 қазанға дейін қала тұрғындары қашықтан тіркеуден өтуіне болады. Бүгінде Алматы қаласы бойынша виртуалды санақтан тұрғындардың 27 пайызы өткен. Халық санағын ұйымдастырудағы мақсат – бұл демографиялық көрсеткіштерді нақтылауға мүмкіндік береді. Қайда және қанша жұмыс орнын құру керектігі, қанша тұрғын-үй, мектеп, балабақша, аурухана мен басқа да маңызды әлеуметтік нысандарды салу қажеттігін анықтауға көмектеседі.
Шырын Тіленшиева – Алматы қаласы статистика департаменті ұлттық халық санағына дайындық бөлімінің басшысы:
15 қазанға дейін еліміздің кез келген тұрғыны арнайы мамандандырылған sanaq.gov.kz сайтында және Aitu мобильді қосымшаларында, егов платформасында санақтан онлайн режимде өте алады.
Жалпы соңғы күндегі ақпарға сәйкес, ел азаматтарының 37 пайызы онлайн санақтан өтті. Көш басында Шығыс Қазақстан, Қызылорда және Жамбыл облысы тұр. Ал үй-үйді аралау арқылы жүзеге асатын дәстүрлі санақ жалғасып жатыр. Науқан 30 қазанға дейін созылады. Алматы қаласы бойынша қазір 66 мыңнан астам анкета толтырылған. Онлайн мен үйді аралау санағын қосқанда қаладағы респонденттердің көлемі 30 пайыздан асты.